Eurovision-да үлкен дау: Израильге байланысты бірнеше ел байкот жариялап, байқау тарихындағы ең үлкен дағдарыс басталды
European Broadcasting Union ұйымдастыратын әлемдегі ең ірі музыкалық байқау — Eurovision соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған саяси даудың ортасында қалды, деп хабарлайды Ait Media bbc.com сілтеме жасап. Израильдің қатысуына байланысты бірнеше еуропалық ел жарыстан толық бас тартатынын мәлімдеді.
Израильдің қатысуына байланысты дау
Словения, Ирландия, Испания және Нидерланды қоғамдық телеарналары байқауға дейін Израильдің қатысуы Газа секторындағы әскери әрекеттерге байланысты болса, конкурстан шығуға мәжбүр болатынын ескерткен. Дауыс беруден кейін Ирландия, Испания және Нидерланды ресми түрде "Eurovision – 2026" байқауына бойкот жариялады. Негізгі себеп — Израильдің Газа секторындағы әскери операциялары мен соған байланысты халықаралық сын.
Кейбір елдер Израильдің байқауға қатысуын моральдық және этикалық тұрғыдан қабылдауға болмайды деп санаса, басқалары Eurovision-ның “музыка арқылы бірігу” қағидасы бұзылып жатыр деп есептейді.
Словениялық RTV басшылығы көрермендерден көптеген наразылық хаттар келгенін айтып, Израильмен бірге бір сахнада болу “бейбітшілік құндылықтарына қайшы” деген ұстаным білдірді. Ал Исландияның RÚV телерадиокомпаниясы Израильдің мемлекеттік телеарнасы мен үкіметінің конкурсқа ықпал етуіне қатысты “ауыр күмәндар” бар екенін ашық мәлімдеді. Нидерландиялық Avrotros болса, саяси араласу Eurovision-ның бейтараптығына қауіп төндіріп отыр деп санайды.
Eurovision ұйымдастырушылары болса, байқау ережелеріне сәйкес барлық қатысушылардың талаптарға сай таңдалатынын және конкурс саяси алаң емес екенін бірнеше рет қайталады. Дегенмен дағдарыс күннен-күнге күшейіп барады.
Соңғы жылдары Eurovision-да саясаттың ықпалы туралы дау жиі көтерілгенімен, сарапшылар бұл жағдайды 70 жылдық тарихтағы ең ірі бөлініс деп бағалап отыр. Кейбір сарапшылар тіпті мәселе бұдан да терең екенін айтады: тек Израиль емес, соғыс жағдайындағы елдердің барлығының қатысуы қайта қаралуы мүмкін деген пікірлер айтылуда.
Eurovision — Еуропалық хабар тарату одағы (EBU) ұйымдастыратын әлемдегі ең ірі музыкалық шоу, ол жыл сайын ондаған елдің ұлттық телеарналарында тікелей эфирде көрсетіледі және шамамен 150–200 миллион көрермен жинайды. Қазақстанда бұл шоу әдетте халықаралық арналар мен онлайн платформалар арқылы көріліп, әлеуметтік желілерде кең талқыланады.
Eurovision жұлдыздарды әлемге танытқан алаң
Eurovision — талай орындаушының тағдырын өзгертіп, оларды әлемдік деңгейге шығарған үлкен сахна. Мысалы, 1974 жылы шведтік ABBA тобы «Waterloo» әнімен жеңіске жеткеннен кейін әлемдік поп-музыканың символына айналды. 1988 жылы сол кезде әлі кең танылмаған жас әнші Céline Dion Швейцария атынан қатысып, бірінші орынды иеленді. Кейін ол әлемдегі ең әйгілі вокалистердің біріне айналды. Ал 2021 жылы Eurovision-да жеңіске жеткен италиялық Måneskin тобы бірнеше айдың ішінде халықаралық рок-сахнаның жаңа сенсациясына айналып, олардың әндері әлемдік чарттардың көшін бастады.
Eurovision тарихында болған басқа да даулар
Израильдің қатысуына байланысты туындаған қазіргі дау Eurovision үшін тосын жағдай емес. 1956 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл байқау бірнеше рет саяси жанжалдардың, бойкоттардың және қоғамдағы қызу пікірталастардың ортасында қалды. Мысалы, 1969 жылы төрт ел бірдей жеңімпаз атанғаннан кейін Норвегия, Швеция, Финляндия және Австрия келесі жылғы конкурсқа бойкот жариялады. 2009 жылы Грузияның Владимир Путинге астарлы түрде сілтеме жасады деп бағаланған әні жарыстан шеттетілді. 2017 жылы Ресейдің өкілі Украинаға кіргізілмей, ел байқауға қатысудан бас тартты.
Eurovision сахнасында мәдени және қоғамдық даулар да аз болған жоқ. 1998 жылы израильдік Dana International-дың жеңісі, 2014 жылы Conchita Wurst-тың триумфы және 2016 жылы Jamala-ның «1944» әнімен жеңісі әлемде үлкен пікірталас туғызды. 2021 жылы Måneskin тобының солисіне қатысты қауесеттер тараса, 2024–2025 жылдары Израильдің қатысуы Eurovision тарихындағы ең ірі саяси даулардың біріне айналды.
Ресей неге Eurovision-ға қатыспайды?
Ресей 2022 жылдан бері Eurovision-ға қатыспайды. European Broadcasting Union (EBU) бұл шешімді Ресейдің Украинаға қарсы соғысынан кейін қабылдады. Ұйым Ресейдің қатысуы байқаудың беделіне және Eurovision ұстанатын бейтараптық қағидасына нұқсан келтіруі мүмкін екенін мәлімдеді. Содан бері Ресей конкурсқа шақырылмайды және ресми қатысушылар тізіміне енбейді.
Украина және бүкіл Еуропаны толқытқан «Stefania»
Украина Eurovision тарихындағы ең табысты елдердің бірі саналады. Ел байқауда үш рет жеңіске жеткен. Соңғы рет 2022 жылы Kalush Orchestra тобы «Stefania» әнімен бірінші орын алды. Бастапқыда бұл шығарма солистің анасына арналса, Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғаннан кейін ән бүкіл елдің символына айналды. Финалда Украина көрермендерден рекордтық деңгейде дауыс алып, Eurovision тарихындағы ең эмоционалды жеңістердің біріне қол жеткізді.
Қазақстан Eurovision-ға қатысқан ба?
Қазақстан әлі күнге дейін Eurovision Song Contest-тің ересектер арасындағы негізгі байқауына бірде-бір рет қатысқан жоқ. 2016 жылдан бері Хабар агенттігі European Broadcasting Union-ның (EBU) ассоциативті мүшесі болғанымен, бұл мәртебе конкурсқа қатысу құқығын бермейді. Ол тек халықаралық тележобаларды көрсетуге және серіктестік орнатуға мүмкіндік береді. Сондықтан қазақстандық жанкүйерлер жыл сайын Eurovision-ды қызыға тамашалағанымен, ел әзірге өз өкілін үлкен сахнаға жібере алмай келеді.
Соған қарамастан, Қазақстан Junior Eurovision Song Contest байқауында өзін өте мықты қырынан көрсетті. 2018 жылы Данэлия Төлешова «Өзіңе сен» әнімен сәтті дебют жасап, 6-орын иеленді. 2019 жылы Ержан Максим «Арманыңнан қалма» әнімен 2-орын алды. 2020 жылы Қарақат Башанова «Forever» әнімен тағы да күміс жүлдегер атанды. 2021 жылы Әлинұр Хамзин мен Бекнұр Жәнібекұлы ел намысын қорғап, үздік ондыққа енді. 2022 жылы Давид Чарлин «Jer-Ana» әнімен өнер көрсетті.

