USD 2.62
451.31
EUR 4.16
504.56
RUB 0.01
5.36
CNY 0.39
67.44

«Неге қазақ қыздарын түсірмейді?»: Разиюша Sen Sulu жарнамасы үшін хейтке қалды

Снимок экрана 2026-10-13 в 16.30.40
Фото: instagram.com/razziyuwa

Этникалық тұрғыдан өзбек ұлтына жататын қазақстандық блогер Разиюша Sen Sulu брендіне өзі түсірген жарнамадан кейін әлеуметтік желіде сынға қалды, деп хабарлайды AIT Media.

Кейбір қолданушылар брендтің неге қазақ қыздарын жарнамаға түсірмейтінін сұрауда.

Разиюшаның айтуынша, ол тоғыз жылдан бері ұлтына қатысты осындай пікірлерді естіп келеді.

«Қазақстан - менің елім, туған жерім. Мен Ұлытау облысындағы Сәтбаев қаласында дүниеге келдім», - деді блогер.

Ол Қазақстан туралы видео түсіру арқылы ешкімнің орнын тартып алмайтынын атап өтті. Керісінше, елдің табиғаты мен мәдениетін танытатын контент көбейгені дұрыс деп санайды. Разиюшаның сөзінше, оның видеоларын шетелдіктер көріп, жылы пікірлер жазып, Қазақстанға келгісі келетіндерін айтқан.

«Қазақстан - көпұлтты мемлекет. Бір-бірімізді ұлтқа бөліп, біреуге болады, біреуге болмайды демейік. Елімізге деген махаббатымызды бірге көрсетейік. Өтініш, менің еліме деген сезімімді ұлтыма қарап бағаламаңыздар», - деді ол.

Бұған дейін Sen Sulu бренді Валя Карнавалмен жарнамалық коллаборациясы үшін де сынға қалған еді. 2025 жылы блогерге қатысты Қазақстандағы клип түсірілімі кезінде қазақтарды түсірілім алаңына кіргізбеуді талап еткені туралы айыптаулар тараған. Карнавал бұл мәліметтерді жоққа шығарды.

2026 жылы мамырда оның қатысуымен жарияланған жарнама да желіде наразылық тудырды. Брендке бойкот жариялауға шақырған пікірлерден кейін жарнама өшіріліп, Sen Sulu өкілдері халықтан кешірім сұрады.

Поделиться