AIT Media

Разместите рекламу на AIT Media

Баннеры, спецпроекты и нативная реклама на заметных позициях сайта.

USD 6.69
473.13
EUR 5.82
554.08
RUB 0.02
6.13
CNY 0.86
69.29

Қажымұқанға 155 жыл: аңызға айналған алып күш иесі

қажымқан
Фото: «Қажымұқан қағанаты» кітабынан, 1910 жыл

2026 жылғы 7 сәуірде қазақтың даңқты перзенті, тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы 155 жасқа толар еді, деп хабарлайды Ait Media. Ол күрес өнерінің бірнеше түрін жетік меңгеріп, әлем чемпионы атағына қол жеткізген тұңғыш қазақ.

бой

Тегі мен балалық шағы

Қажымұқан қыпшақтың Алтыбас руынан шыққан. Оның арғы аталары Атасы Ернақ пен нағашысы Лек балуанның алып күші туралы әңгімелер халық арасында кең тараған.

Қажымұқан Қыпшақтың Алтыбас руынан шыққан. Аталары: қыпшақ Тоқтарбай, одан кейін Қобыланды, Тірлікбай, Ойбас, Ұзын, Алтыбас, Қарыс, Жоламан, Санбай, Шадибатыр, Ернақ және әкесі Мұңайтпас.

Атасы Ернақ туралы аңыздарда ерекше күш иелері болғаны жиі айтылады. Және ол Қажымұқанға қазақша күресті үйреткен. Ал нағашы атасы Лек балуан ағаштарды тамырымен жұлған деген аңыз бар. Әкесі Мұңайтпас күрес жарыстарына қатысып, "жуанаяқ балуан" деген атпен танылған.

Қажымұқан жас кезінен-ақ тұрмыстың ауыртпалығын көтеріп, байларға жалданып еңбек еткен. Сол кездің өзінде оның күші қатарластарынан әлдеқайда басым болғаны айтылады. Оны дәлелдейтін оқиғалардың бірі, Қажымұқанның қожайыны қыстың қақаған суығында құрғақ шөп алып келуді тапсырады. Жолда арбаны сүйреп келе жатқан бір ат әлсіреп құлап қалғанда Қажымұқан оны арбаның үстіне лақтырып, екінші атты арбаның артына байлайды да, арбаны жалғыз өзі сүйреп әкеледі.

Даңққа бастар жол

Мұңайтпасұлы 17 жасқа жетпей-ақ ел ішінде мықты палуан ретінде таныла бастады. Оның Ақмола өңіріндегі белгілі балуандардың бәрін жеңгені туралы хабар қысқа уақыт ішінде бүкіл қазақ даласына тарады. Ал 18 жасында ол циркке шақырту алып, кәсіби жолын бастады.

1905 жылы Харбинде өткен жарыста ол алғаш ірі жеңіске жетіп, «Маньчжурия чемпионы» атанды. Ал 1909 жылы Швецияның Гётеборг қаласында француз күресінен әлем чемпионы атанып, қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы ретінде тарихқа енді.

газет

1910 жылы Еуропа мен Ресейдің атақты палуандары Америкаға гастрольдік сапарға аттанып, олардың қатарында Қажымұқан да болды. Оңтүстік Америкаға жасаған турне барысында оның ең жарқын жеңістерінің бірі Аргентина астанасы Буэнос-Айресте тіркеліп, ол жерде алтын медаль иеленді.

1913 жылдың соңында Троицк қаласында өткен жарыста Қажымұқан неміс, француз, эстон және орыс балуандарын қоса алғанда, бірқатар мықты қарсыластарынан басым түсті. Келесі жылы Нижний Новгородта өткен бәсекеде де өз шеберлігін дәлелдеді.

Сол жарыстардың бірінде неміс палуаны Вестергард Шмидт айласын асырып, Қажымұқанға арнайы шарт қояды — ол тек 100 сом жеке сыйақы берілген жағдайда ғана күресетінін мәлімдейді. Мұндай талапқа қарамастан, Мұңайтпасұлы көрермендерден қолдау сұрап, қажетті қаражат жиналады. Нәтижесінде ол тағы да жеңіске жетіп, өз мықтылығын дәлелдейді.

Есте қалған жекпе-жек

Қажымұқанның ең әйгілі жекпе-жектерінің бірі — жапон балуаны Саракикимен кездесуі. Қарсыласы өзін джиу-джитсудан ешкім жеңе алмайды деп жариялаған кезде, қазақ балуаны батыл түрде кілемге шыққан.

Жекпе-жек кезінде Саракики қазақ балуанының құлағы мен астыңғы ернін жыртып жіберген. Оған қарамастан, Қажымұқан қарсыласын жеңіп шықты. Бұл жекпе-жек оның тек күші ғана емес, қайсар мінезі мен рухының мықтылығын дәлелдеді. Алайда, осы жекпе-жектен кейін Саракики қайтыс болды. Біреулер жүрегі тоқтап қалды десе, енді біреулер жынданып өлген дейді.

Алыптың дене бітімі

Филолог-ғалым Әуелбек Қоңыратбаев Қажымұқанның үйінде қонақта болған кезінде оның дене бітіміне қатысты нақты мәліметтерді жазып қалдырған. Оның деректеріне сүйенсек, 75 жасында палуанның салмағы шамамен 174 келі болған.

Қажымұқанның бойы 195 сантиметрге жетіп, кеуде көлемі 146 сантиметрді құраған. Белінің айналымы 170 сантиметрден асса, аяқ киімінің өлшемі шамамен 54 болған. Киіміне кететін мата да ерекше көп болған: шалбарына шамамен 3 метр, ал көйлегіне 6 метрге дейін мата жұмсалған.

Куәгерлердің айтуынша, ол 400 келіден асатын ауыр заттарды көтеріп, ерекше трюктер жасаған. Бұл оның табиғи күшінің қаншалықты зор болғанын көрсетеді.

сссс

Мұқанның лақап аттары

Қажымұқан Мұңайтпасұлы түрлі кезеңдерде бірнеше лақап атпен өнер көрсеткен. Олардың қатарында «Ямагата Муханура», «Қара Иван», «Қызыл маска» сияқты есімдер бар. Мәселен, «Муханура» деген атты оған әйгілі жаттықтырушы Иван Лебедев берген. Ал «Қара Иван» лақап аты ол Иван Поддубный, Иван Заикин және Иван Шемякинмен бірге өнер көрсеткен кезде қалыптасқан.

Түркияда өткен гастрольдер кезінде ол «Қара Мұстафа» есімімен күресіп, жергілікті атақты палуан Нуруллахты жеңіп шығады. Осы жеңісінен кейін ол Ыстамбұл билеушісі Шәкір-пашаның назарын аударып, ерекше құрметке ие болады. Балуанның мұсылман екенін білген соң, оған бірге қажылыққа бару ұсынылады.

Бұл ұсынысты қабылдаған Мұқан қасиетті сапардан кейін есіміне «Қажы» мәртебесін қосып, Қажымұқан атанады. Осы атпен ол 1912 жылы Саратов қаласында алғаш рет өнер көрсетіп, кеңінен таныла бастайды.

щяс

Ұрпағы мен жеке өмірі

Қажымұқанның бірнеше отбасы болған. Төрт әйелден төрт ұл – Халиолла, Ғабдолла, Айдархан мен Жаңаділді, сондай-ақ үш қыз – София, Азия мен Рашиданы сүйген. Оның ұл-қыздары мен немерелері бүгінде Қазақстанның әр өңірінде өмір сүреді. Ұрпақтары аталарының атын ұлықтап, оның мұрасын сақтауға үлес қосып келеді.

Мұңайтпасұлының немересі Шаттық Қажымұқанов – карате додасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 2002 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері. Тағы бір немересі Бақытжан Қажымұқанов – танымал композитор, «Жас Қанат» пен «Азия Дауысы» байқауларының жеңімпазы.

Қажымұқан өмірінің соңғы жылдарын биліктің назарынан тыс өткізді. Кейбір деректерге сәйкес, ол өз отбасын қамтамасыз ету үшін медальдарының кейбірін сатуға мәжбүр болған. 1948 жылы Түркістан облысы, Бөген ауданындағы Ленин туы колхозында өмірден озды. Оның өлім себебі ретінде өкпесіне суық тигені айтылған.

Қажымұқанға бүгінгі құрмет

2019 жылы Ақмола облысының Степногор қаласында даңқты балуан құрметіне ескерткіш орнатылды. Мүсіннің биіктігі – 2,5 метр, постаментімен қосқанда жалпы биіктігі 4 метр, салмағы – 23,5 тонна.

2024 жылы Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен күрес жолына арналған «Борец. Кажымукан – чемпион мира» атты фильм жарық көрді. Фильм қарапайым қазақ ауылынан шыққан жігіттің әлем чемпионына қалай айналғанын баяндайды. Картина халықаралық кинофестивальдерде бірнеше сыйлыққа ие болды: Сеулдегі халықаралық фестивальде Гран-при «Үздік фильм» және «Үздік басты рөл» номинациялары бойынша жеңімпаз атанды, сондай-ақ Италиядағы XXIX IPAAF – Apoxiomeno кинофестивалінде жоғары баға алды. Бұл фильм жас ұрпаққа батырдың өмірін, адамгершілік қасиеттерін және ұлттық рухты көтерудегі рөлін жаңа қырынан танытуға мүмкіндік береді.

фильмм

Поделиться

AIT Media

Разместите рекламу на AIT Media

Баннерная реклама и спецпроекты для брендов и компаний.