Түркістандағы жақында өткен саммит аясында Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын елге қайтаруға қатысты маңызды архивтік дерек жарияланды, деп хабарлайды Ait Media. Ертіс News және Мұзтау News бөліскен материалдар белгілі қоғам қайраткері Ерлан Стамбековке тиесілі сирек фотосуреттермен толықтырылған.
Тайқазанның Қазақстанға қайтарылғанына биыл 35 жыл толып отыр. Осыған орай тарихи оқиғаға қатысты сақталған бірегей кадрлар көпшілік назарына ұсынылды. Жарияланған фотосуреттерден сол кезеңге қатысқан тұлғаларды немесе олардың туыстарын тану мүмкіндігі бар.


Оқиға 1989 жылы орын алған. Сол жылдың күзінде Ерлан Стамбеков Ленинград қаласында жүрген кезінде телебағдарламалардың бірінен Мемлекеттік Эрмитаж қорынан Тайқазанның Қазақстанға қайтарылатыны жөнінде хабар естиді. Келесі күні Эрмитаж маңында Оңтүстік Қазақстан облысының нөмірі бар КамАЗ көлігі мен қазақстандық делегацияны көреді.
Кездейсоқ таныстықтан кейін Ерлан Стамбеков пен оның ағасы Ермек Жарлықасымовқа қасиетті жәдігерді тиеу жұмыстарына көмектесу ұсынылады. Осылайша Тайқазан КамАЗ көлігіне тиеліп, Қазақстанға жөнелтіледі.
Ерлан Стамбековтің айтуынша, сол сәтте жалғыз фотоаппарат иесі өзі болған. Бұл жағдай тарихи сәтті құжаттауға мүмкіндік беріп, бүгінге дейін сақталған сирек фотоматериалдардың пайда болуына негіз болған.


Жұмыс барысынан кейін қатысушылардың бірімен әңгіме барысында оның Мемлекеттік Эрмитаж директоры, академик Борис Пиотровский екені белгілі болған. Ол Тайқазанды Әмір Темір дәуірімен байланыстырып, Орталық Азия мұсылмандары үшін маңызды рухани жәдігер екенін атап өткен. Сондай-ақ Тайқазанның түпкі орны – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қайтарылып жатқаны айтылған.
Тарихи деректерге сәйкес, Тайқазан – монументалды құйма бұйым. Оның биіктігі 1,62 метр, диаметрі 2,42 метр, салмағы шамамен 2 тонна, ал сыйымдылығы 3000 литрге дейін су құюға мүмкіндік береді.
Тайқазан 1930-жылдары Ленинградқа уақытша көрмеге әкетілгенімен, тарихи оқиғаларға байланысты жарты ғасырдан астам уақыт сол жерде сақталған.
Бүгінгі бұл кадрлар — Қазақстанның мәдени мұрасының тарихи отанына қайтарылуының маңызды кезеңін көрсететін сирек айғақ.