USD 2.62
451.31
EUR 4.16
504.56
RUB 0.01
5.36
CNY 0.39
67.44

Асқар Ильясов — «Жұрттың балалары»

site_40
Фото: Ait Media

Адамның бүгінгі болмысы — кешегі жолының жалғасы. Біз кейде елге танылған адамдарды олардың бүгінгі биігінен ғана танимыз. Ал сол биікке жеткізген жолы, алғашқы арманы, өміріндегі кездейсоқ көрінген, бірақ тағдырын өзгерткен сәттері тасада қалып жатады.

«Жұрттың балалары» — сол жолға үңілетін рубрика.

Бұл жолы актер Асқар Ильясовтың өткенін еске алып, оның үлкен экранға дейінгі жолына бірге көз жүгіртпекпіз.

 

Қысқаша биография

Асқар Ильясов — танымал қазақстандық театр және кино актері. Ол 1996 жылы 22 ақпанда Астана қаласында дүниеге келген. Қазіргі уақытта отандық және ТМД киноиндустриясындағы ең сұранысқа ие жас әртістердің бірі. 

Асқар Ильясов «Бизнесмены», «Алтын Орда», «Тренер», «Эпидемия», «Нулевой пациент», «Паралимпиец», «Престиж», «Комбинация» сынды жобалардағы сан қырлы рөлдері арқылы көрерменге кеңінен танылды. Ол әр рөл сайын өзіне жаңа талап қойып, актерлік мүмкіндігін кеңейтіп келеді.

Ал биыл Асқар «Паша» сериалындағы басты рөлі үшін «Пилот» фестивалінде «Үздік актер» атанды.

  • Туған жылы: 1996 жыл, 22 ақпан (30 жас)

  • Туған жері: Астана 

  • Отбасы: Әкесі — инженер-механик, анасы — бастауыш сынып мұғалімі. Асқар — отбасындағы үш ұлдың үлкені. Інілері — Ансар және Алдияр. 

  • Білімі: Борис Щукин атындағы театр институты, Валентина Николаенконың шеберханасы. 2017 жылы тәмамдаған.

 

Әуежай маңындағы шағын ауылда өткен балалық шақ

«Менің балалық шағым аэропорттың жанындағы кішкентай ғана ауылда өтті. Бесқабатты үйлер, мектеп, балабақша — сол жердің бар дүниесі осы еді».

Асқар Ильясовтың балалық шағы Астанаға жақын, әуежай маңындағы шағын ауылда өтті. Оның отбасы үшін әуежай жай ғана жұмыс орны емес, күнделікті өмірдің бір бөлігі еді. Өзінің айтуынша, әкесі, анасы, ағайын-туыстарының көбі осы жерде еңбек еткен.

«Тек мен аэропортты мақсаты бойынша пайдаланамын», — деп әзілдейді актер.

1996 жылы дүниеге келген Асқар отбасындағы үш ұлдың тұңғышы болды. Әкесі инженер-механик, анасы бастауыш сынып мұғалімі еді. Ал өнерге деген алғашқы қызығушылығын байқаған — анасы. Ол Асқардың қызығушылығын қолдап қана қоймай, кішкентайынан кітап оқуға баулыды. Болашақ актер бала күнінде Эдуард Успенскийдің шығармаларын сүйіп оқыған.

Асқардың балалық шағындағы есте қалған көріністердің бірі де театрмен байланысты. Анасы ауруханада жатқанда, ол сарғыш түсті ұзын дәліздерде «Бауырсақ» пен «Үйшік» ертегілерінің мәтіндерін жаттайтын. Ал сахна қызметін анасы палатадан шығарып берген орындықтар атқаратын. Сол қарапайым көріністер бала Асқардың өнерге деген алғашқы қызығушылығын аңғартқандай.

Асқар төртінші сыныпқа дейін Астана қаласындағы №24 мектепте оқыды. Анасы сол жерде мұғалім болды, ал әкесі кезінде осы мектепте білім алған. Кейін №17 мектепке ауысқан.

13 жасында Асқар досының шақыруымен Астана қаласындағы (сол кездегі Ақмола қаласындағы) М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайындағы «Современник» театрына келеді. Театрға алғаш кірген сәт Асқардың есінде ерекше сақталған. Оны жаңа орта жылы қабылдап, сахна әлемі өзіне бірден ұнаған.

«Мен театрға келгенде, маған бәрі ұнады. Мені өте жылы қабылдады. Ол жерде тіпті бөлек өмір бар сияқты еді», — дейді актер.

Сол кезден бастап Асқардың қызығушылығы бірте-бірте әуестікке, әуестігі арманға айналды. Жетінші сыныпқа дейін сабағын жақсы оқыған ол кейін бар уақытын театрға арнай бастайды.

«Содан кейін мен толықтай театрға кеттім. Мектептен есімде қалған соңғы нәрсе — дискриминант», — деп күледі ол.

Арманын қағазға түсірген бала

Мектептің соңғы жылдарына келгенде Асқар Ильясов болашақ мамандығын анықтап қойған. Ол актер болғысы келді. Алайда, өзінің айтуынша, бұл жаңалық ата-анасы үшін күтпеген шешім болған. Өйткені олардың Асқарға қатысты өз жоспарлары бар еді.

Анасы баласының география пәнін жақсы көретінін байқап, оны болашақта осы пәннің мұғалімі ретінде елестетті. Оның ойынша, Асқар педагогикалық институтты тәмамдап, мектепте сабақ беріп, 35 жасында Астанадағы ең жас мектеп директорларының бірі болуы керек еді. Асқардың өзі де анасының сол арманын кейін әзілмен еске алып, бір күні кинода жас мектеп директорын ойнағысы келетінін айтқан. Бірақ өмір оның жолын мүлде басқа арнаға бұрды.

10-сыныпқа келгенде Асқар актер болуға түпкілікті бекінді. Мақсаты да нақты еді — Мәскеудегі Борис Щукин атындағы театр институтына түсу. Оның актерлік мамандыққа деген қызығушылығының қалыптасуына театрдағы тәжірибесімен қатар, өзі сүйіп көретін әртістер де әсер етті. Солардың бірі — Щукин институтының түлегі Андрей Миронов. Оның өнеріне тәнті болған Асқар да осы оқу орнында білім алуды көздеді.

Ата-анасы ұлының бұл таңдауынан уақыт өте келе айнып қалар деп үміттенгенімен, оның ойы өзгермеді. Керісінше, ол мақсатына жету үшін дайындықты ерте бастады. Театр оқу орындарына түсу тәртібі туралы форумдарды зерттеп, бұрынғы талапкерлердің тәжірибесін оқыды. Қабылдау емтихандарына арналған репертуарын таңдауға шамамен тоғыз ай жұмсап, өлеңдер, мысалдар, прозалық үзінділер мен әндер дайындады. Тіпті бір форумда «Щукинге ақ шалбар киіп бармаңдар» деген кеңес оқып, оны да ескеріп қойғанын кейін күліп еске алады.

Асқардың сол кездегі арманының тағы бір айғағы — төсегінің үстінде ілулі тұрған үлкен ватман. Ол кейін оны «арман картасы» деп еске алады. А1 форматындағы қағаздың ортасында өзі үлгі тұтатын адамдардың суреттері тұрған. Бір бұрышында Щукин институты мен Ахтанов театры, түсірілім алаңы мен қызыл кілемдер бейнеленсе, басқа бөлігінде саяхат, әлемнің әйгілі қалалары, үй, көлік, отбасы туралы суреттер болған.

Асқар сол суреттерге күн сайын қарап, Мәскеуге түсу туралы оймен өмір сүрген.

«Бір күн де Мәскеуді ойлаусыз өтпейтін. Бір дұға сияқты еді», — деп еске алады актер.

Алайда Мәскеудегі оқуға түсу отбасы үшін қомақты қаражат еді. Оның үстіне бюджетке түсуге ешкім кепілдік бере алмайтын.

Асқардың айтуынша, әкесі «қазір жібермесек, кейін бізге мұны ешқашан кешірмейді» деген ойға келген. Ол ұлына мүмкіндік беруді жөн көріп, баласына батасын беріп шығарып салған.

Ал сапарға санаулы уақыт қалғанда күтпеген жағдай болған. Анасы үйдегі маңызды құжаттарды реттеп отырып, бірнеше жыл бұрын ашылған депозиттің сертификатын тауып алады. Оны кезінде Асқардың әкесі баласының оқуына арнап ашқан екен. Уақыт өте келе отбасы бұл қаражатты ұмытып кеткенімен, депозиттегі ақша өсіп, Мәскеуге жол жүруге жеткілікті сомаға айналған.

Асқар үшін бұл жай ғана қаржылық мүмкіндік емес, тағдырдың тосын сыйындай көрінді. Әкесінің бірнеше жыл бұрын баласының болашағы үшін жасаған қадамы арада уақыт өткенде оның арманына жетуіне жол ашты.

Асқардың грантқа түсуінің өзі де бір бөлек әңгіме. Мәскеуге жетіп, қабылдау емтихандарына қатысқан сәтте ол өзін өзге талапкерлермен салыстырып, алғашында сенімсіздікке бой алдырған. Алайда, алғашқы сынақтан-ақ оның өнері қабылдау комиссиясының назарын аударады. Болашақ ұстазы Валентина Николаенко Асқарды бірден үшінші кезеңге өткізген. Бірақ қабілетін мойындағанымен, оқу ақысын төлеу мәселесі шешілмегендіктен, грантқа түсу мүмкіндігі әлі де бұлыңғыр еді. Қазақстанға арналған арнайы квота да табылмады.

Бір кезеңде Асқар Щукин институтына түсу үмітінен айырылып, басқа оқу орнына ауысуды ойлайды. Алайда құжаттарын алу үшін институтқа қайта келгенде, Валентина Николаенко оны тоқтатып, сынақтарды жалғастыруға шақырады. Кейін Асқар өзінің үшінші кезеңге қайта қабылданғанын біледі. Ұстазының осы қадамы оның арманынан бас тартпауына себеп болды.

Қабылдау емтихандары бір айға жуық уақытқа созылды. Соңғы кезеңде қырық талапкердің отыз бесі ғана оқуға қабылдануы керек еді. Қаржылық мәселесі әлі шешілмеген Асқар грантқа ілігетініне сенбеген. Тіпті келесі жылы қайта тапсыруды да ойлап қойған.

Алайда грант иегерлерінің тізімі оқылғанда, Асқардың да есімі аталады. Алғашында мұны әзіл деп қабылдаған ол көп ұзамай өзі үшін мүмкін емес арманның орындалғанын түсінеді.

Асқар Валентина Николаенконың шеберханасында білім алу мүмкіндігіне ие болды. Осылайша, әуежай маңындағы шағын ауылда өсіп, бала күнінен театрға қызыққан Асқар Ильясовтың үлкен өнер жолындағы сапары басталды.

Сахнадан экранға

Щукин институтындағы оқу Асқар Ильясовтың кәсіби актер ретінде қалыптасуына жол ашты. Оқуын аяқтаған соң ол Мәскеу академиялық сатира театрының труппасына қабылданды. Ол кезде театрды Александр Ширвиндт басқарған. Жас актердің сахнадағы есте қалған рөлдерінің бірі — Уильям Шекспирдің «Асауға тұсау» спектакліндегі Петруччио бейнесі.

Алайда Асқардың шығармашылық жолы тек театрмен шектелмеді. 2019 жылы сахнадан кеткен соң, ол киноға көбірек көңіл бөле бастады. Экрандағы алғашқы жұмыстарының бірі «Джуна» сериалында болды. Онда актердің рөлі шағын еді: басына тақия киіп, ешкімен бірге тұрған кейіпкердің «Ата» деген бір ауыз сөзі ғана бар. Бірақ көлемі шағын болғанымен, бұл рөл оның кәсіби жолындағы алғашқы қадамдардың бірі ретінде есте қалды.

Кейін басқа жобада отбасын сағынған сарбаздың рөлін сомдады. Кейіпкер жақындарының суреттерін көрсетуі керек болғанда, Асқар қалтасындағы әмиянынан өзінің ата-анасы мен бауырларының фотосуреттерін пайдалануды ұсынған. Режиссер бұл ұсынысты қабылдап, актердің жеке өміріне қатысты шағын деталь экрандағы көрініске шынайылық қосқан. Алғашқы экрандық жұмыстарын көрген отбасы үшін де бұл ерекше қуаныш еді.

Театрдан кеткенімен, Асқар сахнамен байланысын үзген жоқ. 2024 жылы ол Айсұлу Әзімбаевамен бірге Иван Вырыпаевтың «Күн сызығы» («Солнечная линия») спектаклінде басты рөлдерді орындады. Қойылым Қазақстанның бірнеше қаласында көрсетіліп, шетелдік гастрольдерге де шықты. Бұл жұмыс актерге көрерменмен сахнада қайта қауышуына мүмкіндік берді.

Көрерменге танытқан рөлдер

Асқар Ильясовтың кино әлеміндегі тағы бір алғашқы тәжірибелерінің бірі — «Истребители: Последний бой» сериалы. Онда ол радистің шағын рөлін сомдап, «Бригада» сериалымен танылған актер Дмитрий Дюжевпен бір түсірілім алаңында жұмыс істеді. Бұл тәжірибе жас актерге кино өндірісінің тыныс-тіршілігін жақынырақ тануға мүмкіндік берді.

Ал көпшілікке кеңінен танылуына режиссер Ақан Сатаевтың «Бизнесмены» фильмі ықпал етті. Картинадағы басты рөлдердің бірін сомдаған Асқар осы жобадан кейін кәсіби ортада көбірек назарға ілікті. Оның актерлік мүмкіндігіне қызығушылық артып, болашағынан үміт күттіретін жас әртістердің бірі ретінде таныла бастады.

Асқардың фильмографиясындағы келесі маңызды жұмыстардың бірі — «Алтын Орда» тарихи сериалы. Бұл жобада ол Александр Устюгов, Сергей Пускепалис, Аружан Жазылбекова және Санжар Мәди секілді актерлермен бірге ойнады. Тарихи дәуірді бейнелеу үшін ауыр сауыт киюге тура келсе, түсірілім кезіндегі қатты жел мен суық жұмысты қиындата түскен. Соған қарамастан, актер бұл жобаны ерекше әсермен еске алады.

Футболға бала кезінен қызыққан Асқар үшін Данила Козловскийдің режиссерлік дебюті — «Тренер» спорттық драмасына қатысу да есте қаларлық кезең болды. Фильмдегі футболшылардың стадионға шығуға дайындалатын көріністерінің бірі оған өзін кәсіби футболшыдай сезінуге мүмкіндік берген. Актер түсірілім барысында Козловскиймен бірге жұмыс істеуді де жоғары бағалаған.

2019 жылы Асқар мистикалық детектив жанрында өзін сынап көріп, «Мертвое озеро» сериалына түсті. Бұл жобада ол Евгений Цыганов, Павел Табаков және Александра Ребенок секілді актерлермен бір алаңда жұмыс істеді.

Тарихи сериал, спорттық драма, мелодрама мен мистикалық детектив — Асқар Ильясовтың фильмографиясы жанр жағынан алуан түрлі. Әр жоба оның актерлік тәжірибесін толықтырып, жаңа кейіпкерлерді тануға мүмкіндік берді. Ал көрермен үшін бұл — бір ғана рөлмен шектелмей, әр туындыда әр қырынан көрінуге тырысатын актердің шығармашылық жолы.

Қазақстанға оралғаннан кейін

2019 жылдың жазында Асқар Ильясов Мәскеуден Қазақстанға оралды. Бұл шешім оның шығармашылық жолындағы жаңа кезеңнің басталуына айналды. Актерге отандық және ресейлік жобалардан ұсыныстар түсіп, оның фильмографиясы біртіндеп жаңа рөлдермен толыға түсті.

2022 жыл Асқар үшін бірнеше маңызды премьерамен есте қалды. Солардың бірі — постапокалиптикалық «Эпидемия» сериалының жалғасы. Бұл жобада ол өзгерген әлемде тіршілік етуге бейімделе алмай жүрген Эзиз есімді кейіпкерді сомдады.

Сол жылы актер «Хирург» фильмінде де басты рөлдердің бірін орындады. Кейіпкеріне дайындалу үшін ол 17 келі салмақ тастаған. Ал мамыр айында көрерменге нақты оқиғалардан шабыт алған «Нулевой пациент» сериалы ұсынылды. Асқар онда Элиста қаласындағы балалар ауруханасының дәрігері Кирсан Аюшевтің рөлін сомдап, Никита Ефремов және Павел Майков секілді актерлермен бірге жұмыс істеді. Бұл туынды актердің шығармашылық жолындағы маңызды белеске айналды. Оның өзі де «Нулевой пациентті» мансабындағы «дейінгі» және «кейінгі» кезеңді бөліп көрсеткен жоба ретінде бағалаған.

Алайда Асқар үшін ерекше орын алатын фильмдердің бірі — «Паралимпиец» спорттық драмасы. Картинада ол аяғынан айырылғаннан кейін өмірін қайта құрып, кәсіби спортқа оралуға ұмтылған спортшының бейнесін сомдады. Бұл рөл актерге эмоциялық тұрғыдан үлкен әсер еткен. Оның үстіне, фильмнің премьерасына ата-анасының қатысуы Асқар үшін айрықша сәт болды. 

«Паралимпиецтің» Асқар үшін маңызы тек басты рөлді орындаумен шектелмеді. Ол бұл жобаны шығармашылық топтың ортақ еңбегімен жүзеге асқан туынды ретінде бағалайды. Режиссер, оператор және продюсер үшін де толықметражды кино үлкен сынақ болған. Қаражат шектеулі болса да, команда фильмді аяқтап шықты. Асқардың өзі де бар күшін осы жұмысқа жұмсағанын атап өткен. Кейіпкердің тағдыры мен фильмнің түсірілу тарихы актер үшін бұл туындыны ерекше жақын еткен.

Кейінгі жылдары Асқар түрлі жанрдағы жобаларға қатысуын жалғастырды. «Лада Голд» сериалында ол Касым есімді кейіпкерді сомдады. Актер оның мінез-құлқы мен өмірге көзқарасының қалыптасуына ауыр балалық шағы әсер еткен деп есептеген. Кейіпкер жағымсыз образ болғанымен, Асқар оның тағдырына аяушылықпен қараған.

2024 жылы экранға «Престиж» сатиралық детективі шықты. Ондағы Камильдің рөлі актердің өзі үшін де ерекше мәнге ие болды. Түсірілім кезінде өмірінің күрделі кезеңін бастан өткеріп жүрген Асқар кейіпкердің мінезі мен оқиғадағы жағдайлар арқылы өзін де жаңаша тануға мүмкіндік алғанын айтқан.

Сол жылы көрермен назарына «Комбинация» сериалы ұсынылды. Асқар онда Гарри есімді продюсерді ойнады. Бұл — ойдан шығарылған кейіпкер, алайда көрермендер оның бейнесінен белгілі продюсер Бари Алибасовты танығандай болды. Ал Юрий Быковтың «Лихие» криминалдық драмасында актердің інісі Ансар да бой көрсетті. Ол алғашқы бөлімдерде Асқар сомдаған кейіпкердің жас кезін бейнеледі.

2025 жылы Асқар Ильясов Светлана Иванова және Евгений Стычкинмен бірге «Циники» сериалына түсті. Бірнеше жыл ішінде актер тарихи драмадан мистикалық детективке, спорттық фильмнен сатиралық сериалға дейін түрлі бағытта өзін сынап көрді.

Асқар Ильясов қазір

Асқар Ильясов шығармашылық ізденісін жалғастырып, кино мен театрдағы жұмысын қатар алып келеді. 2026 жылдың шілдесінде актер басты рөлді сомдаған «Паша» драмеди-сериалының көрсетілімі басталды. Жоба көрерменге жол тартпай тұрып-ақ фестивальдерде жоғары бағаланды.

«Пилот» сериалдар фестивалінде «Паша» үш марапатқа ие болды. Қазылар алқасының шешімімен Асқар Ильясов үздік актер атанса, оның экрандағы анасын сомдаған Юлианна Михневич үздік актриса деп танылды. Ал Антон Коломеец пен Евгения Тамахина сериалдың үздік сценарийі үшін марапат алды.

Киноға қоса, актер театр сахнасындағы жұмысын да жалғастырып келеді. Оның жаңа жобаларының бірі — Қазан қаласындағы МОН театрында әзірленіп жатқан қойылым. 

Үлкен өнерге ұласқан бала арман

Асқардың өмір жолы шағын ауылда, қарапайым отбасында басталды. Бір кездері әуежай маңындағы ауылда өсіп, мектепке барып, театрға қызығып жүрген баланың бір күні мыңдаған көрерменнің ықыласына бөленетін актерге айналарын ешкім білген жоқ. Оның үлкен өнерге апарар жолы да бірден ашылған жоқ: арманға сену, тәуекел ету, талай күмәннің арасынан өз таңдауын табу қажет болды.

Бүгінде Асқарды экраннан танимыз, рөлдерін талқылаймыз, жетістіктеріне қуанамыз. Ал оның өткеніне үңілсек, сол танымал актердің орнында кезінде болашағын енді ғана іздей бастаған баланы көреміз. Бүгінде Асқар алға ұмтылып, шығармашылық көкжиегін кеңейтіп келеді. Кеше ғана шағын ауылда театрға қызыққан бала бүгін үлкен экранда өз орнын тапты. Ал оның өнер жолы әлі талай жаңа рөлмен, тың ізденіспен толығатыны сөзсіз.

 

Асқар Ильясовтың фильмографиясы

2015

  • «Истребители. Последний бой»

2018

  • «Бизнесмены»

  • «Золотая Орда»

  • «Тренер»

2019

  • «Мёртвое озеро»

  • «Станция судьбы»

2020

  • «Три»

2022

  • «Время патриотов»

  • «Эпидемия-2»

  • «Нулевой пациент»

  • «Паралимпиец»

  • «Хирург»

2023

  • «Лада голд»

2024

  • «Престиж»

  • «Комбинация»

2025

  • «Циники»

2026

  • «Паша»

Поделиться