Стоматологиядағы кезекке талас: анасына пранк жасаған ер адам желіні күлдірді
Әлеуметтік желіде анасына тосынсый жасаған ер адамның видеосы кеңінен таралып, көпшіліктің көңілін көтерді, деп хабарлайды Ait Media.
Видеода апаның стоматологиялық клиникаға келіп, қабылдау кезегін күтіп тұрғанын көруге болады. Сол сәтте бетперде киген ер адам оның алдына өтіп кетпек болып, кезексіз кіруге әрекет жасайды. Әйел бұған наразы болғанымен, ер адам райынан қайтпай, сөз таластыра бастайды.
Түсініспеушіліктен кейін әлгі ер адам әйелге жақындай түседі. Сол кезде әйел оның кім екенін танып қалып:
— Әй, Серік?! – деп таңданысын жасыра алмайды.
Кейін белгілі болғандай, бетперде таққан азамат әйелдің өз ұлы болып шыққан. Анасы мен баласы құшақтасып, қауышқан сәт көрермендерді ерекше әсерге бөледі.
Видео авторының айтуынша, ол ата-анасын сағынғандықтан арнайы тосынсый ұйымдастырған.
«Ата-анамды қатты сағындым. Көлікке отырып, Алматыдан Астанаға қарай жолға шықтым. 1300 шақырым жол маған бір сәттей ғана өтті. Стоматологияның мекенжайын жасырын біліп алып, жарты сағат бұрын келдім. Әкімші жағдайды түсініп, маған бетперде беріп, осы видеоны түсіріп берді.
Ата-анаңыз барда қадірін біліңіздер! Біз ата-анамыз бар кезде ғана баламыз. Анасы бар адам ешқашан қартаймайды! Баршаңызға махаббат пен шаңырақтарыңызға амандық тілеймін», – деп жазды ол.
Желі қолданушылары видеоны жылы қабылдап, пікірлерде алғашында ашуланғандарын, кейін оқиғаның мән-жайын білген соң қатты әсерленгендерін жазған.
«Әлгі ер адамға айтқалы тұрған барлық жаман сөзімді кері қайтарғым келеді», «Қан қысымым көтеріліп кете жаздады», «Анасы сондай сүйкімді екен», «Өз баласын анасы бас киіммен де, бетпердемен де таниды», «Басында ұрсып жазбақ едім, кейін райымнан қайттым», «Ата-ананы жиі қуанту керек» деген пікірлер қалдырған желі қолданушылары.
View on Threads