«Қазақшаны ұмытпапты»: Германияда 36 жылдан бері тұратын қазақтар жұртты тәнті етті
Әлеуметтік желіде Германияда ұзақ жылдардан бері тұрып жатқан азаматтардың қазақ тілінде сөйлеген видеосы көпшіліктің ықыласына бөленді, деп хабарлайды Ait Media.
Видеоны Германия мен Қазақстандағы қазақ мәдениеті туралы контент түсіретін қазақстандық блогер Сұлтан Қыпшақ жариялаған. Бұл жолы ол Германия көшелерінің бірінде жергілікті қазақтармен тілдесті.
Кадрларда блогер Германияда тұратын ерлі-зайыптымен әңгімелеседі. Олар қазақ тілінде сөйлесуге тырысқанымен, сөз арасында кейбір сөздерді ұмытып қалғандарын жасырмайды.
«Біз Германияда 36 жылдан бері тұрамыз. Біз қазақша аз сөйлейміз. Көрдіңіз бе, біз ұмытып кеттік», – дейді ер адам.
Алайда блогер олардың қазақ тілін жақсы түсінетінін айтып, жігерлендіреді.
«Жоқ, бәрін түсініп тұрмыз. Ұмытпағансыздар», – дейді ол.
Сол сәтте қастарында тұрған тағы бір азамат:
«Біз Наурызға келеміз», – деп Қазақстанмен байланысын үзбегенін жеткізеді.
Әйелдің айтуынша, Алматы қаласында отбасының туыстары тұрады. Сонымен қатар олардың күйеубалалары да қазақ ұлтынан екен.
Жылы әрі шынайы әңгіме әлеуметтік желі қолданушыларын бейжай қалдырмады. Көпшілік шетелде тұрса да ана тілін ұмытпаған жандарға алғысын білдіріп, жылы пікірлер қалдырған.
«Керемет көрініс екен», «Жарайсыңдар, өте әдемі», «Ақсақал нағыз қазақ», «Қандай керемет жандар, аман болыңыздар», «Құдаларымыз-ай», «Жандарым сол», «Рахмет сіздерге, рахметі бар елді біз әрқашан құшақ жая қарсы аламыз» деген пікірлер жазылған.
Кейбір қолданушылар видеодағы ақсақалдың сөйлеу мәнерінен қазақы мінезді байқап, ерекше әсер алғандарын жеткізген.
Желі қолданушыларының айтуынша, бұл видео туған жерден жырақта жүрсе де ұлттық болмысын сақтап қалған адамдардың жарқын үлгісін көрсеткен.
View on Threads