USD 0.00
456.88
EUR 0.00
534.64
RUB 0.00
5.47
CNY 0.00
67.98
Жаңалықтар

Президент назарындағы Торғайдың жаңа дәуірі

photo_2026-08-23_19-28-17
Фото: https://t.me/aqorda_resmi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Торғай жеріне баса назар аудару керегін бірнеше рет айтты. 2025 жылғы Жолдауында да "Торғай аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуы Үкіметтің айрықша назарында болуы керек" деп нақты міндет қойды. Оның алдында Қостанай облысына бару жоспарын айтып, Арқалыққа арнайы келетінін, кезінде берген уәдесін орындайтынын да еске салды...

Енді сол саяси мәлімдемелердің нақты жобаларға айналғанын көріп отырмыз. Соның біріншісі - Арқалық әуежайы. Әуежай 33 жылдан кейін қайта жаңғыртылып, сертификаттау рәсімдері аяқталды. Бұл Торғай өңірінің ұзақ жылдар бойғы басты мәселесінің бірі - көлік қолжетімділігін шешуге бағытталған қадам. Арқалықтың Астана, Алматы және Қостанаймен әуе арқылы байланысуы тұрғындар үшін ғана емес, кәсіпкерлік пен инвестиция үшін аса маңызды.

Екіншісі әрі ауқымы жағынан әлдеқайда үлкен жоба - Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз күре жолы. Оның жалпы ұзындығы 865 шақырым. Жаңа бағыт еліміздің орталығын батыс өңірлерімен тікелей байланыстырып, қазіргі жолды 560 шақырымнан астам қысқартады. 13 елді мекен мен шамамен 70 мың тұрғын жаңа көлік желісінің мүмкіндігін пайдалана алады. Ең маңыздысы - бұл жол Қазақстанды Транскаспий халықаралық көлік бағытына шығарады.

Бұл жолдың саяси-экономикалық мәні терең. Бұрын Торғайдың әлсіз тұсы оның шалғай орналасуы болса, ертең сол географиялық орны оның артықшылығына айналады. Өйткені үлкен жолдың бойында сауда пайда болады, логистика дамиды, сервистік бизнес ашылады, инвестиция келеді. Арқалықтың өзі солтүстік, орталық, батыс және оңтүстік бағыттарды байланыстыратын көлік-логистикалық нүктеге айналу мүмкіндігіне ие.

Президенттің Торғайға қатысты тағы бір маңызды тезисі - мал шаруашылығы. Арқалық маңындағы ауылдар мал шаруашылығын қарқынды дамытуы, ал Арқалық ет пен теріні қайта өңдейтін орталыққа айналуы керек деген міндет айтылды. Бұл өте маңызды. Өйткені өңірді дамыту үшін мал басын көбейту аздық етеді. Шикізатты сол жерде өңдеп, дайын өнім ретінде нарыққа шығару қажет. Яғни логика түсінікті: ауыл мал өсіреді - Арқалық өңдейді - жаңа жол мен әуежай өнімді нарыққа шығарады.

Сондықтан әуежай, күре жол, мал шаруашылығы мен өңдеу өндірісін төрт бөлек мәселе деп қарауға болмайды. Бұлар бір экономикалық тізбектің бөліктері.

Оның үстіне бұл бағыт енді жеке жобалар деңгейінен өтіп келеді. Үкімет 2026-2028 жылдарға Арқалық қаласы, Амангелді және Жангелдин аудандарын қамтитын Торғай өңірін әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарын бекітті. Яғни Президент қойған саяси міндет енді Үкіметтің нақты жоспарына айналды.

Жол мен әуежай өздігінен халықты байытпайды. Бірақ олар мүмкіндік ашады. Ендігі міндет - сол мүмкіндіктің айналасына өндіріс, ауыл шаруашылығы, логистика, шағын және орта бизнес пен жаңа жұмыс орындарын қалыптастыру.

Сонда Торғай еліміздің шалғай жатқан аймағы ретінде емес, Қазақстанның орталығы мен батысын жалғайтын, Транскаспий бағытына шығатын жаңа экономикалық дәліздің бойындағы өңір ретінде жаңа рөлге ие болады.

Автор Азамат Битан

Поделиться