AIT Media

Разместите рекламу на AIT Media

Баннеры, спецпроекты и нативная реклама на заметных позициях сайта.

USD 0.16
471.77
EUR 1.18
547.25
RUB 0.01
6.60
CNY 0.00
69.35

Зерттеу электрондық үкімет жүйесіндегі ЖИ қазақ тілінде әлсіз жұмыс істейтінін көрсетті

IMG_1763
Фото: Данна Сайм

Қазақстанда мемлекеттік цифрлық қызметтерді пайдаланатын қазақтілді азаматтар орыстілділермен салыстырғанда сапасы төмен әрі нақты емес ақпарат алады. Мұндай қорытындыға тәуелсіз зерттеуші Жаннат Бөбекбаева жүргізген зерттеу нәтижесінде келді, деп хабарлайды Ait Media.

Зерттеу eGov Mobile қосымшасындағы жасанды интеллект (ЖИ) көмекшісінің жұмысына арналған. Бүгінде бұл сервисті миллиондаған қазақстандық пайдаланады. Алайда зерттеу нәтижесі көрсеткендей, ЖИ жауаптарының сапасы қолданушының қай тілде сұрақ қойғанына тікелей байланысты.

Автор күнделікті мемлекеттік қызметтерге қатысты жеті бірдей сұрақты (жеке куәлік алу, жәрдемақы рәсімдеу, айыппұл есептеу және т.б.) алдымен орыс тілінде, кейін қазақ тілінде қойып салыстырған.

Нәтижесінде жүйелі айырмашылықтар анықталған.

Мәселен, айлық есептік көрсеткішке (АЕК) қатысты сұрақта орыс тіліндегі бот 3800 теңге деп қате жауап берсе, қазақ тіліндегі бот шамамен 73 мың теңге деп көрсеткен. Нақты мәні — 4325 теңге. Осылайша, қазақ тіліндегі жауапқа сенген азамат айыппұл мөлшерін шамамен 17 есе артық есептеуі мүмкін.

Сонымен қатар, орыс тіліндегі бот кей жағдайда Қазақстанға қатысы жоқ Ресей Федерациясының құжаттары мен сервистеріне сілтеме жасаған. Ал қазақ тіліндегі бот көбіне толық емес жауап беріп, маңызды ақпараттарды — қызмет құны, мерзімі сияқты деректерді жиі өткізіп жіберген.

Мысалы, жылжымайтын мүлікті тіркеу туралы сұраққа орыс тіліндегі бот нақты мемлекеттік алым мен рәсімдеу мерзімін көрсетсе, қазақ тіліндегі бот жалпы сипаттамамен шектеліп, тіпті басқа қызметке сілтеме берген.

Зерттеуде тіл сапасына да назар аударылған. Қазақ тіліндегі жауаптар көбіне табиғи емес, машиналық аудармаға ұқсас болып келген. Кей жағдайларда орыс тіліндегі қысқартулар қолданылған.

«Бұл жай ғана техникалық қателік емес. Азаматтарға айыппұл, мерзім немесе құжаттар туралы қате ақпарат беру олардың өміріне тікелей әсер етеді», — деп атап өтеді автор.

Зерттеуші бұл мәселенің жүйелі сипатқа ие екенін айтады. Қазақтілді қолданушылар мемлекеттік сервистерден жиі толық емес, дәлдігі төмен ақпарат алады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметтердің тең қолжетімділігіне қатысты сұрақтар туындатады.

Сондай-ақ зерттеу мемлекеттік цифрлық жүйелерді әзірлеу және сатып алу процесінде тілдік теңдік талаптарының жеткілікті деңгейде ескерілмегенін көрсетеді.

Автордың пікірінше, мемлекеттік ЖИ жүйелеріне тілдік теңдіктің міндетті стандарттарын енгізу қажет. Сонымен қатар, екі тілде тәуелсіз аудит жүргізіп, оның нәтижелерін ашық жариялау ұсынылады.

Айта кетейік, 2026 жылы Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамытуға 177 миллиард теңге бөлінген. Сарапшылардың пікірінше, осы қаражаттың бір бөлігі қазақ және орыс тілдеріндегі қызмет сапасын теңестіруге бағытталуы тиіс.

Мамандардың ескертуінше, егер тілдік теңдікке нақты талап қойылмаса, жасанды интеллект мемлекеттік секторда бұрыннан бар теңсіздікті күшейтуі мүмкін.

Поделиться

AIT Media

Разместите рекламу на AIT Media

Баннерная реклама и спецпроекты для брендов и компаний.