Асық атып - көлік ұту: ұлттық спортқа қызығушылық артып келеді
25 қазанда Республика күніне орай Ақтөбе қаласындағы «Жекпе-жек» спорт сарайында асық атудан дәстүрлі «Respublica» республикалық ашық турнирі өтті. Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылған жарысқа еліміздің 19 өңірінен іріктелген 38 үздік спортшы қатысты. Биылғы турнирдің бас жүлдесі - автокөлік. Оны Ақтөбе облысының спортшысы Ғарышбек Құлыбек екінші жыл қатарынан жеңіп алды, деп хабарлайды AIT Media.
Турнирдің ашылу салтанатына қатысқан Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Олжас Құспеков ұлттық спортты дәріптеудің маңызы, асық атудың жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі және жарыстың болашақтағы даму мүмкіндіктері туралы ой бөлісті.
«Асық ату - халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен, дүниетанымымен біте қайнасқан ұлттық мұрамыз. Оның бойында дәлдік, ептілік, сабырлылық, табандылық сияқты қасиеттер жинақталған. Бұл - ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан тәрбие мектебі», - дейді депутат.
Оның айтуынша, ұлттық спортты насихаттау тарихи мұраны сақтаумен қатар, жас ұрпақтың төл мәдениетіне деген құрметін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ол үшін дәстүрлі спорт түрлерін жастарға қызықты әрі қолжетімді ету маңызды.
Асық атуды кейде «қозғалыстағы шахмат» деп атайды. Себебі спортшыдан мергендікпен қатар қарсыласының әрекетін болжау, ойын барысын бағалау және келесі қадамын алдын ала жоспарлау қабілеті де талап етіледі.
Депутаттың пікірінше, мұндай жарыстар адамды сабыр сақтауға, қысым жағдайында шешім қабылдауға және өз әрекетіне жауап беруге үйретеді. Сондықтан асық атуды дене дайындығы мен зияткерлік қабілетті қатар дамытатын ұлттық спорт ретінде қарастыруға болады.
Жастардың қызығушылығын арттыруда турнирдің форматы мен жүлде қоры да маңызды. Республика күніне орай ұйымдастырылатын «Respublica» турнирінде автокөліктің бас жүлде ретінде берілуі жарысқа деген назарды күшейтіп, спортшыларға қосымша ынта береді. Бұл бастама турнирдің өзіндік дәстүріне айналып келеді.
«Жастардың ұлттық спортқа қызығушылығын арттыру үшін оның тартымдылығын да, бәсекелестік деңгейін де көтеру қажет. Қомақты жүлделер спортшыларға қосымша ынта беріп, асық атудың үлкен дайындықты, шеберлік пен табандылықты талап ететін спорт екенін көрсетеді», - дейді депутат.
Биыл Ғарышбек Құлыбектің екінші жыл қатарынан бас жүлдені иеленуі де - жоғары шеберлік пен тұрақты дайындықтың нәтижесі. Ол өткен жылы Шымкентте өткен жарыста да топ жарған. Осылайша, турнир тарихында екі рет автокөлік жеңіп алған алғашқы спортшы атанды.
Сонымен қатар Олжас Құспеков ұлттық спортты дамыту тек қомақты жүлделермен шектелмеуі керектігін атап өтті. Балалар мен жастарға жүйелі түрде жаттығуға мүмкіндік беру, жаттықтырушыларды қолдау және жарыстардың тұрақты өткізілуін қамтамасыз ету маңызды. Бұл ұлттық спортқа деген қызығушылықты ұзақ мерзімді әдетке айналдыруға ықпал етеді.
«Ұлттық спортты дамыту тек ірі қалалармен шектелмеуі керек. Өңірлерде де талантты спортшылар көп, олардың өз қабілетін республикалық деңгейде көрсетуіне жағдай жасалуы қажет», - деп есептейді депутат.
Биыл Ақтөбеде өткен турнирдің келесі жылы Арқалық қаласында ұйымдастырылатыны хабарланды. Жарыстарды әртүрлі өңірде өткізу жергілікті спортшылардың дайындығына серпін беріп, тұрғындардың ұлттық спортқа қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге бұл өңірлердегі спорттық бастамаларды дамытуға және ұйымдастырушылық тәжірибе жинақтауға ықпал етеді.
Турнирдің келешегі халықаралық деңгеймен де байланысты. Биылғы жарыстың құрметті қонақтары қатарында Малайзияның Сұлтан Идрис атындағы педагогикалық университетінің профессорлары Че Залина мен Мухаммад Фазлы Таиб Саерани болды. Олар желтоқсан айында Ақтөбеде өтетін асық атудан әлем чемпионатына Малайзия құрамасын алып келуге ниетті екенін білдірді. Шетелдік қонақтарға ұлттық спортты өз елдерінде дамытуға қолдау көрсету мақсатында асық жиынтықтары табысталды.
«Асық ату тек Қазақстанның мәдени мұрасы ғана емес, халықаралық деңгейде таныстыруға болатын спорт түрі. Болашақта Орталық Азия елдері арасында тәжірибе алмасып, бірлескен жарыстар өткізуге мүмкіндік бар. Мұндай қадамдар ұлттық спортты дамытуға да, халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға да қызмет етеді», - дейді Олжас Құспеков.
Депутаттың пайымынша, алдағы жылдары «Respublica» турнирінің ауқымын кеңейтіп, өңірлердегі спортшыларды қолдау және жастарды көбірек тарту маңызды.