Ауыл мектептеріне жасанды интеллект келеді
1 қыркүйектен бастап Қазақстанда шағын ауыл мектептерінде жасанды интеллект (ЖИ) көмегімен оқыту басталды. Бұл — арнайы пилоттық жоба.
Қазір жоба Павлодар мен Қызылорда облыстарындағы 10 мектепте жүріп жатыр. 4-сыныптың 50-ден астам оқушысы математика, қазақ тілі, орыс тілі және цифрлық сауаттылық пәндерін жаңа әдіспен оқып жатыр.
Қалай оқытады?
Астанадағы білікті мұғалімдер онлайн режимде сабақ береді. Ал сол сәтте класста жергілікті мұғалім балалармен бірге отырып көмектеседі. Оқушылардың қалай меңгеріп жатқанын арнайы цифрлық құралдар бақылайды.
Жоба қалай өседі:
- 2027 жылдың қаңтарында — 50 мектепке дейін
- сәуірде — 440 мектепке дейін
- 2028 жылдың шілдесіне дейін — 2,6 мың мектепке дейін (яғни барлық шағын ауыл мектептері)
Мақсаты не?
Қала мен ауыл балаларының білім сапасындағы алшақтықты азайту. Жобаны Қазақстанның Q.AI компаниясы Қытайдың 01.AI компаниясымен бірге жүзеге асырып жатыр.
Q.AI басшысы Дмитрий Мунның айтуынша, жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, керісінше оған көмектеседі — оқушылардың қай жерде қиналып жатқанын анықтап, соған қарай жеке көмек көрсетуге мүмкіндік береді.