Қарағандыда үнді студенті терезеден құлап қайтыс болды
Үндістан азаматы, Қарағандыдағы медициналық университеттің студенті, жатақхана терезесінен құлап қаза тапты, деп хабарлайды Ait Media. Оның денесі туған еліне жеткізілген. Бұл туралы "Патриот" басылымы жариялады.
Қайғылы оқиға 17 наурызда болған. Ақпарат мемлекеттік органдар тарапынан ресми түрде жария етілмеген. Университет студенттері өздері редакцияға хабарласып, досы мен курстасының қазасы туралы айтқан.
Қаза болған студент медициналық университеттің Халықаралық медициналық факультетінің соңғы курсында оқыған. Ол 21 жаста болған. Студент жатақхананың бесінші қабатындағы өз бөлмесінің терезесінен құлап кеткен.
Оның азаматтығын университет те, полиция да ресми түрде атамаған. Алайда «Патриот» басылымының дереккөздері оның Үндістан азаматы екенін хабарлаған.
Студенттің өліміне қатысты оның әдейі секіргені ме, әлде абайсызда құлағаны ма деген сұраққа полиция алдын ала қорытынды жасаған. Тәртіп сақшылары бұл оқиғаны жазатайым жағдай деп санайды. Мұндай қорытындының нақты негіздері жария етілмеген.
«Қарағанды қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде оқитын 21 жастағы студенттің бесінші қабаттан құлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Тергеу аясында барлық қажетті тергеу амалдары жасалды. Жиналған материалдар мен сараптама қорытындылары негізінде қылмыстық іс тоқтатылды», – деді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияров.
Медициналық университеттің Халықаралық факультетінің деканы Қасым Сәрсенбаев оқу орнындағы моральдық-психологиялық ахуал қанағаттанарлық екенін айтты:
«Иә, наурыз айында оқиға болды. Ол жатақхананың бесінші қабатынан құлаған. Биіктен алған жарақат. Қаза тапты. Университетте буллинг фактілері жоқ. Моральдық-психологиялық ахуалы жақсы».