Британдық блогер Қазақстанды посткеңестік елдер арасындағы ең нашар елдердің бірі деп атады
Британдық миллиондаған жазылушысы бар Бенджамин Рич есімді блогер Қазақстанды бұрынғы КСРО елдері арасындағы өз рейтингінде соңғы орындардың біріне қойды, деп хабарлайды Ait Media.
Оның тізімінде жалпы 15 посткеңестік республиканың ішінде Қазақстан 14-орынға тұрақтаған. Блогер Түрікменстанды ең соңғы орынға қойып, ал өз тізімінде бірінші орынға Беларусьті қойған.
Bald and Bankrupt лақап атымен белгілі блогер өз бейнежазбасында Қазақстандағы ірі қалалар арасындағы қашықтықтың өте үлкен екенін, сондай-ақ бірқатар елді мекендерді «жалықтырғыш әрі шаңды» деп сипаттаған. Сонымен қатар, Алматыға алғаш келген сәтінде әуежайда такси жүргізушісі оны алдап кеткенін айтып, осы жағдай ел туралы алғашқы әсеріне кері ықпал еткенін жеткізген.
Соған қарамастан, Бенджамин Рич Қазақстанда басқа посткеңестік елдерге қарағанда ең аз уақыт болғанын мойындап, елді толық танып үлгермеген болуы мүмкін екенін де атап өткен. Ол Қазақстанды «кеңестік қалалары бар қызықты ел және өте ақкөңіл әжелер тұратын өлке» деп сипаттаған.
«Егер сол жағдай болмағанда, мен бәлкім қайта оралып, бұл сөзсіз қызықты, кеңестік қалалары көп және, күмәнсіз, өте мейірімді әжелері бар елді зерттегім келер еді», — деді ол видеода.
Айта кетейік, 2022 жылы блогер Байқоңыр ғарыш айлағы аумағында жабық аймаққа кірмек болғаны үшін ұсталған. Сол кезде ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлдан кейін босатылған еді.