Омбы мұнай өңдеу зауытындағы жағдай Қазақстанның ішкі нарығына әсер етпейді - Энергетика министрлігі
Ресейдегі ең ірі Омбы мұнай өңдеу зауытына жасалған шабуылдар Қазақстанның ішкі жанар-жағармай нарығына ықпал етпейді, деп хабарлайды Ait Media.
Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев көрші елдегі зауыттың тоқтауы мен солтүстік өңірлердегі жанармай тапшылығы туралы қауіптерге қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, Ресейдегі жағдай отандық мұнай өңдеу кәсіпорындарының жұмысына ешқандай әсер етпейді. Қазіргі уақытта министрлік ұлттық компаниялармен бірлесіп ішкі жанармай қорын толық қалыптастырған. Бұл халықты тұрақты түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, вице-министр шекаралас аймақтардан жанармайдың сыртқа кетуіне жол бермеу мақсатында қабылданған шаралар туралы айтты. Осы ретте Энергетика министрлігі өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп, елімізге тәулігіне бір реттен артық кіріп-шығуды шектейтін ереже қабылдаған. Бұл шектеу жеңіл көліктерге де, жүк көліктеріне де қатысты қолданылады.
Қайырхан Тұтқышбаев отандық мұнай өңдеу зауыттарының барлығы штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Ол елдегі жанар-жағармай бекеттерінде тиісті теңгерім сақталғанын атап өтіп, ішкі нарықта тапшылық орнайды деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.