Кеңес дәуіріндегі Құрбан айт: тыйым салынған мерекені қазақтар қалай атап өткен
Құрбан айт — мұсылман қауымының ең ұлық мерекелерінің бірі. Ол құрбандық шалу, айт намазын оқу, садақа тарату және рухани тазару дәстүрлерімен байланысты. Кеңес Одағы кезеңінде бұл мереке ресми идеологиялық қысымға ұшырап, діни шаралар шектелгенімен, тарихи архив құжаттары оның қазақ қоғамында үзілмей сақталғанын айқын көрсетеді.
Мемлекеттік деңгейде дінге қарсы саясат жүргізілгенімен, халықтың діни тәжірибесі толық жойылған жоқ. Ait Media редакциясы Кеңес дәуірінде Құрбан айт мерекесінің қалай өткізілгенін архив деректері негізінде зерттеп, оның түрлі кезеңдерде ашық та, жартылай құпия да форматта сақталып келгенін анықтады.
Кеңес билігінің діни саясаты: бақылау, тергеу және шектеу
Кеңес өкіметі дінді қоғамдық өмірден ығыстыруға бағытталған саясат жүргізді. Мешіттер саны қысқартылып, діни қауымдастықтар арнайы тіркеуден өтуге міндеттелді. Діни қызметкерлердің қызметі бақылауға алынып, діни рәсімдер қатаң регламентке бағындырылды.
Ресей Федерациясы мемлекеттік архивіндегі №6991-қор, 3-тізім, 377-істегі деректерге сәйкес, Қазақстанның батыс аймақтарында 1940–1950 жылдары мұсылман қауымдары тіркелгенімен, олардың қызметі үнемі бақылауда болған. Дегенмен дәл осы тіркеу жүйесі діни өмірдің толық тоқтап қалмауына белгілі бір деңгейде мүмкіндік берген.

Кеңес дәуірінде Құрбан айт қалай тойланды
Архивтік құжаттар Кеңес Одағы кезеңінде Құрбан айт мерекесінің тыйымға қарамастан халық арасында кең көлемде аталып өткенін көрсетеді. Ресми идеологиялық шектеулерге қарамастан, Қазақстан аумағында айт намаздары ұйымдастырылып, құрбан шалу дәстүрі үзілмеген. Деректерге сүйенсек, мереке кей жылдары ашық аспан астында, қала сыртында немесе тіркелген мешіттер арқылы жабық форматта өткен.
1940-жылдардың соңына қатысты мәліметтерде, әсіресе 1947–1949 жылдары, халықтың дінге қатысу белсенділігі жоғары болғаны тіркеледі. Облыс көлемінде мыңдаған адам діни рәсімдерге қатысып отырған. Мәселен, 1948 жылы Гурьев қаласында өткен Құрбан айт намазына шамамен 1500 адам жиналғаны құжаттарда нақты көрсетілген. Бұл жиындарға әйелдер де қатысқан (шамамен 70 адам), ал негізгі қатысушылар 50 жастан асқан азаматтар болған.
Сол жылғы мереке тек намазбен шектелмей, нақты әлеуметтік-діни практика ретінде өткен. Қала аумағында Құрбан айт күні 400 қой және 50–70 ірі қара мал құрбандыққа шалынған. Ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болғанымен, толық есеп жүргізілмегені құжаттарда атап өтіледі. Кеңес билігі тарапынан құрбан шалуды азайту жөнінде үгіт жүргізілгеніне қарамастан, халық бұл дәстүрді жаппай жалғастырған.
1950–1951 жылдардағы деректер Құрбан айттың ұйымдасу формасының негізінен қала сыртындағы ашық алаңдарға ауысқанын көрсетеді. 1950 жылы Ораза айт намазы қала шетінде өтіп, оған 250–300 адам қатысса, сол жылдың Құрбан айт намазына 700–800 адам жиналған. 1951 жылы жағдай одан да кең ауқымда сипатталады: қаладан үш шақырым жердегі жиынға мыңдаған адам қатысқан. Бұл жиындар тек діни рәсім емес, өңір халқының ірі қоғамдық басқосуына айналған.
1951 жылғы мәліметтерде құрбандыққа шамамен 100 қой және 20–30 ірі қара мал шалынғаны көрсетілген. Сол кезеңде айт намаздарын көбіне жергілікті молдалар ұйымдастырған.
Молдалар жаппай айыптауларға ілінген
Облыста сол кезеңде барлығы 3 молда есепке алынған: Атырауда — Құспан Нұрмұқашев, Доссорда — Ғабдеш Қарғанбаев, Жылыой ауданында — Қарабала Бисембаев. Олар діни қызмет үшін ақы алмаған және салық төлемегені де құжаттарда көрсетілген. Кей жағдайларда олар “үгіт-насихат жүргізді”, “садақа жинады” деген айыптауларға да іліккен. Соған қарамастан, дәл сол молдалардың айналасына халықтың қайта-қайта жиналуы мерекенің қоғамдық сұранысы жоғары болғанын аңғартады.
1949 жылғы есепке сәйкес, 1947 жылы Қарабала Бисембаевтың бастамасымен Жылыой ауданында діни қауымдастық құру туралы өтініш кеңес органдарымен кері қайтарылған. Кейін ол жұмысқа ауысуына байланысты діни қызметін тоқтатқан. Ал Доссордағы молда Ғабдеш Қарғанбаевтың кейінгі тағдыры белгісіз деп көрсетіледі.
Жалпы алғанда, Кеңес дәуіріндегі мерекені өткізу формасы үш негізгі сипатта көрінеді: жаппай қала сыртындағы айт намаздары, үй және ауыл деңгейіндегі құрбан шалу дәстүрі, сондай-ақ тіркелген мешіттер арқылы өтетін ресми рәсімдер. Барлық кезеңдерде де басты ортақ белгі — халықтың діни дәстүрден ажырамауы және Құрбан айттың қоғамдық өмірде сақталуы болды.
Қазіргі кезеңде Құрбан айт қалай атап өтіледі
Бүгінде Құрбан айт Қазақстанда еркін түрде және барлық қалаларда кең ауқымда аталып өтеді. Кеңес дәуіріндегі шектеулер жойылғаннан кейін мереке мешіттерде айт намазын оқумен басталып, оған мыңдаған адам қатысады. Құрбан шалу рәсімі ресми түрде ұйымдастырылып, мұқтаж жандарға ет тарату дәстүрі кеңінен дамыған. Сонымен қатар қайырымдылық акциялары мен әлеуметтік көмек көрсету шаралары да мерекенің маңызды бөлігіне айналған. 2001 жылдан бастап — Қазақстанда Құрбан айттың бірінші күні ресми демалыс күні ретінде бекітілді. 2026 жылы Құрбан айттың бірінші күні 27 мамырға сәйкес келіп, дәл сол күн ресми демалыс күні болып белгіленеді.