Бажалар "өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам" екенін қашан түсінеді?!
29 қазаннан бастап "БАЖА" веб-сериалы толықметражды фильм ретінде үлкен экранға жол тартады. Жобаның ерекшелігін ескере отырып, ұйымдастырушылар көрермендерді фильмді жұбайымен, достарымен, әсіресе бажаларымен бірге келіп тамашалауға шақырады.
"БАЖА КИНОДА" - қазақ отбасындағы ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасты әзіл арқылы жеткізетін комедия. Фильмде өмірге келген бажалардың уақыт өте келе туған бауырдай жақын болып кететіні, бір-біріне әрдайым қолдау көрсететіні суреттеледі. Тіпті, "Бажаң барда ешқандай қиындық жоқ, бір-бірімізді ешқашан тастамаймыз" деген қағида олардың өз ережелерінің алғашқы бабына айналған.

Фильмнің негізгі идеясы - әзіл арқылы отбасылық құндылықтарды дәріптеу. Ал ерлі-зайыптылар үшін бұл фильм бір-бірін сөзсіз түсінудің өзіндік энциклопедиясына айналады.
Ер адамдар кейде әйелдерін өтірікпен алдап, жағдайдан оңай құтылып кетеміз деп ойлайды. Бірақ әйелдердің өтірікті де, жасалған қателікті де бірден сезіп қоятынын ескере бермейді.
Бұл жолы да Мұха, Баха мен Толик байқамай тағы бір қателік жасап қояды. Содан құтылу үшін өтірік ойлап табады. Ал әйелдері күмәндана бастағанда, ақталу үшін оған тағы өтірік қосуға мәжбүр болады. Осылайша бастапқыда жағдайдан шығудың оңай жолы болып көрінген өтірік бірінен соң бірі жалғасып, кейіпкерлерді одан сайын қиын жағдайға қалдырады. Енді олар отбасын сақтап қалу үшін алғаш рет шындықты айта ала ма?!
Фильмде бұдан бөлек, ерлі-зайыптылар мен туыстар арасындағы сыйластық, үйленгеннен кейінгі романтиканың азаюы, қаржылық қиындықтар, өтіріктен шаршау, жақындардың көңіліне қарау, отбасы мен балаға уақыт бөлу және ажырасуға дейін апаратын жанжалдар секілді өзекті тақырыптар қозғалады. Әзіл арқылы отбасылық өмірдегі қызық пен қиындықты көре аласыз.
"БАЖА КИНОДА" фильмін Sәlem Entertainment пен Bas Production ұсынады. Фильмнің жабық көрсетілімдері 2026 жылғы 25-28 қазан аралығында Шымкент, Астана және Алматы қалаларында өтеді. Ал 29 қазаннан бастап фильмді Қазақстанның барлық кинотеатрларынан тамашалауға болады.