Қатыгездік пе, әлде надандық па? Зообақтағы аңдарға тас лақтырған адамдардың әрекеті желіде қызу талқылануда
Шығыс Қазақстан облысындағы зообақтардың бірінде түсірілген видео желіде қызу талқылануда, деп хабарлайды Ait Media. Аталған видео 2026 жылдың 11 сәуірінде әлеуметтік желіге жүктелген.
Кадрлардан келушілердің вольердегі жыртқышқа тас лақтырып жатқанын көруге болады. Алдымен бір ер адам тас лақтырса, кейін оның әрекетін тағы бір ер адам қайталайды. Жанында тұрған бала ересектерге қарап, сол қылықты қайталауға тырысып, жерден тас іздей бастайды.
Видео авторының айтуынша, мұндай жағдайлар биологиялық орталық аумағында жиілеп кеткен. Ол бұл әрекеттердің жануарларға зиян келтіріп қана қоймай, балаларға теріс үлгі болатынын атап өткен.
Желі қолданушылары да бұл жағдайға бейжай қарамады. Пікірлерде көпшілік ересектердің әрекетін қатаң сынға алып, «мұндай адамдардың өздерін торға қамау керек», «балалар дәл осындай мысалдан қатыгездікке үйренеді» сынды пікірлер қалдырған. Кейбірі кінәлілерді жауапкершілікке тартуды талап етсе, енді бірі қоғамдағы жануарларға деген қатыгездіктің артып бара жатқанына алаңдаушылық танытқан.
Аталған жағдайға қатысты Абай облысының Полиция департаменті пікір білдірді:
«Абай облысының Полиция департаменті биологиялық орталық аумағында тіркелген дерек бойынша оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тексеру жүргізуде.
Қазіргі уақытта бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп, ықтимал куәгерлер анықталып, олардан жауап алынуда.
Қатысы бар тұлғалар анықталғаннан кейін олардың әрекеттеріне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес құқықтық баға беріліп, тиісті процессуалдық шешімдер қабылданады.
Абай облысы Полиция департаменті азаматтарды қоғамдық тәртіп нормаларын сақтауға және жануарларға жауапкершілікпен әрі гумандық тұрғыда қарауға шақырады.»
Айта кетейік, Қазақстанда жануарларға қатыгездік көрсетуге заңмен тыйым салынған. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.