AIT Media

Разместите рекламу на AIT Media

Баннеры, спецпроекты и нативная реклама на заметных позициях сайта.

USD 0.16
471.77
EUR 1.18
547.25
RUB 0.01
6.60
CNY 0.00
69.35

«Жұрттың балалары» — Шыңғыс Дәулетбаев

Ait Media-ның жаңа «Жұрттың балалары» атты арнайы рубрикасына қош келдіңіз!

Screenshot 2026-04-27 093026
Фото: instagram.com/qazaqeli

Рубрика туралы

«Жұрттың балалары» — бұл халықты Қазақстандағы өз ісімен, еңбегімен, идеяларымен ерекшеленетін тұлғалармен таныстыратын арнайы жоба. Мұнда біз тұлғалардың тек жетістіктерін ғана емес, сол жетістікке апарған жолын, қиындықтарын, қателіктерін және шынайы тарихын көрсетеміз.

«Жұрттың баласы» деген ұғым қазақта жай ғана “біреудің баласы” деген мағынадан кеңірек қолданылады. Бұл — халықтың назарында жүрген, қоғамға үлгі бола алатын, еңбегімен танылған, елге пайдасы тиіп жүрген адам деген түсінікке жақын. Яғни бұл жерде әңгіме тек атақта емес, адамның қоғамдағы орнын, әсерін көрсету туралы.

Біздің мақсат — осындай адамдардың тарихын ашық, шынайы әрі түсінікті түрде жеткізу. Қоғам оларды тек нәтиже арқылы емес, олардың жолы арқылы да тануы керек. Бірінші шығарылымды біз Шыңғыс Дәулетбаевтан бастаймыз.

Неліктен алғашқы кейіпкер — Шыңғыс Дәулетбаев?

Себебі оның жолы — идеядан бастап халықаралық деңгейдегі стартапқа дейін жеткен нақты тәжірибе. Ол TrustMe экожүйесін құрып, инвестиция тартудың күрделі кезеңдерінен өтті, соның ішінде әлемге танымал инвестор Тим Дрейпермен келісімге келіп, $1 млн инвестиция тартқан. Мемлекеттік қызметтен бастап IT және медиа салаларына дейін тәжірибесі бар, бірнеше қиын кезеңдерден өтіп, қайта көтерілген, сондықтан ол бүгінгі жас кәсіпкерлерге нақты үлгі бола алатын тұлға.

Қысқаша биография

Шыңғыс Дәулетбаев – қазақстандық кәсіпкер, IT-стартаптар негізін қалаушы, CDM Production және TrustMe экожүйесінің авторы.

  • Туған жылы: 1987

  • Туған жері: Қызылорда қаласы, Қазақстан

  • Отбасы: дәрігерлер отбасында өскен, үйленген, екі ұлы мен екі қызы бар

  • Білімі:

    • Қазақ-Британ техникалық университеті (KBTU), менеджмент

    • Ұлыбритания, Oxford Brookes University – Human Resource Management (магистратура)

Балалық шағы

Шыңғыс Дәулетбаев 1987 жылы Қызылорда қаласында дәрігерлер отбасында дүниеге келіп, балалық шағын қарапайым, бірақ талап пен тәртіпке негізделген ортада өткізді. Шыңғыс мектепте оқып жүрген кезінде дәрігер болғысы келген. Алайда хирург әкесінің 3 сағат бойы науқасқа ота жасайтынын көріп, бұл мамандыққа денсаулығы жарамайтынын түсінді (жігіт сирек кездесетін сырқатқа шалдыққан).

ччч

Мектеп жасында ол мінезі ашық, бірақ өте бірбеткей бала болған. Өзінің айтуынша, ол бала кезінен-ақ әділетсіздікке бейжай қарай алмайтын. Біреудің құқығы бұзылса немесе дұрыс емес жағдай көрсе, үнсіз қалмай, өз пікірін ашық білдіретін.

Осы мінезі оны кейде қақтығыстарға да алып келген. Мектеп өмірінде ол белсенді, эмоцияға берілгіш және өз позициясын қорғай білетін оқушы болды. Бірақ дәл осы кезеңде оның бойында көшбасшылық қасиет, батылдық және жауапкершілікті өз мойнына алу қабілеті қалыптаса бастады.

Кейін отбасының Алматыға қоныс аударуы оның өмірінде маңызды өзгеріс болды. Ол бірнеше мектеп ауыстырып, әртүрлі ортаға тез бейімделуді үйренді. Жаңа адамдармен тез тіл табысу, стресс жағдайында өзін ұстай білу сияқты дағдылар дәл осы кезеңде қалыптасты.

Балалық шақтағы осы тәжірибелер оның кейінгі кәсіпкерлік жолына негіз болған алғашқы мінездік фундаментке айналды.

Бизнес әлеміне алғашқы қадам

Шыңғыстың кәсіпкерлік жолы мектеп жасынан басталған. Ол 2000-шы жылдары алғаш рет CD-дискілерге музыка жазып, шағын сату бизнесімен айналысты. Ол кезде көпшілікте компьютер де, интернетке қолжетімділік те бола бермейтін. Ал оның әкесі сол уақытта докторлық диссертация жазып жүріп, өзіне компьютер сатып алған.

Ол бұл мүмкіндікті пайдаланып түрлі сайттардан әндерді жүктеп алып, оларды CD-RW дискілеріне жазып, 250 теңгеден сатқан.

Алғашқы IT-жоба және сәтсіздік

2007 жылы Шыңғыс Дәулетбаев өзінің алғашқы IT-стартабын іске қосуға талпыныс жасайды. Жобаның идеясы – құрылыс материалдарына арналған маркетплейс құру, онда нарықтағы нақты әрі өзекті бағалар көрсетілуі тиіс болатын.

Бұл идея оның жеке тәжірибесінен туған еді. Құрылыс саласында жабдықтар мен материалдарды сатып алу кезінде ол жиі бір проблемамен бетпе-бет келетін: каталогта көрсетілген баға мен нақты нарықтағы баға сәйкес келмейді, ал кейде қажетті тауар мүлде қолда болмай шығатын.

Осы мәселені шешу үшін ол Алматыда, «Жасыл базар» маңынан кеңсе жалдап, іске кіріседі. Команда жинап, қызметкерлерді қаланың барлық базарлары мен сауда нүктелеріне жіберіп, құрылыс материалдарының кең ассортименті бойынша бағаларды қолмен жинайды. Мақсат – нарықты цифрландыру және бірыңғай база қалыптастыру.

Алайда негізгі қиындықтар техникалық кезеңде басталады. Платформаның IT-инфрақұрылымын жасау барысында тұрақты проблемалар туындайды: сенімсіз орындаушылар, кешіктірілген жұмыстар және уәдені орындамай кететін мердігерлер.

china

Жобаға шамамен бір жыл уақыт пен елеулі қаржы жұмсалғанымен, нәтиже MVP деңгейіне де жетпейді. Бірнеше рет команда ауыстырғанымен, жағдай өзгермейді – алғашқы орындаушылар ақшаны алып, байланыссыз жоғалып кетсе, кейінгілері де жобаны толық аяқтамай тоқтатады.

Нәтижесінде жоба жабылып қалады. Бұл тәжірибе оның технологиялық өнім жасау, команда құру және сенімді серіктестермен жұмыс істеу туралы көзқарасын түбегейлі өзгертеді. Осы сәтсіздіктен кейін ол оқуын жалғастыру үшін Англияға аттанып, магистратураға түседі.

«Болашақ» бағдарламасы және Ұлыбританиядағы оқу

2009 жылы Шыңғыс Дәулетбаев Қазақ-Британ техникалық университетін тәмамдап, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияға оқуға аттанады. Ол Oxford Brookes University университетінде MSc Human Resource Management бағдарламасы бойынша бір жыл білім алып, менеджмент саласында магистр дәрежесін иеленді.

Оның айтуынша, Ұлыбританиядағы білім беру жүйесі мүлде басқа қағидаға негізделген. Мұнда студенттерге тек ақпарат беру емес, ең алдымен екі негізгі дағдыны қалыптастыруға басымдық беріледі: ақпаратты дұрыс таба білу және оны терең талдай алу.

Осы бір жыл ішінде ол осы екі дағдыны терең меңгеріп, оны өміріндегі ең құнды тәжірибелердің бірі ретінде бағалайды.

Сол кезең оның өміріндегі тағы бір маңызды рухани бетбұрысымен сәйкес келеді. Шетелде жүріп ол исламға қайта бет бұрып, намаз оқи бастайды. Оның айтуынша, өмірге деген көзқарасы осы уақытта қайта қалыптасқан. Бұған дейін ол бірнеше рет өмір мен өлімнің шегіне жақын жағдайларды бастан өткергенін және 2002 жылдан бері ауыр формадағы С гепатитімен күрескенін айтады.

Меккедегі Қажылық

Ұлыбританиядан оралғаннан кейін Шыңғыс Дәулетбаев өзінің рухани тәжірибесін жалғастыра алмай қалам ба деген ішкі алаңдаушылық сезінеді. Себебі елге келген соң оның айналасындағы орта мен достары діни құндылықтарға онша жақын болмаған.

Осындай кезеңде ол өміріндегі ең маңызды рухани қадамдардың бірін жасайды – Меккеге қажылыққа аттанады.

Оның айтуынша, бұл сапар оның өміріндегі ең ерекше әрі ұмытылмас кезеңдердің бірі болды. Ол онда көптеген ерекше адамдармен танысып, ең бастысы – бұрын сезінбеген терең рухани серпілісті бастан өткерді.

Қажылық барысында ол ішкі жеңілдік пен тыныштықты сезінгенін айтады. Әрбір сәт ерекше мәнге ие болып, жүрегінде түсініксіз бір тазалық пен еркіндік пайда болғандай күй кешкен. Ол өзін өте жеңіл күйде, «қауырсындай» сезінгенін сипаттайды.

Оның айтуынша, қажылық – тек сапар емес, рухани тазару тәжірибесі. Сол кезде сезінген эмоциялар мен әсерлер өте терең болған: көз жасын тыя алмаған сәттер, ішкі тыныштық, және Жаратушымен жалғыз қалғандай ерекше күй.

Бұл тәжірибе оның өміріне ұзақ жылдарға жететін рухани қуат пен ішкі тұрақтылық сыйлаған.

Мемлекеттік қызмет

Шыңғыс Дәулетбаев конкурс арқылы өтіп, Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда министрлігінің макроэкономикалық талдау және болжау департаментінде бас сарапшы қызметіне тағайындалады. Жарты жыл ішінде ол басқару деңгейіне көтеріліп, сол бөлімнің басшысы болады.

Осы кезеңде ол өзінің кәсіби және жеке қасиеттерін тиімді пайдаланып, көлеңкелі экономиканы азайтуға бағытталған іс-шаралар жоспарын ілгерілетуге атсалысады. Бұл жұмыс басшылық тарапынан жоғары бағаланады.

2013 жылдың наурыз айында вице-министр оның экономика саласына қосқан үлесін атап өтіп, Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына енгізу тұжырымдамасымен жұмыс істеуді ұсынады. Осылайша ол Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті директорының міндетін атқарушы қызметіне тағайындалады.

Осы бағытта ол McKinsey & Company халықаралық консалтингтік компаниясымен бірлесе отырып, стратегиялық даму тұжырымдамасын әзірлеуге қатысады. Сонымен қатар Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасының дайындалуына да атсалысады, және бұл құжаттар ресми түрде бекітіледі.

Кейін ол екі жыл бойы «Хабар» агенттігінде стратегиялық даму департаментінің директоры қызметін атқарады. Бұл кезеңде оның кәсіби амбициялары айқын көрініп, мансаптық өсуге ұмтылысы күшейеді. Сонымен қатар ол телевизиялық өндіріс саласының ішкі процесін зерттеп, медианарықтың қалай жұмыс істейтінін терең түсіне бастайды.

CDM Production және медиа бизнес

2016 жылы Шыңғыс Дәулетбаев CDM Production компаниясын құрып, медиа және контент өндірісіне қадам жасайды. Бастапқыда ол жобаларды таныстарға тегін жасап, әлеуметтік және жарнамалық видеолар, телесюжеттер мен түрлі форматтағы медиаконтенттер шығарумен айналысты.

Осы кезеңде «Хабар» агенттігі үшін «Экономика» атты пилоттық бағдарлама әзірленіп, кейін ол эфирге шығып, «Халық экономикасы» деген атпен жалғасын тапты. Бағдарлама халыққа қаржылық сауат, экономика және күнделікті өмірге қажет практикалық тақырыптарды түсіндіруге бағытталды.

2017 жылдан бастап CDM Production мемлекеттік және коммерциялық тендерлерге қатысып, компания қарқынды өсім кезеңіне өтті. Ірі тапсырыстар көбейгенімен, нарықта бюрократиялық кедергілер мен қысым жағдайлары да кездесті.

Шыңғыс әрдайым коррупцияға қарсы қатаң ұстанымда.

TrustMe идеясының пайда болуы

2020 жылдың жазында Шыңғыс Дәулетбаев бұрынғы бизнес тәжірибесінде кездескен әділетсіз жағдайлар мен адал емес серіктестермен жұмыс тәжірибесін жеке проблема ретінде қабылдап, оны жаңа бағытқа айналдырады. Осы ойдың нәтижесінде TrustMe жобасы дүниеге келеді.

Ол адамдар мен компаниялар арасындағы сенімді арттыратын платформа құруды мақсат етеді. Жобаның негізгі идеясы — жұмыс берушілер, қызметкерлер және компаниялар туралы ашық әрі шынайы пікір алмасуға мүмкіндік беру.

Шыңғыс Дәулетбаевтың айтуынша, қоғамда адал адамдар көп, сондықтан дәл соларды көрсету маңызды. Платформа дамыса, сенімді мамандар мен жауапты бизнес өкілдері көбірек табысқа жетіп, ал сенімсіз қатысушылар нарықтан ығысады. Осылайша, жүйе әділдік пен ашықтыққа негізделген орта қалыптастыруға ықпал етеді.

dsc04291-2048x1365

2021 жылдың ақпан айында TrustMe ресми түрде Қазақстанда іске қосылды. Жоба бастапқы кезеңде-ақ тұрақты қолданушылар аудиториясын жинап, ай сайын сайтқа мыңдаған адам кіре бастады. Платформаның негізгі мақсаты — ауқымды экожүйеге айналып, болашақта халықаралық нарыққа шығу.

TrustContract – негізгі өнім

TrustMe экожүйесінің басты өнімі – TrustContract.

Ол келісімшарттарды онлайн қол қою жүйесі болып табылады және келесі мүмкіндіктерді ұсынады:

  • SMS арқылы қол қою

  • ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба)

  • eGov Mobile интеграциясы

  • WhatsApp және Telegram арқылы растау

  • Face ID тексеру мүмкіндігі

Бұл құрал бизнеске келісім процесін жылдамдатып, қағазбастылықты азайтуға мүмкіндік береді.

Астанадан Ташкентке дейін: TrustMe-дің халықаралық нарыққа шығуы

Уақыт өте келе өнім тек Қазақстанда ғана емес, көрші нарықтарда да сұранысқа ие бола бастады. Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан нарықтарында жүргізілген сынақтар келісімшарттарға қатысты мәселелердің аймақ бойынша ұқсас екенін көрсетті. Бұл тәжірибе команданы кеңеюге итермеледі.

Осылайша, TrustMe Өзбекстан нарығына шығу туралы шешім қабылдап, Ташкентте филиал ашты. Елдегі электронды келісімшарттарға қатысты қолайлы орта және IT Park ұсынған салықтық жеңілдіктер компанияның дамуына қосымша серпін берді.

Өзбекстандағы бағыт туризм, білім беру және жылжымайтын мүлік салаларында алғашқы клиенттерін таба бастады. Бұл нарықтағы сұраныстың бар екенін нақты көрсетті.

Қаржыландыру және даму

TrustMe стартабының негізін қалаушы Шыңғыс Дәулетбаев қаржыландыру процесін жүйелі түрде құрылатын ұзақ жол ретінде сипаттайды. Оның айтуынша, жобаға деген алғашқы инвестициялар жеке қаражат пен жақын ортадан басталып, кейін халықаралық деңгейдегі ірі инвестицияларға дейін өскен.

Жобаның бастапқы кезеңінде Шыңғыс Дәулетбаев өз қаражатынан шамамен 200 000 АҚШ долларын инвестициялаған. Бұл кезең TrustMe-дің алғашқы өнімдерін іске қосуға және нарыққа шығуға негіз болды.

Алғашқы ресми инвестициялық раундтар негізінен friends & family моделіне сүйенді:

  • 2021 жылы — 100 000 $ (6 инвестор, бастапқы 25 байланыстан)

  • 2022 жылы — 100 000 $ (шамамен 50 байланыстан 3 инвестор)

  • 2023 жылы — 100 000 $ (100+ байланыстан 2–3 инвестор)

Кейінірек компания акселерациялық бағдарламалар арқылы қосымша капитал тарта бастады. 2023 жылы Silkway Accelerator (Astana Hub және Google for Startups) бағдарламасынан кейін жобаға шамамен 200 000 АҚШ доллары инвестиция тартылды. Осы кезеңде стартаптың негізгі көрсеткіштері бірнеше есе өскен.

TrustMe халықаралық деңгейде де мойындала бастады: Digital Bridge және Кремний алқабындағы акселератор бағдарламаларында үздік стартаптардың қатарына кіріп, жаһандық нарыққа шығу әлеуетін көрсетті.

Screenshot 2026-04-23 124755

2023 жылдың соңында Шыңғыс Дәулетбаев ірі серпіліс жасады — ол әлемге танымал инвестор Тим Дрейпермен келісімге келіп, 1 000 000 АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартты. Бұл процесс бірнеше айға созылып, толық тексеріс (due diligence) кезеңінен кейін аяқталды.

Поделиться

AIT Media

Разместите рекламу на AIT Media

Баннерная реклама и спецпроекты для брендов и компаний.