Ер-азаматтың әйелге қарым-қатынасы қандай болған?
Қазақ қоғамында ер-азаматтың әйелге қарым-қатынасының да өз жөні мен жолы болған. «Ар», «ұят», «әдеп», «намыс» секілді ұғымдар ер адамның мінез-құлқына да талап қойған.
Дәстүрлі қоғамда бұл талаптар қалай көрініс тапқан? Қызға қол көтеруге, қалаусыз жақындыққа, әдепсіз сөзге қатысты қандай ұстанымдар болған?
Осы дәстүрлі нормалар туралы AIT Media Qalam History деректеріне сүйене отырып баяндайды.
Дәстүрлі мінез-құлық нормалары
Қазақ қоғамында ер мен әйел арасындағы қарым-қатынастың да өз жөні мен жолы, әдебі мен шегі болған.
Ер адамның әйелге қарым-қатынасы адатпен, әдеппен, тыйыммен, сондай-ақ салт-дәстүр мен жөн-жоралғылар арқылы реттелген. Бұл талаптар бір жерде жазылған заңдар жинағы болмағанымен, ел ішінде қалыптасқан ортақ ұстаным ретінде ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырған. Аймаққа қарай ерекшеленіп, кей жағдайда әркелкі сақталуы мүмкін еді.
«Қызды ұрма»
Әйелге күш көрсетуге жол берілмеген. Дәстүрлі тыйым сөздердің арасында «Қызды ұрма» деген нақты тыйым бар.
XIX ғасырдағы деректерде әйелге ер адам тарапынан жасалған қорлық үшін салынатын жаза мен өтемнің ер адамға жасалған жәбірден кем болмағаны, кейде одан да жоғары болғаны айтылады.
Яғни әйелге дөрекілік көрсетуге тыйым салу тек моральдық талап қана емес, әдет құқығында да белгілі бір құқықтық мәнге ие болған.
*Тыйым сөздер - қазақ мәдениетіндегі дәстүрлі тыйымдар.
Ол заманда «жәбір» ұғымы тек сөзбен тілдеуді ғана білдірмеген. Ол қыздың немесе әйелдің ғана емес, оның отбасының, руының ар-намысы, қадір-қасиеті мен абыройына қатысты болуы мүмкін еді.
Құда түсу – күйеу болу деген сөз емес
Жігіттің қалыңдыққа құда түсуі оған қызды өз еркіне көндіруге немесе некеге дейін бірге тұруға мәжбүрлеу құқығын бермеген.
Егер мұндай жағдай некеге дейін орын алып, тағылған айып негізді деп танылса, жігіт ел алдында масқара болып, еліне қайтарылған. Ол қалыңдығынан ғана емес, төлеген қалың малынан да айырылуы мүмкін еді.
Яғни құда түсу - ерлі-зайыптылық қатынастың басталғанын білдірмеген.
Жақындықтың да өз тәртібі болған
Жастардың бір-бірімен араласуына рұқсат етілгенімен, бұл толық еркіндік дегенді білдірмеген.
Этнограф Алексей Левшиннің жазбаларында қыздың өзіне ұнамаған жақындықты, соның ішінде қалаусыз қол тигізуді қабылдамауға құқығы болғаны айтылады.
Мұны «ұрын бару» салтынан да көруге болады. Бұл кезде күйеу жігіт қалыңдығымен оның жеңгесі, құрбы-құрдастары және жасы үлкен әйел туыстарының қатысуымен кездескен.
Яғни күйеу мен қалыңдық арасындағы жақындық тек олардың жеке қалауына емес, қоғам мойындаған тәртіп пен әдепке де бағынған.
«САБЫР»
СӨЗДЕГІ САЛМАҚ
Дәстүрлі әдеп ұғымында сөзге ұстамдылық ерекше мәнге ие болған.
«Әдепсіз сөз айтпа» деген тыйым адамның жынысына қарамастан барлығына ортақ болған. Ал қыз-келіншектер мен әйелдер отырған ортада әдепті сөйлеу талабы одан әрі күшейе түскен.
Бұл нормалар дәстүрлі қазақ қоғамында ер адамның мінез-құлқына қойылатын белгілі бір шекаралар болғанын көрсетеді.
Олар «ар», «ұят», «әдеп» және «намыс» ұғымдарына негізделді.
Алайда бұл ерлер мен әйелдердің толық тең болғанын білдірмейді. Қазақ қоғамы патриархалды сипатта болды, ал отбасылық мүдде көп жағдайда қыздың жеке еркіндігі мен қалауынан жоғары қойылған.