Маңғыстаудағы ұмыт қалған құдықтар қайта зерттелмек
Маңғыстау облысында көне құдықтар мен шыңырауларды іздеу, олардың тарихын жинақтау және қазіргі жағдайын зерттеу мақсатында арнайы экспедиция ұйымдастыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ait Media.
Жоба аясында өңір тұрғындарынан ел ішінде сақталған ескі құдықтар туралы деректер жинау басталды.
«Маңғыстау үшін су мәселесі қашанда стратегиялық маңызға ие. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өңірге сапарларында бұл мәселеге ерекше назар аударып келеді. Көне құдықтарға жай ғана су көзі деп қарамауымыз керек. Бірнеше ғасыр бұрын құдық тұтас қоныстың тіршілігін айқындады. Елдің көші, малдың өрісі, керуеннің жолы суға тәуелді болды. Сондықтан көне құдықтар - ата-бабаларымыздың шөл даладағы тіршілік тәжірибесін танытатын инженерлік мұра әрі Маңғыстаудың тарихи жадының бір бөлігі. Оларды тауып, тарихын елге жеткізуіміз керек», - дейді жоба авторы Азамат Битан.
Бұл бастама Президент ұсынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық идеясымен де үндеседі. «Таза Қазақстан» - тек тазалық пен абаттандыру емес, туған жерге жанашырлықпен қарап, табиғи және тарихи мұраны сақтап, келер ұрпаққа жеткізу. Осы тұрғыдан алғанда, Маңғыстаудың көне құдықтарын іздеу, зерттеу және сақтау - туған жерге деген жауапкершіліктің бір көрінісі.
Жоба авторының көне құдықтарды арнайы зерттеуіне белгілі ғалым Серікбол Қондыбайдың Маңғыстау мен Үстірттің жер-су атауларына қатысты еңбектері де түрткі болған. Оның зерттеулерінде аймақтағы жүздеген құдық, шыңырау, бұлақ және өзге де су көздерінің атауы кездеседі.
Тарихи деректерге сүйенсек, Маңғыстаудағы құдықтар кезінде жай ғана су көзі болған жоқ. Шөл және шөлейт аймақта олар елдің қоныстану жүйесін қалыптастырды, көш пен керуен жолдарының бағытын белгіледі, мал шаруашылығының тірегіне айналды. Кейбір құдықтар оларды қазған шеберлер мен белгілі тұлғалардың атымен аталып, бірқатары қорымдармен, киелі орындармен және тарихи оқиғалармен сабақтасып жатыр.
Осы күзде ұйымдастырылатын экспедиция барысында анықталған құдықтардың орналасқан жері мен координаттарын белгілеу, фото-бейне материалдар жинау, қазіргі жағдайын құжаттау көзделген. Сонымен қатар ауыл ақсақалдары, малшылар, өлкетанушылар, геологтар және жер жағдайын жақсы білетін тұрғындардан ауызша тарих пен жергілікті деректер жиналады.
«Жобаның маңызды бағыттарының бірі - тарихи және мәдени құндылығы бар құдықтарды анықтау. Зерттеу қорытындысына қарай жекелеген нысандарды қорғауға алып, тарихи-мәдени мұра нысандарының қатарына енгізу мәселесін көтеру жоспарланып отыр. Экспедицияға қатысатын мамандар және зерттеу жұмыстары туралы толық ақпарат қосымша бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады», - дейді Азамат Битан.
Экспедицияның практикалық бағыты да бар. Мамандармен бірлесіп сақталған құдықтардың қазіргі жағдайын зерттеу, су көздерінің әлеуетін бағалау көзделеді. Тиісті гидрогеологиялық және зертханалық зерттеулерден кейін оларды мал шаруашылығында, егін шаруашылығында немесе өзге шаруашылық қажеттіліктеріне пайдалану мүмкіндігі де қарастырылмақ. Қазір жоба үшін ең маңызды кезеңнің бірі - тұрғындардан дерек жинау.
Маңғыстау мен Үстірт аумағында көне құдықтың, шыңыраудың немесе ұмыт қалған су көзінің орнын білетін азаматтардан ақпарат қажет. Құдықтың атауы, орналасқан жері немесе координаты, кім қазғаны туралы мәлімет, оған қатысты аңыз-әңгімелер, тарихи оқиғалар, ескі фотосуреттер мен карталар - кез келген дерек зерттеу үшін маңызды.
Жобаның түпкі мақсаты - Маңғыстаудың көне құдықтарының бірыңғай тізімін қалыптастыру ғана емес, далада көмескіленіп бара жатқан тарихи нүктелерді қайта тауып, олардың артындағы адамды, оқиғаны, көш жолын және тұтас бір дәуірдің өмір салтын бүгінгі ұрпаққа жеткізу.
Ақпарат беру үшін байланыс нөмірі (whatsapp) +7 707 682 02 69