Қазақстандықтардың жаһандық жетістігі: Қазақстан тумасы Әсел Робертс АҚШ-тың Словениядағы елшісі қызметіне бекітілді
АҚШ Сенаты Қазақстанда туған Әсел Робертсті АҚШ-тың Словениядағы елшісі қызметіне бекітті, деп хабарлайды Ait Media.
АҚШ Сенатының ресми дерегіне сәйкес, Әсел Робертстің кандидатурасы 2026 жылғы 18 мамырда бекітілді. Сенаттағы дауыс беру қорытындысы бойынша оның кандидатурасы 46 дауыс қолдап, 43 дауыс қарсы болып өткен. Биыл ақпанда оның кандидатурасын АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған, ал 19 мамырда АҚШ Сенаты оны ресми түрде мақұлдады.
Әсел Робертс АҚШ Сенатындағы тыңдау барысында Словениядағы елші қызметіне ұсынылуын үлкен құрмет деп атап өтті. Ол өз сөзінде: «Мен Америка Құрама Штаттарының Словения Республикасындағы елшісі болуға президент Трамптың номинациясы ретінде Сенат алдында сөз сөйлеу мүмкіндігіне ие болғаныма құрметпен қараймын. Маған осы маңызды міндеттерді атқаруға сенім білдіргені үшін президент Трамп пен мемлекеттік хатшы Марко Рубиоға алғысымды білдіремін», — деді.
Әсел Робертс 1976 жылы Қазақстанда дүниеге келген. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін отбасымен бірге АҚШ-қа қоныс аударған. Ол Georgetown University университетінде халықаралық құқық және халықаралық ұйымдар мамандығы бойынша білім алған. Әсел АҚШ Мемлекеттік департаменті жүйесінде 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. 2021–2022 жылдары АҚШ протокол қызметінің уақытша жетекшісі болды.
Наурыз айындағы тыңдауда Әсел Робертс Словенияны АҚШ-тың NATO аясындағы маңызды серіктесі деп атап, екі ел арасындағы экономикалық және қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға күш салатынын мәлімдеген. Ол ағылшын, орыс, қазақ және жапон тілдерін еркін меңгерген.
Германия парламентіндегі қазақ қыздары
Соңғы уақытта шетелде жоғары жетістіктерге жеткен қазақстандықтар туралы жаңалықтар жиі жарияланып жүр. Германия парламентінде жұмыс істейтін қазақ қыздары туралы видео әлеуметтік желілерде 1,5 миллионнан астам қаралым жинап, үлкен қызығушылық тудырды. Роликте Шымкенттен шыққан екі қыз — Сымбат пен Мәншүк — өздерінің кәсіби жолы туралы айтып, Германияда мемлекеттік қызметте жетістікке жеткенін бөлісті.
Сымбат Германия парламентінде жұмыс істейді, ал Мәншүк мемлекеттік қызметте еңбек етеді. Екеуі де Алматыда «халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша білім алған және бірнеше тілді еркін меңгерген. Сымбат өз жолының Бундестагтағы стипендиялық тағылымдамадан және Қазақстандағы БҰҰ жүйесіндегі тәжірибеден басталғанын айтқан.
Сымбат өз сөзінде: «Біз бұл жерге ешқандай таныссыз, тек өз еңбегімізбен жеттік. Ең бастысы — жаңа жолдардан қорықпау, сынға мән бермеу және тек өзіңді тыңдау», — деді.
Лондонда беделді ауданның мэрі болған қазақстандық

Мамыр айында қазақстандық Санжар Әбішев Лондонның беделді St. James ауданында жергілікті билік өкілі болып сайланған еді. Ол Консервативтік партия атынан қатысып, сайлау нәтижесінде 2,3 мыңнан астам сайлаушының қолдауына ие болып, негізгі қарсыласынан шамамен 350 дауысқа озып шыққан. Санжар Әбішев қазіргі уақытта Westminster City Council құрамында қызмет атқарады.
Небәрі 33 жасында мэр атанған Санжар Әбішев Ұлыбританияда мектеп жасынан бері тұрып келеді, Malvern College сияқты беделді оқу орындарында білім алған. Ол кәсіпкерлікпен айналысып, маркетинг саласында өз бизнесін дамытумен қатар қоғамдық және саяси жұмыстарға да белсенді араласуда. Жақындары мен қоғам өкілдері оның бұл жетістігін шетелдегі қазақ жастарының үлкен табысының бірі ретінде атап өтті.