Лаура Вайгорова — «Жұрттың балалары»
«Жұрттың баласы» деген сөзді естісек, бала күнімізден таныс бір көрініс көз алдымызға келеді. Әдетте, бұл - «Пәленшенің баласына қарашы…» деп басталатын ата-ананың әңгімесі. Бірі сабағын жақсы оқиды, бірі тәртіпті, енді бірі өнерлі.
Бірақ «жұрттың баласы» деген ұғымның біз білетін осы бір қалжыңы мен сынға толы мағынасының астарында басқа бір мән бар. Біздің қоғамда қарап бой түзейтін, еңбегімен көпке үлгі болатын адамдар аз емес.
Абай атамыздың:
«Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз…»
деген өлең жолдарында айтылғандай біз қоғам мұндай тұлғаларға Абай айтқандай, «ондай болмақ қайда?» деп емес, «мен де осылай жасай аламын» деп қараса дейміз.
«Жұрттың балалары» - дәл сондай жандардың тарихын баяндайтын рубрика. Мұнда біз олардың жетістігімен қоса, сол жетістікке апарған жолын да сөз етеміз. Бәлкім, бүгін біз «жұрттың баласы» деп әңгімелеп отырған кейіпкеріміздің жолын оқып, біреу өз арманын қайта қолға алар. Біреу «оның қолынан келсе, менің де қолымнан келеді» деп өзіне сеніп, алғашқы қадамын жасар.
Ал бүгін біздің сіздерге таныстырғымыз келіп отырған «Жұрттың баласы» - Лаура Вайгорова.
Қысқаша биография
Лаура Вайгорова - SmarTestPrep EdTech платформасының негізін қалаушы, кәсіпкер әрі қоғам белсендісі. Он жылдан астам уақыттан бері білім беру саласында еңбек етіп, оқушылар мен студенттерге сапалы білім алуға, халықаралық бағдарламаларға қатысуға және әлемнің жетекші университеттеріне түсуге жол көрсетіп келеді.
Лаура - жеті тіл білетін полиглот. Қазақ, орыс, ағылшын, испан, түрік, итальян және француз тілдерін меңгерген. Сонымен қатар Forbes Kazakhstan басылымының колумнисі.
- Туған жылы: 1995 (31 жаста)
- Туған жері: Шығыс Қазақстан облысындағы Георгиевка (қазіргі атауы Қалбатау) ауылы
- Отбасы: Әкесінен жастайынан айырылып, анасы мен әжесінің қолында өскен. Бүгінде Лаура тұрмыс құрған.
- Білімі: Назарбаев Зияткерлік мектебі (Семей)
- Тілдер, лингвистика және әдебиет саласындағы өнер бакалавры (Наразрбаев Университеті)
- Мемлекеттік саясат магистрі (Назарбаев университеті)
Ауылдан басталған арман
Лаураның балалық шағы Шығыс Қазақстан облысындағы Георгиевка (қазіргі атауы Қалбатау) ауылында өтті. Лаура әкесінен ерте айырылды. Әкесі дәрігерлердің қателігінен өмірден озған соң, ол анасы, әжесі, атасы мен үлкен әжесінің ортасында өсіп, ер жетеді. Бір шаңырақтың астындағы бірнеше буынның тәрбиесін көріп өскен Лаура үшін отбасы өмірге деген көзқарасы қалыптасқан алғашқы мектебі болды.
Әсіресе үлкен әжесінің орны бөлек еді. Ұстаз болып еңбек еткен әжесі кішкентай Лаураның білімге деген қызығушылығын ерте оятты. Өлең жаттатты, кітап оқуға баулыды, үлкендердің алдында ойын еркін жеткізуге үйретті. Бала күнінен дастархан басында үлкендерге сөз сөйлеп, тілек айтатын Лаураның көпшілік алдында өзін еркін ұстауы да осы тәрбиеден бастау алған.
Ауылда өскен баланың арманы да үлкен еді. Лаура бала күнінде шет тілдерді меңгеріп, синхронды аудармашы болуды армандаған. Кейін сол ауылдың қарапайым қызы әлемнің үздік оқу орындарына жол тартып, халықаралық білім беру мен технология саласында өз жобасын қалыптастырды. Бірақ оның үлкен сапары ең алдымен ауылдағы шағын үйден, отбасының тәрбиесінен және «білім алсаң, алдыңнан талай есік ашылады» деген сенімнен басталған еді.
Білім - әлеуметтік лифт
Лаура үшін білім әрдайым өмірді өзгертетін ең үлкен мүмкіндік болды. Өзі де бала күнінен білімді адамның алға жылжуына жол ашатын «әлеуметтік лифт» деп қабылдағанын айтады. Бұл ұстаным оның кейінгі өмір жолынан да анық көрінеді.
Лаура Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алды. Бұл жаңа орта оған жаңа мүмкіндіктердің есігін ашты. Әсіресе шет тілдеріне деген қызығушылығы осы кезеңде тереңдей түсті.
Жоғары білім таңдауына да халықаралық орта әсер етті. Бір кездесуде Лаура Сингапурдан келген жастармен танысып, олар оның ағылшын тілін меңгеруін жоғары бағалайды. Жаңа таныстары оған Сингапурдағы Йель университетінің колледжіне түсуге көмектесуге дайын екендерін айтқан. Осы ұсыныстан кейін Лаура шетелде білім алу мүмкіндігін қарастыра бастайды.
Алайда сол кезде кәмелет жасқа толмаған Лаураға оқу орны талап еткен қамқоршыны табу мүмкін болмады. Осылайша шетелдегі оқу жоспары кейінге қалды.
Бірақ бұл жағдай оның білімге деген ұмтылысын тоқтатқан жоқ. Лаура Назарбаев Университетіне түсіп, оқу барысында халықаралық бағдарламаларға белсенді қатысты. Университет қабырғасында жүрген кезінде АҚШ-қа екі рет академиялық алмасу бағдарламасымен барып, шетелдік білім беру жүйесімен жақынырақ танысты.
Қызығы, Лаура университетте оқып жүріп, шетелдік оқу орындарына түскісі келетін басқа қазақстандық жастарға да кеңес беріп, құжаттарын дайындауға көмектесе бастады.
Алғашында бұл жай ғана өз білгенімен бөлісу еді. Кейін біртіндеп үлкен іске айналды. Лаураның шетелдік университеттерге түсу жолындағы тәжірибесі мен жастарға көмектесуге деген ниеті уақыт өте келе кәсіпке ұласты.
Осылайша ауылдағы қыздың бала күнгі «білім арқылы өмірімді өзгертемін» деген сенімі бірте-бірте басқа жастарға да мүмкіндік беретін іске айналды. Кейін бұл жол SmarTestPrep платформасының құрылуына алып келді.
5 мың теңгеден басталған идея
Осы білім жолында Лаура өмірлік жолдасын да кездестірді. Екі жастың алғаш танысуына да университеттегі ортақ орта себеп болды.
Уақыт өте келе Лаура мен Мейрамның жолы тек отбасылық өмірде емес, кәсіби бағытта да тоғысты. Екеуі 2018 жылдан бастап шетелдік жоғары оқу орындарына түскісі келетін қазақстандық жастарға көмектесе бастады.
Олардың ең алғашқы қадамы - ОЛХ-тан 5 мың теңгеге Instagram парақшаны сатып алудан басталды. Ол кезде парақшада 10 мыңға жуық жазылушы болған. Бірақ дайын бренд жоқ, тіпті Canva-да жасалған логотипте платформаның сутаңбасы тұрған.
Екеуі парақшаның атауын өзгертіп, талапкерлерге шетелдік университеттерге түсуге қажетті ақпарат беріп, оларды емтиханға дайындауға кіріскен. Алғашында барлық жұмысты Лаура мен Мейрам өздері атқарды: талапкерлермен сөйлесті, оқытты, құжаттарын дайындауға көмектесті.
Уақыт өте келе оларға жүгінетін жастардың саны көбейді. Команда да өсе бастады. Пандемия кезінде Лаура мен Мейрам Microsoft Education, ClassDojo сияқты цифрлық сервистерді пайдалана бастады. Бұл олардың табысын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік берді. Осы кезеңде олар білім беру қызметін технология арқылы автоматтандыру туралы ойлана бастады.
Нәтижесінде университет таңдау жүйесін және халықаралық емтихандарға дайындық курстарын бір платформаға біріктіру туралы шешім қабылданды. Ал 2021 жылы SmarTestPrep платформасы іске қосылды.
Платформа талапкерге жай ғана дайындық курсын ұсынбайды. Оның жүйесі талапкердің бейініне қарай белгілі бір университетке түсу мүмкіндігін бағалап, әлсіз тұстарын көрсетеді. Мысалы, IELTS нәтижесін жақсарту, ұсыныс хатымен жұмыс істеу немесе басқа да көрсеткіштерді күшейту қажет болуы мүмкін. Сонымен қатар университеттерді Dream, Target және Safety санаттарына бөліп, талапкердің мүмкіндігіне қарай оқу орындарын таңдауға көмектеседі.
Бүгінде платформа базасында Еуропа, Азия және АҚШ-ты қоса алғанда, 5 мыңға жуық университет туралы ақпарат бар. Ал Лаура мен Мейрамның 2018 жылы бастаған шағын ісі мыңдаған талапкерге шетелдік білімге жол көрсететін EdTech жобаға айналды.
Мүмкіндік іздеген жол
Лаураның кәсіби жолы білім берумен ғана шектелмейді. Ол бірнеше жылдан бері халықаралық ұйымдармен және жаһандық жобалармен жұмыс істеуді мақсат етіп, осы бағытта өзін дамытып келеді. Алғашқы талпынысы сәтсіз аяқталғанына қарамастан, уақыт өте келе Лаура Дүниежүзілік банкке сұхбаттасуға шақырту алды.
Бүгінде ол жолдасы Мейрам Жардаевпен бірге халықаралық деңгейдегі білім беру және технологиялық жобаларды дамытып келеді. 2026 жылы олардың SmarTestPrep стартапы Стэнфорд университетінің кәсіпкерлер қауымдастығы қолдайтын әлемдегі беделді стартап бағдарламаларының бірі - StartX акселераторына қабылданды. Ал жақында Лаура Орталық Азия, Кавказ, Моңғолия және Ауғанстанның жас кәсіби мамандарына арналған CAMCA Fellowship 2026 бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Лаураның кәсіби бағытының түп-тамырында өз басынан өткен тәжірибе жатыр.
Ауылда туып-өскен Лаура үшін дер кезінде келген бір мүмкіндіктің адам өмірін түбегейлі өзгерте алатыны жақсы таныс. Кезінде өзі қажетті ақпаратты іздеп, білім алу мүмкіндіктерін өз бетімен зерттеп, жолын біртіндеп қалыптастырса, бүгінде сол жолды кейінгі жастарға жеңілдетуге тырысып жүр.
Сондықтан оның білім беру саласындағы еңбегі - оқушыны шетелдік университетке дайындап қана қоймай, оған мүмкіндік беру, бағыт көрсету, өз күшіне сенуге үйрету және «менің де қолымнан келеді» деген сенім қалыптастыру.
Бәлкім, «жұрттың баласы» деген ұғымның біз айтқымыз келетін жаңа мәні де осында шығар. Біреудің жетістігіне қарап өзіңді кемсіту емес, оның жүріп өткен жолына үңіліп, «ол жасады, мен де талпынып көрейін» деп өзіңе мақсат қою.