USD 1.46
457.09
EUR 0.53
508.42
RUB 0.02
5.67
CNY 0.22
68.56
Калькулятор оценки благосостояния / Әл-ауқат деңгейін есептейтін калькулятор
Блог Новости
•

Тоқаев Республика күнін не үшін қайта жаңғыртты?

site_37 (1)
Фото: Ait Media

25 қазан - Республика күні мен 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні бірін-бірі қайталай ма? Бұл екі мерекенің тарихи мәні неде және олардың әрқайсысы Қазақстанның мемлекеттілік тарихында қандай орын алады? Дәл осы сұрақтарға Азамат Битан AIT Media-да өз пікірін білдірді.

Азамат Битанның айтуынша, бұл екі мереке бірін-бірі қайталамайды, керісінше, бірін-бірі толықтырады. Өйткені олар Қазақстанның мемлекеттілік жолындағы екі маңызды кезеңді білдіреді.

1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданып, елдің дербес мемлекет болуға бағытталған саяси қадамы жасалды. Ал 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданып, Қазақстан тәуелсіздігін жариялады.

Автордың пікірінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару бастамасының астарында осы тарихи сабақтастық жатыр. Себебі тәуелсіздікке қол жеткізу бір күнде жүзеге асқан жоқ. Оның артында талай жылға созылған елдік мұрат, азаттық жолындағы күрес пен күрделі саяси шешімдер тұр.

«Сондықтан 25 қазан - мемлекеттілігіміздің жаңғыруын, ал 16 желтоқсан - сол ұмтылыстың нақты нәтижесін білдіреді», - деп жазады Азамат Битан.

Оның айтуынша, екі мерекенің қоғамдағы мәні де әртүрлі. Республика күні мемлекеттілікті мақтан тұтып, ел болып жеткен жетістіктерді атап өтуге мүмкіндік береді. Ал Тәуелсіздік күні азаттықтың қадірін түсініп, сол жолда еңбек еткен, күрескен және құрбан болған азаматтарды еске алуға үндейді.

Автор бұл айырмашылықты жеке шаңырақ көтерумен салыстырады: адам алдымен өз алдына шаңырақ көтеруге бел буады, кейін оның іргесін қалап, түтінін түтетеді. Екі кезеңнің мақсаты ортақ болғанымен, әрқайсысының өзіндік орны бар.

Азамат Битанның пайымдауынша, тарихи күндердің мәнін ажырата білу қоғамның тарихи санасын қалыптастыру үшін маңызды. Мемлекеттің беріктігі шекарасы мен заңдарына ғана емес, азаматтарының өз тарихын білуіне және Тәуелсіздіктің бағасын түсінуіне де байланысты.

«25 қазан бізге мемлекеттіліктің мәнін ұғындырса, 16 желтоқсан сол мемлекеттіліктің ең қымбат құндылығы - Тәуелсіздік екенін еске салады», - деп түйіндейді автор.

Поделиться