USD 2.08
448.61
EUR 1.21
503.83
RUB 0.03
5.48
CNY 0.29
67.20
Калькулятор оценки благосостояния / Әл-ауқат деңгейін есептейтін калькулятор

Құрылтай депутаты әйелдер мен балаларды қорғау үшін цифрлық жүйе енгізуді ұсынды

photo_2026-10-21 17.00.14
Фото: instagram.com/aimaganova_a

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Айжан Аймағанова Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке депутаттық сауал жолдап, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды AIT Media.

Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтіліп, оның алдын алу тетіктері кеңейтілгенімен, қайғылы оқиғалар әлі де жалғасып жатыр.

Ол соңғы айларда қоғамды дүр сілкіндірген екі жағдайды мысалға келтірді. 13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлова пышақ жарақаттарынан қаза тапса, 23 қыркүйекте Астанада екі баланың анасы Жазира Адауованы бұрынғы жұбайы өлтірген.

Айжан Аймағанова қолданыстағы қорғау тетіктері зорлық-зомбылық жасалғаннан кейін ғана әрекет етпей, қауіпті алдын ала анықтауға бағытталуы керектігін атап өтті. Оның пікірінше, бұл үшін Қазақстанда қажетті құқықтық және цифрлық мүмкіндіктер бар, сондықтан жаңа әрі қымбат ақпараттық жүйе құру міндетті емес.

Депутат Ішкі істер министрлігіне үш ұсыныс жасады:

•⁠  ⁠жекелеген өңірлерде «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын әзірлеп, сынақтан өткізу;
•⁠  ⁠қауіп туралы сигнал түскен кезде полиция қызметкерлерінің әрекетін айқындайтын бірыңғай міндетті алгоритм бекіту;
•⁠  ⁠әрбір қауіп сигналы мен оған байланысты қабылданған шараларды автоматты түрде цифрлық тіркеу.

Айжан Аймағанованың айтуынша, бұл жүйе қауіп туралы әрбір сигнал бойынша кімнің, қашан және қандай шара қабылдағанын бақылауға мүмкіндік береді.

Депутат әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолда бар құқықтық және цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, зорлық-зомбылықтың алдын алу қажеттігін атап өтті.

Поделиться