Жарқанаттар туралы не білеміз? Астанадағы жағдай және қызықты деректер
2026 жылдың наурыз айында елорда тұрғындары әлеуметтік желілерде жарқанаттардың үйлерге кіріп кету жағдайларының жиілегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ait Media. Бұл жағдай көпшілікті алаңдатып, Астана тұрғындары арасында үрей туғызды. Алайда жарқанаттар шынымен де қауіпті ме, әлде бұл негізсіз қорқыныш па?
Жарқанаттар – табиғаттың ерекше сүтқоректілері
Жарқанаттар – ұша алатын жалғыз сүтқоректілер. Дүние жүзінде олардың 1000-нан астам түрі кездеседі, ал Қазақстан аумағында шамамен 20 түрі тіршілік етеді. Бұрынғы ТМД елдерінде 40-қа жуық түрі таралған.
Олардың өлшемдері де әртүрлі: ең кішкентай түрлері небәрі 2 грамм болса, ірі түрлерінің қанат құлашы 1,7 метрге дейін жетеді. Сонымен қатар, жарқанаттар ұсақ сүтқоректілер арасында ұзақ өмір сүретіндердің бірі — кейбірі 20–30 жылға дейін тіршілік етеді.
Көпшілік оларды қорқынышты жануар ретінде қабылдағанымен, жарқанаттар негізінен адамға қауіпсіз және табиғат экожүйесі үшін маңызды тіршілік иелері болып табылады.
Экожүйедегі рөлі және табиғи маңызы
Жарқанаттар түнгі уақытта белсенді тіршілік етіп, мыңдаған зиянды жәндіктермен қоректенеді. Мысалы, ұзынқанатты жарқанаттардың 40 мыңға жуығы бір түннің ішінде 150 келіге дейін зиянды жәндіктерді жоя алатыны есептелген.
Осы арқылы олар табиғи тепе-теңдікті сақтап қана қоймай, ауыл шаруашылығына да айтарлықтай пайда әкеледі. Жарқанаттар зиянкестерді азайту арқылы әлем бойынша пестицидтерге кететін шығынды да қысқартады.
Астаналықтарды шулатқан жарқанаттар
2026 жылғы 27 наурызда елорда тұрғыны әлеуметтік желіде көршісінің үйіне жарқанаттың кіріп кеткендігі туралы жазба жариялаған. Автор енді москит торынсыз терезені ашпайтындығын айтты:
"Шынымен, Астанада жарқанаттар болуы мүмкін екенін білмеппін.
Көршілерге жарқанат кіріп кеткеннен кейін, мен енді москит торынсыз терезені мүлде ашпайтын болдым."
View on Threads
Пікірлер бөлімінде астаналықтар подъездерде, балкондарда, тіпті пәтер ішінде жүрген жарқанаттардың видеосы мен фотоларымен жаппай бөлісе бастады. Тұрғындар жануарлардың кешкі уақытта үйлерге кіріп кетіп, әсіресе балаларды шошытқанын жазған.
Соңғы жылдары жарқанаттардың қалада жиі пайда болуы құрылыс пен қаланың кеңеюіне байланысты. Олардың табиғи мекені тарылып, кейде олар тұрғын үйлерге жақындайды.
Сол себепті жарқанаттар кейде балкондарға, шатырларға немесе ғимарат қуыстарына кіріп, уақытша баспана ретінде пайдаланады. Кей жағдайларда олар ашық терезелер арқылы пәтерлерге де кіріп кетуі мүмкін.
Айта кетейік, мұндай жағдайлар бұған дейін де тіркелген. Мәселен, 2024 жылы маусымда және 2025 жылдың тамыз айында Астанада осындай оқиғалар болған. Сондай-ақ 2025 жылы Қызылорда мен Жезқазған қалаларында да жарқанаттардың тұрғын үйлерге кіріп кеткені туралы деректер тараған.
Жарқанаттардың мекендеу ерекшелігі
Жарқанаттар өздері ұя немесе тұрақты баспана салмайды. Олар әртүрлі табиғи және жасанды жасырын орындарды пайдаланады: үңгірлерді, шахталарды, жертөлелерді, шатырларды, ағаш қуыстарын, тіпті құдықтар мен ғимарат ішіндегі қуыстарды да мекендей алады. Күндіз олар осы жерлерде демалып, түнде қорек іздеуге шығады.
Жарқанаттардың зияны
Жарқанаттар кейбір аурулардың тасымалдаушысы болуы мүмкін, соның ішінде құтыру ауруы да бар. Дегенмен мамандардың айтуынша, бұл қауіп тек жануармен тікелей байланыс кезінде — әсіресе ұстап көру немесе тістеу жағдайында ғана туындайды.
Қалыпты жағдайда жарқанаттар адамнан қашқақтайды және агрессия көрсетпейді. Адамға өздігінен шабуыл жасау деректері тіркелмеген.
Сонымен қатар, түнгі уақытта терезелерді жабу және москит торларын пайдалану жарқанаттардың тұрғын үйлерге кіріп кету қаупін айтарлықтай төмендетеді.