Бақытжан Базарбек: жаңа құрылыс нормаларында автотұрақ талаптары күшейтілуі тиіс
Парламент депутаты Бақытжан Базарбек тұрғын үй құрылысына қатысты автотұрақ инфрақұрылымын реттеу талаптарын күшейту қажеттігін айтты, деп хабарлайды Ait Media.
Оның сөзінше, қазіргі таңда көпқабатты үйлерде көлік санының артуы бірқатар инфрақұрылымдық мәселелерді туындатып отыр.
Депутаттың айтуынша, әр отбасында кемінде бір автокөлік бар, ал кейбір отбасыларда 2–3 көлікке дейін кездеседі. Осыған байланысты тұрғын үйлерді жоспарлау кезінде көліктерді қоятын тұрақ орындарының жеткіліктілігі міндетті түрде ескерілуі тиіс.
«Кей жерлерде көліктер паркингке қойылады, ал кей жерлерде аулаға шығарылады. Аулаға қою өрт қауіпсіздігі талаптарын күшейтуді қажет етеді. Өрт сөндіру техникасы кез келген жағдайда аулаға еркін кіріп, көліктерге кедергісіз жетуі тиіс», – деді депутат.
Сонымен қатар ол құрылыс саласындағы талаптарды заңнамалық деңгейде нақтылау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, енді құрылыс компаниялары нысанды толық дайын емес жағдайда пайдалануға бере алмайды.
«Егер тұрғын үй кешенінде паркинг болмаса немесе ол көлік санына жеткіліксіз болса, мұндай нысан қабылданбауы тиіс. Тіпті паркинг бар болған күннің өзінде, ол тұрғындардың нақты көлік санына сәйкес келмесе, үй пайдалануға берілмеуі керек», – деді ол.
Депутаттың пікірінше, автотұраққа қатысты талаптар толық орындалмаған жағдайда тұрғын үйді yқабылдау рәсімі жүргізілмеуі тиіс.