Ал егер мен университетте буллингке тап болсам не істеймін?
Gov.kz мәліметіне сәйкес, буллинг сөзі ағылшын тіліндегі bully сөзінен шыққан және «қорқыту» деген мағынаны білдіреді. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер мен технологиялардың дамуы балалар арасындағы буллингтің де жаңа деңгейге көтерілуіне әсер етті.
Буллинг көп жағдайда тек физикалық қысыммен шектелмейді. Ол көбіне психологиялық сипатта көрініс табады: қорлау, жағымсыз сөздер айту, келемеждеу, өсек пен жалған ақпарат тарату, сондай-ақ адамды әдейі шеттету сияқты әрекеттерден тұрады.
Ал студенттік ортадағы буллинг — бүгінде жиі көтеріліп жүрген маңызды тақырыптардың бірі. Ait Media редакциясы университетте буллинг қалай болады, студент оны қалай түсінеді және қандай көмек алуға болады деген сұрақтарға ALT Университетінің педагог-психологы Тахмина Мазуровадан жауап алды.
Университеттегі буллинг дегеніміз не және ол көбіне қандай формада кездеседі?
Буллинг - жай ғана ұрыс немесе бір реттік келіспеушілік емес. Бұл бір адам немесе топтың басқа адамға жүйелі түрде психологиялық қысым көрсетуі, оның ар-намысына нұқсан келтіруі, ренжіту, қорлау немесе шеттету.
Студенттік ортада буллинг көбіне физикалық емес, психологиялық түрде байқалады. Мысалы: мазақ ету, келемеж сөздер айту, қорлайтын пікір жазу, әдейі елемеу, ортадан шығарып тастау, өсек тарату, чаттарда қысым жасау, әлеуметтік желіде келеке ету.
Кейде буллинг көзге бірден байқалмайды. Мысалы, студенттің ойын, пікірін, еңбегін немесе жетістігін үнемі жоққа шығару. Бірақ мұндай «көрінбейтін» қысым түрлері де адамның өзін-өзі бағалауына және ішкі жағдайына айтарлықтай әсер етеді.
Студент буллингке тап болғанын қалай түсіне алады?
Мұндай жағдайдың жай ғана жанжал емес екенін ең алдымен адамның өз сезімі мен эмоционалдық жағдайындағы өзгерістер арқылы түсінуге болады. Егер студент сабақтан кейін үнемі мазасыздық, ішкі кернеу, көңілсіздік сезінсе немесе университетке барғысы келмесе, бұл елемеуге болмайтын маңызды белгі.
Буллинг адамның тек көңіл-күйіне ғана емес, мінез-құлқына да әсер етеді. Өз пікірін білдіруге, талқылауларға қатысуға, топтастарымен кездесуге және сабақта сұрақ қоюға қорқыныш пайда болуы мүмкін. Жалғыздық пен шеттетілгендей сезім туындайды: адам өзін ешкім түсінбейді, ешкім қолдамайды деп ойлайды.
Сонымен қатар оқуға деген мотивация төмендеуі, өзіне деген сенімділік және күнделікті іс-әрекеттерге қызығушылық та төмендеуі мүмкін. Егер мұндай сезімдер қайталанып, олардың өмір сүру сапасына әсер еткенде, бұл «қалыпты» емес, көмек сұрауға себеп екенін түсіну маңызды.
Мұндай жағдайда студент ең алдымен қандай қадам жасауы керек?
Ең бастысы - мәселемен жалғыз қалмау. Буллингке тап болған адам көбіне тұйықталып, болған жағдайдан ұялып немесе бәрін өзі шешуге міндеттімін деп ойлайды. Алайда көмекке жүгіну, қолдау іздеу - жағдайды шешудің алғашқы және ең маңызды қадамы.
Маман бұл туралы мүмкіндігінше ертерек сенімді адамға айтуға кеңес береді: эдвайзер-кураторға, университет психологына, деканат қызметкерлеріне немесе тиісті департаментке жүгінген жөн. Жағдай ушығып кеткенше күтпеу керек. Неғұрлым ерте әрекет басталса, қысымды тоқтату соғұрлым жеңіл болады.
Сондай-ақ болып жатқан оқиғалардың фактілерін, дәлелдерді сақтау пайдалы: хабарламаларды сақтау, скриншот жасау, күндерін, қатысушылардың есімдерін және жағдай сипаттамасын жазып отыру. Бұл мәселені объективті бағалауға және қажетті шараларды қабылдауға көмектеседі.
Буллингке ұшыраған студент өзіне психологиялық тұрғыда қалай көмектесе алады?
Буллинг адамның өзін-өзі бағалауына және ішкі тұрақтылығына әсер етуі мүмкін. Сондықтан ең алдымен өзіңізге тірек болу маңызды. Бірінші қадам — мәселені мойындау және өз сезімдеріңізді жоққа шығармау. Мүмкіндік болса, қысым көрсетіп отырған адаммен байланысты шектеу керек. Әсіресе онлайн режимінде сөз таласына араласпау және агрессиямен жауап бермеу маңызды. Өйткені жауап мәселені шешпейді, керісінше ушықтыра түседі.
Маман маңызды әдеттерге назар аударуды ұсынады: жеткілікті ұйқы, дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік, күн тәртібін сақтау. Күйзеліс кезеңінде дәл осы қарапайым нәрселер психиканың қалпына келуіне көмектеседі.
Сенім артатын адамдардан: достардан, отбасынан және тәлімгерлерден қолдау сұрау керек. Кейде тіпті үкім шығармай тыңдауға дайын адаммен бір ғана шынайы әңгіме жалғыздық сезімін азайтады. Егер буллингпен өз бетінше күресу қиын болса, психологқа жүгіну керек.
Университет әкімшілігі мен жақын адамдар (достар, отбасы) мұндай жағдайда қандай қолдау көрсетуі тиіс?
Университет тарапынан көрсетілетін қолдау өте маңызды. Сарапшының айтуынша, студент өзін жалғыз сезінбеуі керек және жүйенің оны қорғай алатынын білуі тиіс. Бұл жедел әрекет етуді, құпиялылықты сақтауды, жағдайды әділ қарастыруды, академиялық топпен жұмыс жүргізуді және қайталанудың алдын алуды қамтиды.
Жақындарының - отбасының, достардың, топтастардың да рөлі зор. Студент үшін ең маңыздысы - оның сөзін тыңдау, түсіну және сену. Кейде ең үлкен көмек - кеңес емес, жанында болу, «мән берме», «өзің кінәлісің» деген сөздерден аулақ болу. Қолдау көрсететін орта қауіпсіздік пен сенімділік сезімін қалпына келтіруге көмектеседі.
Көмекке жүгіну - қалыпты нәрсе!
Сарапшы психологқа бару шектен тыс шара немесе әлсіздік белгісі емес екенін атап өтеді. Бұл өзіңізге қамқорлық жасаудың қалыпты, саналы және дұрыс жолы. Егер буллинг жүйелі сипат алса, университет әкімшілігін тарту керек және мәселені жалғыз шешуге тырыспау қажет.

Буллинг пен психологиялық тұрақтылық тақырыбын тереңірек түсінгісі келетіндерге маман мына кітаптарды ұсынады:
-
Маршалл Розенберг — «Ненасильственное общение»
-
Виктор Франкл — «Сказать жизни Да!»
-
Михаил Лабковский — «Хочу и буду»
-
Кристин Нефф, Кристофер Гермер — «Самосострадание»