«Ажырассаң мүлкіңе таласады»: Шавкат Рахмоновтың бұрынғы жұбайы неке шарты туралы айтты
Қазақстандық танымал спортшы Шавкат Рахмоновтың бұрынғы жұбайы Гүлайым Рахмонова ажырасқанға дейінгі неке шартына қатысты жағдай туралы айтып берді, деп хабарлайды Ait Media.
Бұл туралы ол журналист Руслан Өтепбайдың YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты.
Гүлайым Рахмонованың сөзінше, Шавкат Рахмонов ерлі-зайыпты болып жүрген кезде неке шартын жасауды ұсынған. Яғни, ажырасу жағдайы туындаса, мүлікке байланысты даулы мәселелер болмауы үшін алдын ала келісім жасауды қалаған.
Оның сөзінше, бұл әңгіме алғашында наурыз айындағы демалыстан кейін көтерілген.
«Наурыз айында демалысқа барып келдік, кейін сәуір айында брачный договор жазып бер деген әңгімелерді айта бастады. Мен “менде ешнәрсе жоқ қой” деймін. Басында күліп, мән берген жоқпын. Кейін “Сен маған бір бизнес ашып бер, не үйді бер, біз тұрып жатқан. Мен саған брачный договор берейін” дедім», – деді ол.
Гүлайым сондай-ақ, бұл жағдайға қатысты қалай шешім қабылдағанымен бөлісті.
«Мүмкін, бір әңгіме болған шығар, анасының немесе бауырларының арасында “ажырассаң дүниеге таласады” деген сияқты. Барлық отбасыда ондай әңгімелер болатын шығар деп ойлаймын. Сол үшін құлағым тыныш болсын деп, неке шартын жазып бердім», – деді ол.
Айтуынша, келісім шартқа сәйкес, кімнің атында қандай мүлік тіркелсе, ажырасу жағдайында сол адамда қалады деген талап болған.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстандық танымал файтер Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонова ажырасатынын мәлімдеп, спортшыны балаларынан бас тартты деп айыптаған еді.