USD 2.08
448.61
EUR 1.21
503.83
RUB 0.03
5.48
CNY 0.29
67.20
Калькулятор оценки благосостояния / Әл-ауқат деңгейін есептейтін калькулятор
Блог Жаңалықтар
•

Қазақтың киіз үйі LEGO-ның әлемдік хитіне айналуы мүмкін

site_37
Фото: Ait Media

Қазақстандық Айнұр Полатова қазақтың киіз үйін LEGO конструкторынан құрастырып, оны әлемнің түкпір-түкпіріндегі балаларға таныстырғысы келеді. Оның Nomad Yurt жобасы LEGO-ның ресми жиынтығына айналып, әлемдік нарыққа шығуы мүмкін. Ол үшін жоба 10 мың дауыс жинауы керек.

Идея қалай пайда болды

Бәрі балалардың LEGO-ға деген қызығушылығын байқаудан басталған. Айнұр бұған дейін ұлттық ойындарды жаңғыртуға бағытталған Talapai жобасы аясында киіз үй пішініндегі ағаш конструктор жасаған. Кейін осы идеяны LEGO форматында жүзеге асыруды ойлаған.

«Балалардың LEGO-ға деген үлкен қызығушылығын байқап, неге киіз үй түріндегі LEGO жасамасқа деген ой туды», - дейді жоба авторы.

Шаңырақтан бастап, алтыбақанға дейін

Nomad Yurt жобасын әзірлеуге шамамен 6 ай кеткен. Осы уақыт ішінде Айнұр тарихи деректерді зерттеп, киіз үйдің құрылымын LEGO бөлшектерімен құрастыру жолдарын іздеген. Қаңқасын бірнеше рет қайта жасап, сыртқы және ішкі безендірілуіне, түстері мен ою-өрнектеріне дейін мән берген.

Автордың айтуынша, құрастыру барысында шаңырақ, кереге мен уықты конструктор бөлшектерімен жасау қиынға түскен. Себебі киіз үйдің сыртқы пішінін беру жеткіліксіз: әр бөлшек LEGO талаптарына сай болып, балалардың құрастыруына да ыңғайлы болуы керек.

Жобаға қатысты «Мұны жасанды интеллектпен мен де жасай аламын ғой» немесе «Мынау киіз үйге ұқсамайды» деген пікірлер де болған. Алайда конструктор бөлшектерінің мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, киіз үйді дәлме-дәл қайталау оңай емес.

LEGO арқылы қазақ мәдениетін таныту

Айнұр үшін Nomad Yurt - киіз үйдің сыртқы пішінін қайталау ғана емес. Ол балалардың әр бөлшектің мәнін де түсінгенін қалайды. Сондықтан жобаны әзірлемес бұрын кітапханаларға барып, тарихи деректерді зерттеп, этнографтармен кездескен.

Тіпті киіз үй есігінің қай жаққа ашылатыны сияқты ұсақ көрінетін детальдардың өзі назардан тыс қалмаған.

Жобада алтыбақан да бар. Бұл - жастар бас қосып, ән айтып, көңіл көтеретін дәстүрлі ойын-сауық түрі. Автор осылайша қазақтың көшпелі өміріндегі тұрмыс пен мәдениеттің бір бөлшегін де көрсеткісі келеді.

Неге Nomad Yurt

Жобаның атауы да халықаралық аудиторияға бағытталған. «Nomad» сөзі көшпелі мәдениетті білдіреді. Айнұр киіз үйді тек Қазақстанмен шектемей, көшпелі мұраға қызығатын әлем жұртшылығына таныстыруды көздейді.

Бұған дейін ол киіз үй пішініндегі бестемше ойынын шетелдік нарыққа шығарған. Ал Nomad Yurt арқылы ұлттық құндылықтарды балаларға қызықты әрі түсінікті форматта жеткізгісі келеді.

LEGO жиынтығына айналу үшін не қажет

Nomad Yurt LEGO Ideas платформасында ұсынылған. Бұл - LEGO әуесқойлары өз идеяларын жариялап, көпшіліктің қолдауын жинау арқылы оларды ресми жиынтыққа айналдыруға мүмкіндік алатын платформа.

Жоба 10 мың дауыс жинаса, LEGO компаниясы оны қарастырады. Дегенмен бұл оның міндетті түрде өндіріске шығатынын білдірмейді. Компания жобаның техникалық талаптарға сәйкестігін, ерекшелігін және басқа да шарттарды бағалайды. Өндіріске мақұлданған жағдайда, кейбір бөлшектері мен дизайны өзгеруі мүмкін.

Қазір Nomad Yurt 8 404 дауыс жинаған. Межеге жету үшін тағы 1 596 дауыс қажет.

«Қазақтың киіз үйін жинағанын қалаймын»

Айнұрдың бұл жобаны қолға алуындағы басты мақсаттардың бірі - ұлттық мәдениетті келесі ұрпаққа жеткізу.

«Артымнан ерген інілерім мен сіңлілерімнің шетелдің батырлары мен кино кейіпкерлерін емес, қазақтың киіз үйін жинағанын қалаймын», - дейді ол.

Автордың айтуынша, кейбір балалар киіз үйді дайын баспана ретінде ғана қабылдап, оның қандай бөлшектерден тұратынын біле бермейді.

Ал конструктор арқылы шаңырақтың, керегенің, уықтың қызметін өз қолдарымен құрастырып отырып түсіне алады.

Айнұр үшін LEGO - мәдениетті сақтап, оны жаңа буынға танытудың бір жолы. Егер Nomad Yurt ресми жиынтыққа айналса, қазақтың киіз үйі әлемнің әр түкпіріндегі балалардың үйінде құрастырылуы мүмкін.

Nomad Yurt жобасына қалай дауыс беруге болады

Жобаны қолдау үшін LEGO Ideas платформасынан Nomad Yurt атауын іздеуге немесе автордың Instagram парақшасы @nomad.yurt арқылы сілтемеге өтуге болады. Дауыс беру үшін электрондық пошта қажет, ал қатысушылар кемінде 16 жаста болуы керек.

Поделиться