USD 2.62
451.31
EUR 4.16
504.56
RUB 0.01
5.36
CNY 0.39
67.44

Қалаған жерде, қолайлы уақытта жүгір: Астанада 25 Қазанға орай ерекше онлайн-марафон басталады

Снимок экрана 2026-10-13 164956
Фото: AI SPORT

Елорда тұрғындары Республика күнін өзгеше форматта атап өте алады: Астана қаласының әкімдігі мен қалалық Спорт басқармасы отандық AI SPORT IT-платформасымен бірлесіп "25 қазан - 25 шақырым" атты онлайн-марафонды іске қосады. Қатысушылар жеті күн ішінде жаяу жүріп немесе жүгіріп, жалпы 25 шақырымды еңсеруі тиіс.

Спорттық бастама Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылына арналған.

Онлайн-марафонның басты ерекшелігі не?

Дәстүрлі жарыстардан айырмашылығы - мұнда ортақ старт сызығы, белгіленген бағыт пен уақыт шектеуі жоқ:

  • Еркін кесте: Қашықтықты кез келген қолайлы уақытта бағындыруға болады - бұл таңертеңгі саябақтағы жүгіру, жұмысқа дейінгі жаяу жол немесе кешкі серуен болуы мүмкін.

  • Бөліп жүгіру мүмкіндігі: 25 шақырымды бір күнде бағындыру міндетті емес - арақашықтықты 7 күнге бөліп, өзіңізге ыңғайлы қарқынмен жүріп өтуге болады.

  • Әділ бақылау: Қашықтық AI SPORT қосымшасындағы GPS-трекер арқылы тіркеледі. Ал көлікпен немесе автобуспен жүріп өткен жолды алгоритм автоматты түрде есепке алмайды.

Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиеваның айтуынша, бұл жобаның басты мақсаты - қала тұрғындарын қандай да бір қатаң шектеусіз бұқаралық спортқа және белсенді өмір салтына тарту.

Кімдер қатыса алады және қандай сыйлықтар бар?

Марафонға Астананың 18 жасқа толған тұрғындары қатыса алады. Ол үшін AI SPORT қосымшасын жүктеп, тіркеліп, әр белсенділік алдында GPS-трекерді қосып отыру қажет.

Жеті күн ішінде 25 км қашықтықты сәтті еңсерген барлық қатысушыға электронды сертификаттар беріледі. Сонымен қатар шарттарды орындағандар арасында 10 бағалы сыйлық ойнатылады: сымсыз құлаққаптар, "Алиса" ақылды колонкалары және фирмалық мерчтер. Жеңімпаздар Instagram желісіндегі тікелей эфирде кездейсоқ таңдау (рандомайзер) арқылы анықталады. Қашықтықты қаншалықты жылдам жүгіріп өткеніңіз немесе артық жүргеніңіз жеңіске жету мүмкіндігіне әсер етпейді - ұтысқа кез келген қатысушы тең дәрежеде қатысады.

Поделиться