USD 2.40
439.37
EUR 3.78
498.60
RUB 0.01
5.22
CNY 0.28
65.55

Дина Төлепберген – «Жұрттың балалары»

site_37
Фото: Ait Media

Кейде бір адамның жүріп өткен жолы тұтас бір буынға ой салады. Ал оның еңбегі мен таңдауы өзгеге өз жолын табуға түрткі болуы мүмкін.

«Жұрттың балалары» рубрикасы –  осындай жандардың өмір жолын, кәсіби қалыптасуын және қоғамға қосқан үлесін танытуды мақсат етеді. Біз олардың жетістігіне ғана емес, сол биікке жеткізген ізденісі мен еңбегіне де үңілеміз.

Бүгінгі шығарылымда көпшілікке танымал журналист, тележүргізуші әрі қоғам белсендісі Дина Төлепбергеннің кәсіби жолы мен өмірлік ұстанымдарына тоқталмақпыз.

Дина Төлепбергенді біз сонау «КТК» арнасындағы «Астарлы ақиқат» бағдарламасы арқылы жақсы білеміз. Қазақ тіліндегі бағдарлама прайм—тайм төрінен орын алып, отандық қазақтілді өнімнің көрермен сұранысына ие бола алатынын көрсетті. «Астарлы ақиқат» талай адамның қоғам назарынан тыс қалған мәселесін көпшілікке жеткізіп, кей жағдайда оны шешуге себепші болды. Жеке адамның жанайқайы эфир арқылы халыққа жетіп, тиісті органдардың назарын аударған сәттер де аз емес.

 Журналистиканы ақпарат жеткізудің ғана емес, қоғамдағы мәселені қозғап, оның шешілуіне ықпал ететін құрал ретінде қараған Дина Төлепбергеннің кәсіби жолы — бүгінгі шығарылымның өзегі.

Қысқаша биография

Дина Төлепберген – қазақстандық журналистикада өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған белгілі тележүргізуші әрі әлеуметтік жобалар продюсері. Шымкенттен басталған кәсіби жолын республикалық деңгейге жеткізіп, жиырма жылдан астам уақытын медиа саласына арнады. Бүгінде мол тәжірибесін жаңа медиа мен әлеуметтік бастамаларға бағыттап, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп келеді.

Туған жылы: 1984 жыл, 9 сәуір
Туған жері: Шымкент қаласы
Білімі: Шымкент қаласындағы №26 Жамбыл атындағы мектеп гимназиясын 2001 жылы «Алтын белгімен» бітірген.

М.О. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті 2007 жылы «Режиссура» мамандығы бойынша бітірген.

Қазақ, орыс, ағылшын, араб тілдерін меңгерген.

Отбасы: тұрмыста, екі баланың анасы

Бүгінгі бағыты: журналистика, медиа, продюсерлік және әлеуметтік жобалар

 Камера алдындағы алғашқы қадам

Кейде бір адамның кәсіби жолына үңілсеңіз, тұтас бір дәуірдің өзгерісін байқауға болады. Дина Төлепбергеннің журналистикадағы жолы да сондай. Шымкенттегі шағын телеарнадан басталған еңбек жолы республикалық эфирге, халықаралық сапарларға, әлеуметтік жобаларға және бүгінгі жаңа медиа кеңістігіне ұласты.

Дина Төлепберген 1984 жылы 9 сәуірде Шымкент қаласында дүниеге келген. №26 Жамбыл атындағы мектеп—гимназиясын «Алтын белгімен» тәмамдап, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің режиссура мамандығына оқуға түседі.

Тележурналистикаға деген қызығушылығы студент кезінен—ақ байқалады. 2002 жылы Шымкенттегі «Отырар» телеарнасында «Час без родителей» балалар бағдарламасының редакторы болып жұмысын бастайды. Кейін бұл телеарна оның кәсіби жолындағы алғашқы үлкен баспалдаққа айналды.

«Отырардан» Президент пулына дейін

Кәсіби ізденіс оны көп ұзамай Астанаға алып келді. 2005–2006 жылдары «Астана» телеарнасының жаңалықтар бөлімінде тілші болып, «Осы сағатта» бағдарламасын жүргізді. Ал 2006 жылы КТК телеарнасының Астана бюросына жаңалықтар қызметінің тілшісі болып қабылданды.

Осы кезеңде ол Қазақстан Президентінің журналистік пулына кіріп, арнайы тілші ретінде жұмыс істеді. Динаның өзі бұл кезеңді кәсіби жолындағы ең жауапты әрі күрделі жұмыстардың бірі ретінде еске алады.

13 жыл, 600 бағдарлама, 1500 сағат эфир

2011 жылдан бастап Дина Төлепберген  «Астарлы ақиқат» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі ретінде көрерменге кеңінен танылды. Ол жобаны 13 жыл бойы жүргізді. Өзінің кейінгі естелігінде журналист осы кезеңде 600 бағдарлама мен 1500 сағат эфир жасағанын айтқан.

«Астарлы ақиқаттың» ерекшелігі — қоғамда көп айтыла бермейтін, қордаланған мәселелерді ашық алаңға шығаруында еді. Тұқыртқан тұрмыс, алаяқтардың арбауына түскендер, отбасындағы түсініспеушілік, әлеуметтік түйткілдер мен жеке тағдырлар бағдарлама назарынан тыс қалмады. Жылап келген жанның мұңын тыңдап, қиналғанға көмек іздеп, күрмеуі қиын мәселенің шешімін табуға ұмтылған эфирлер мен Дина ханымның мәселенің мәнін дөп басуы көрермен жадында мәңгі қалды.

Әйел тақырыбы — эфирден тыс жалғасқан бағыт

«Астарлы ақиқаттағы» жылдар Дина ханымды түрлі тағдырлармен жүздестірсе, кейін бұл тәжірибе әйелдер тақырыбына тереңірек үңілуіне жол ашты. 

Бұл бағыттағы жұмыстың алғашқы қадамдарының бірі — 2015 жылы Алматыда өткен «Anashym» форумын ұйымдастыруға атсалысуы. Форумда ана мәртебесі, отбасы құндылығы, әйелдің қоғамдағы орны секілді мәселелер көтеріліп, әйелдерге қатысты маңызды тақырыптарды ашық талқылауға жол ашылды.

Кейін бұл бағыт жаңа форматтар арқылы жалғасын тапты. 2024 жылы «Din Dina Show» авторлық жобасында Дина Төлепберген танымал әйелдердің өмір жолы, бастан өткергендері мен таңдаулары туралы әңгімелейтін форматқа бет бұрды. Ал 2026 жылы журналист жаңа YouTube жобасы — «АҚИҚАТ» подкастын қолға алды. Подкастта ауыр әрі қоғамда ашық айтыла бермейтін тақырыптар қозғалады. Нақты адамдардың өмірі мен шынайы трагедиялары негізінде жыныстық тәрбие, зорлық-зомбылық, қауіпсіздік және жеке шекара мәселелері ашық талқыланады.

Осылайша телевизияда көтерілген әлеуметтік мәселелер жаңа медиада да жалғасын тапты. Әйелдерге қатысты қалыптасқан стереотиптер, бала тәрбиесі, жеке шекара, қауіпсіздік пен отбасындағы қарым-қатынас Динаның әлеуметтік желідегі контентінен де тұрақты орын алды. Ол өз парақшасын жеке өмірі мен кәсіби жаңалықтарын бөлісетін алаң ретінде ғана емес, қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеріп, аудиториямен тікелей пікір алмасатын кеңістікке айналдырды.

Мәселен, журналист қыз баланың тәрбиесіне қатысты қалыптасқан түсініктердің біріне қарсылық білдіріп, «Қыздарды үйде қонақ ретінде тәрбиелеу — фашизмнің белгісі» деп, қоғамдағы әйелдердің рөлін қайта қарауға шақырады.

«13 ақиқат»

Динаның әйелдер мен қыздардың қауіпсіздігіне қатысты жұмысы 2025 жылы жарық көрген «13 ақиқат» кітабымен жаңа арнаға түсті. Бұл — журналистің алғашқы кітабы. Еңбекте әйелдер мен қыздардың қауіпсіздігі, жеке шекара, жыныстық сауат, зорлық—зомбылықтың алдын алу, ана мен қыз арасындағы ашық диалог секілді тақырыптар қозғалады. 

Кітаптың «13 ақиқат» деп аталуы да кездейсоқ емес. Автордың айтуынша, қазақ қоғамында 13 жас — қыз баланың өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Сондықтан кітаптың негізгі өзегі де осы жаста қалыптасатын сенім, жеке шекара және өзін бағалау мәселелерімен байланысты. 

«Жеке жер» — күрделі тақырыпты бала тілімен түсіндіру

Дина Төлепберген балабақша мен бастауыш сынып оқушыларына жеке шекара ұғымын түсіндіру үшін «Жеке жер» атты ән де жазды.

Әннің мәтінінде балаға өз денесінің өзіне тиесілі екенін түсіну, қажет жағдайда «тоқта» деп айту және қауіп төнсе ата—анасына немесе мұғаліміне хабарлау қарапайым тілмен жеткізіледі. Осылайша ересектер арасында талқыланатын күрделі мәселе баланың қабылдауына бейімделіп, күнделікті тәрбие құралына айналды.

Бүгінде бұл әнді мұғалімдер мен ата—аналар балаларға жеке шекара мен қауіпсіздік туралы түсіндіру барысында қолданады.

 Спорттағы белес

Дина Төлепбергеннің кәсіби жолы бір ғана мамандықпен шектелмеді. Журналистика, радио, продюсерлік, авторлық жобалар, кітап және әлеуметтік контент — оның тәжірибесінде тоғысқан бірнеше бағыт.

Осы ізденістің бір бөлігі спортпен де сабақтасып келеді. Дина Төлепберген бірнеше жылдан бері жүзумен белсенді айналысып, бұл спортты өзінің өмір салтына айналдырды.

2019 жылы ол Италияда өткен Oceanman Lago d’Orta ашық суда жүзу жарысына қатысып, халықаралық деңгейдегі сайыста бақ сынады. Кейін жүзуге қызығатын жандарды біріктіретін #100juz челленджін қолға алды. Жоба арқылы ол жүзуге қызығатын адамдарды бір ортаға жинап қана қоймай, бұл спортты көпшілікке насихаттап, өз тәжірибесімен бөлісіп келеді.

Ал биыл Дина Төлепберген ашық суда жүзудегі бағытын жаңа қашықтықтармен жалғастырды. Oceanman Qapshagai—2026 жарысында жолдасымен жұп болып, 5 шақырым қашықтықты жүзіп өтті.

Күні кеше, 23 тамызда Босфор бұғазындағы дәстүрлі жүзу жарысына қатысып, 6,5 шақырымдық қашықтықты бағындырды.

Журналистикадағы қарқынын спортта да жалғастырып келе жатқан Дина Төлепберген үшін жүзу — жарысқа қатысудан бөлек, өзіне жаңа мақсат қойып, оны еңсерудің тағы бір жолына айналған.

Нағыз role model

Дина Төлепбергеннің кәсіби жолына қарасақ, оның бір ғана форматпен шектелмегенін көруге болады. Шымкенттегі шағын телеарнадан басталған еңбек жолы республикалық жаңалықтарға, Президент пулына, 13 жылдық тележобаға, авторлық бағдарламаға, кітапқа, әлеуметтік бастамаларға және жаңа медиаға ұласты.

Әр кезеңде оның аудиториясы да, көтерген тақырыбы да өзгеріп отырды. Бірақ журналистің негізгі ұстанымы сақталды — қоғам үшін өзекті мәселені елеусіз қалдырмай, оны көпшілікке жеткізу.

Бүгінде бір кездері Шымкенттегі телеарнадан бастаған жас журналистің өз аудиториясы, жеке медиа бағыты және қоғамдағы түрлі мәселелерді көтеретін платформасы бар. Ол бір саладан екіншісіне жай ғана ауысқан жоқ. Әр кезеңде жинаған тәжірибесін келесі қадамына алып, өзіне жаңа мүмкіндік ашып отырды.

Мүмкін, Дина Төлепбергеннің жолындағы ең маңызды сабақ та осында шығар. Өзіңді бір ғана мамандықпен, бір ғана жетістікпен немесе бір ғана рөлмен шектемеу. Іздену, қайта бастау, жаңа нәрсеге қадам жасау және жылдар бойы өзіңе қойған сұрақтарға жауап іздеу.

«Жұрттың балалары» үшін Дина Төлепбергеннің жолы — өз жолыңды қалыптастырудың үлгісі. Себебі экраннан көрінетін жетістіктің ар жағында жиырма жылдан астам еңбек, талай таңдау, сәтсіздік пен қайта бастау, жаңа нәрсеге деген қызығушылық және өзіне сену бар.

Бір кезде Шымкенттегі телеарнаға редактор болып келген жас қыздың бүгінде өз аудиториясы бар журналистке, авторға, продюсерге және жаңа жобаларға жол ашып жүрген тұлғаға айналуы — өз жолын өзгеден күтпей, өзі қалыптастырған адамның тарихы.

Дина Төлепберген — біз үшін дәл осының үлгісі. Өз жолыңды табу ғана емес, сол жолды жылдар бойы өзің қалыптастыруға болатынын көрсеткен тұлға.

Поделиться