Олжас Сүлейменов 90 жасқа толды
Бүгін, 18 мамыр – қазақ мәдениеті мен әлемдік әдебиеттің алып тұлғасы, көрнекті қоғам қайраткері, ақын, лингвист-ғалым, Қазақстанның Еңбек Ері және Қазақ КСР Халық жазушысы Олжас Омарұлы Сүлейменов 90 жасқа толды, деп хабарлайды Ait Media.
Олжас Сүлейменовтің есімі отандық әдебиет тарихы мен еліміздің мәдени дамуында айрықша орын алады. Оның шығармашылығы, азаматтық ұстанымы және кең ауқымды ағартушылық қызметі – халыққа, елге және бейбітшілік мұраттарына адал қызмет етудің жарқын үлгісі.
Жазушының «Аз и Я» секілді іргелі еңбектері ұлттық тарих, тіл және рухани мұра мәселелерін терең зерделеуге жол ашып, қазақ әдебиетінің халықаралық деңгейде танылуына зор үлес қосты. Қоғамдық қызмет саласында да Олжас Сүлейменовтің орны ерекше. Оның бастамасымен құрылған «Невада – Семей» антиядролық қозғалысы бейбітшілікке ұмтылыстың және азаматтық жауапкершіліктің символына айналды.
Бүгінде мемлекет тарапынан қаламгердің шығармашылық мұрасын дәріптеу жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұған дейін оның қазақ және орыс тілдеріндегі он томдық шығармалар жинағы жарық көрген болатын.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметіне сәйкес, бұл жұмыс мерейтой жылында да жалғасын табады. Жыл соңына дейін «Олжас Сүлейменов. 90 жыл» және «Аз и Я» фотоальбомдарын шығару жоспарланып отыр. Кейін олар еліміздің барлық көпшілік кітапханаларына таратылады. Сонымен қатар республика көлемінде қаламгердің шығармашылығы мен қоғамдық қызметіне арналған түрлі іс-шаралар өтеді.