Шикізаттан - өндіріске: Президент не айтқысы келді?
Қазақстан Қытаймен қарым-қатынасты енді тек мұнай, шикізат және транзит арқылы емес, өндіріс, технология, логистика және адами капитал арқылы жаңа деңгейге шығарғысы келеді. Сонда Президент не айтқысы келді?
Біріншіден, Тоқаев Қытайды Қазақстан үшін жай ғана ірі көрші немесе сауда серіктесі емес, ұзақ мерзімді стратегиялық серіктес ретінде көрсетіп отыр. “Тарих бізге бірге болуды жазды»”, “Жолы бірдің - жүгі бір” деген сөздердің қолданылуы кездейсоқ емес. Бұл жерде негізгі ой - екі елдің байланысы уақытша саяси конъюнктураға емес, географияға, экономикаға және ұзақ мерзімді мүддеге сүйенеді.
Бірақ сұхбаттағы ең маңызды жері достық туралы дипломатиялық сөздерден кейін басталады.
1. Қазақстан шикізат сататын ел болып қалғысы келмейді. Президенттің ең салмақты тезистерінің бірі: “Шикізаттық модельден біртіндеп өнеркәсіптік кооперация мен технология алмасуға көшу”.
Қарапайым тілмен айтқанда, Қазақстан Қытайға мұнай, металл немесе басқа шикізатты сатып қана отырғысы келмейді. Қытайдың капиталы мен технологиясын Қазақстанға әкеліп, шикізатты осында өңдеп, дайын өнімді осында шығаруға мүдделі.
Сондықтан Президент “ірі бірлескен өндірістер”, “терең өңдеу”, “жоғары қосылған құны бар өнім”, “технология трансфері” деген төрт ұғымды арнайы атап отыр. Бұл өте маңызды экономикалық сигнал.
Яғни ертең Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстың нәтижесі тек “тауар айналымы 50 млрд долларға жетті” деген статистикамен емес, Қазақстанда қанша зауыт салынды, қанша технология келді, қанша қазақстандық жоғары өнімді жұмысқа орналасты деген өлшеммен бағалануы керек.
2. 100 млрд доллар - жай сан емес
2025 жылы екі елдің саудасы шамамен 50 млрд доллар болған екен. Президент енді оны 100 млрд долларға жеткізу міндетін айтып отыр. Бірақ Мемлекет басшысы бірден маңызды ескерту жасайды: мәселе тек көлемде емес, сауданың құрылымында. Меніңше, осы тұсты ерекше түсіндіру керек.
50 миллиардты 100 миллиардқа жеткізіп, бұрынғыдай шикізат сатып, дайын тауар сатып алумен шектелсек - экономиканың табиғаты қатты өзгермейді. Ал егер сол өсімнің артында жаңа зауыттар, өңдеу кәсіпорындары, технология, экспорттық өндіріс тұрса - бұл басқа экономика. Президенттің айтқысы келгені осы.
3. Қазақстан “дәліз” емес, Еуразияның хабы болғысы келеді. Сұхбаттағы екінші үлкен идея - логистика. Қазір Қытайдан Еуропаға баратын құрлық транзитінің шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді дейді Президент. Бұл үлкен мүмкіндік. Бірақ Қазақстанның мақсаты пойыздар біздің территориямыздан өтіп кеткені үшін ғана ақша алу емес. Тоқаев өте ретте маңызды формула ұсынады: Транзит экономикасынан көліктік байланыс экономикасына көшу.
Қарапайым тілмен айтсақ: “Жүк біз арқылы өтсін” деген модельден “жүк біздің экономикамызға жұмыс істесін” деген модельге көшу. Яғни жолдың бойында логистикалық орталықтар, қоймалар, өңдеу кәсіпорындары, сервистік компаниялар, электронды сауда, өндіріс пайда болуы керек. Сонда Қазақстан өзінің географиясын нақты экономикалық активке айналдырады.
Арал-Каспий магистралі, Достық-Алашанькоу екінші желісі, Аягөз-Тачэн теміржолы, Ақтаудағы контейнерлік хаб - осы үлкен стратегияның бөлшектері.
4. Президент Қытайдан ақша ғана емес, технология алуға мүдделі. Сұхбаттың үшінші үлкен бағыты - жасанды интеллект. Президент Қытайды AI, робототехника, цифрлық технологиялар, жаңа энергетика және жоғары технологиялық өндірісте әлемдік көшбасшылардың бірі ретінде қарастырады. Ендеше Қазақстанның сұранысы енді: “Инвестиция салыңыздар” ғана емес. Оған: “Технология әкеліңіздер, өндіріс ашайық, маман дайындайық, зерттеу жүргізейік” деген мазмұн қосылып отыр.
Жасанды интеллектіні өнеркәсіпке, тау-кен саласына, энергетикаға, медицинаға, қалаларды басқаруға, көлікке, мемлекеттік қызметтерге енгізу туралы айтылуы сондықтан. Екібастұздағы “Деректер орталықтары алқабы” мен Alatau City де осы логиканың ішінде қарастырылып отыр.
5. Балаларды жасанды интеллект дәуіріне дайындау - ұзақ мерзімді сигнал. Меніңше, сұхбаттағы көпшілік назар аудармай қалуы мүмкін тағы бір маңызды сөйлем бар: Астанада дарынды балаларға арналған қазақ-қытай жасанды интеллект мектебін құру жоспарланып отыр. Бұл бір мектеп туралы ғана әңгіме емес. Президент технологиялық жарыстың түпкі мәселесі компьютер немесе дата-орталық емес, адам капиталы екенін көрсетіп отыр. Қытайдың технологиясын сатып алуға болады. Бірақ оны түсінетін, дамытатын, өз технологиясын жасайтын қазақстандық маман болмаса, технологиялық тәуелділік сақталып қалады.
Сондықтан студенттер алмасу, университет филиалдары, ЖИ мектебі, ғылыми зерттеулер бір экономикалық стратегияның жалғасы ретінде айтылған.
6. Тағы бір үлкен сигнал - әлемдегі тұрақсыздық жағдайында Қазақстан өз орнын бекіткісі келеді. Сұхбаттың саяси бөлігінде Қасым-Жомарт Кемелұлы қазіргі халықаралық жүйені “терең дағдарыста” деп сипаттайды. Мемлекеттер арасында сенім азайды, геосаяси текетірес күшейді, БҰҰ-ның беделі әлсіреді дейді. Осындай кезеңде Қазақстанның позициясы: үлкен державалардың текетіресіне араласудан гөрі, сауда, транзит, дипломатия және көпжақты ұйымдар арқылы өзінің стратегиялық маңызын арттыру.
Бұл ретте Президент Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес пен “Орталық Азия - Қытай” форматтарын қатар атайды. Яғни Қазақстан Қытаймен жақындасуды тек екіжақты қатынас ретінде емес, Еуразиядағы өзінің орнын күшейтетін құралдардың бірі ретінде қарастырып отыр.
7. Қытаймен қарым-қатынасты қоғам деңгейіне түсіруге тырысып отыр. Сұхбаттың соңғы бөлігінің мәні де осы. Мемлекеттер арасындағы қатынас президенттердің кездесуімен немесе миллиардтаған долларлық келісімдермен ғана тұрақты болмайды. Адамдар бір-бірімен араласып, тануы керек. Сондықтан туризм, студенттер, мәдениет, тікелей әуе қатынасы, визасыз режим туралы кеңінен айтылған.
2025 жылы Қазақстанға келген қытайлық туристер саны 962 мыңға жеткені де осы тұрғыдан көрсетілген. Тіпті Президент Маңғыстау өңірін арнайы атап өткен: Қазақстан қытайлықтарға Астана мен Түркістанды, Алматының тауларын, Маңғыстаудың бірегей ландшафттарын, Ұлы дала мен Жібек жолының мұрасын көрсеткісі келеді. Бұл жерде экономикамен қатар Қазақстанды Қытайдың үлкен нарығына туристік және мәдени өнім ретінде шығару идеясы бар.
Жалпы алғанда, Тоқаевтың айтқысы келгені не? Мен бұл сұхбатты бес сөзбен былай жинақтар едім: шикізат - өндіріс - технология - логистика - адам капиталы. Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстың келесі кезеңі осындай болуы керек деген ой айтылып отыр.
Бұрын Қазақстанның басты артықшылығы жер қойнауындағы ресурс болса, енді Президент екінші артықшылықты - географиялық орнымызды, үшіншісін - адам капиталын экономикалық күшке айналдыруды ұсынып отыр.
Демек сұхбаттағы ең маңызды мәселе “Қазақстан Қытаймен қаншалықты жақындасады?” деген сұрақтың өзі емес. Негізгі мәселе: Қазақстан Қытайдың алып экономикасымен көрші болуды өзінің индустриялық және технологиялық дамуына қаншалықты пайдалана алады?Президенттің сұхбатының өзегіндегі мен көрген негізгі логика осы.
Егер осы саясат жүзеге асса, Қазақстан Қытай мен Еуропаның ортасындағы жай транзиттік территория емес, тауар өндірілетін, өңделетін, технология жасалатын және сауда ұйымдастырылатын Еуразиялық экономикалық торапқа айналады.
Ал Президент айтып отырған 100 млрд долларлық сауда, жаңа теміржолдар, зауыттар, ЖИ жобалары, Alatau City, Екібастұздағы дата-орталықтар - сол үлкен мақсатқа апаратын жеке-жеке құралдар.
Автор Азамат Битан