Құрылтай депутаты пәтер мен көлікке қатысты сынға жауап берді
Құрылтай депутаты Наурыз Сайлаубай Құрылтай кулуарында журналистердің бюджет тапшылығы мен әлеуметтік төлемдерді қайта қарау жағдайында халық қалаулылары қызметтік пәтерлер мен автокөліктерден бас тартуға дайын ба деген сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Ait Media.
БАҚ өкілдері қазіргі экономикалық жағдайда басқа өңірлерден келген депутаттарды тұрғын үймен және көлікпен қамтамасыз етуге жұмсалатын шығындардың қаншалықты негізді екенін сұрады.
Наурыз Сайлаубай «Нұрсая» тұрғын үй кешенінен пәтер беру жеке басының артықшылығы емес, қызметтік қажеттілік екенін атап өтті. Оның айтуынша, Құрылтайдың 145 депутатының арасында еліміздің әртүрлі өңірінен сайланған, елордада жеке баспанасы жоқ өкілдер бар. Олардың жұмыс орнына жақын орналасуы өз міндеттерін жедел әрі тиімді орындауға мүмкіндік береді.
Депутат қызметтік автокөлікті пайдалану тәртібін де түсіндіріп, бұл ретте негізсіз шығындарға жол берілмейтінін айтты. Оның сөзінше, автокөліктер шақырту бойынша, тек қызметтік мақсаттағы А нүктесінен В нүктесіне дейінгі бағыттарда жүру үшін беріледі. Жол аяқталғаннан кейін көлік автопаркке қайтарылады және белгілі бір депутатқа тұрақты түрде бекітілмейді.