Транзиттен өндіріске: Қазақстан Еуразия экономикасындағы орнын күшейтпек
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бішкектегі ШЫҰ саммитінде сөйлеген сөзін тек кезекті халықаралық жиындағы дипломатиялық мәлімдеме ретінде қабылдамаған жөн. Айтылған ұсыныстарды бір-бірімен байланыстырып қарасаңыз, Қазақстанның алдағы жылдарға арналған үлкен стратегиясының контуры көрінеді.
Әлем өзгеріп жатыр. Бұрынғы халықаралық тәртіп әлсіреп, мемлекеттер арасындағы бәсеке күшейді. Сауда жолдары қайта құрылып, технология мен жасанды интеллект үшін жарыс басталды. Осындай кезеңде Қазақстан үшін ең маңыздысы - өзінің географиялық орнын экономикалық және саяси артықшылыққа айналдыру.
Президенттің бүгінгі ұсыныстарын осы тұрғыдан қараған дұрыс.
Біріншісі - Қазақстанды Еуразияның негізгі көлік торабына айналдыру. Президент "Бір белдеу, бір жол", Транскаспий бағыты, Солтүстік - Оңтүстік дәлізі және Орталық Азияны Оңтүстік Азиямен жалғайтын бағыттарды бір жүйеге біріктіруді ұсынып отыр. Оған ШЫҰ-ның бірыңғай цифрлық транзит платформасын және 2035 жылға дейінгі көлік стратегиясын қоссақ, мәселе бір жол немесе бір теміржол туралы емес. Қазақстан Қытай мен Еуропаның, Ресей мен Оңтүстік Азияның арасындағы жүк ағыны өтетін негізгі тораптардың біріне айналуды көздейді.
Екіншісі - Қазақстан транзитпен ғана шектелгісі келмейді. ШЫҰ елдерінің өзара саудасы бір триллион долларға жақындады. Президент осы алып нарықтың ішінде индустриялық консорциумдар құруды, трансшекаралық сауда аймақтарын дамытуды ұсынып отыр. Яғни біздің территориямыздан тауардың өтіп кеткені ғана емес, Қазақстанда өндіріс орналасып, инвестиция келіп, қосылған құн қалыптасуы маңызды.
Үшіншісі - ақша мен инвестиция үшін бәсеке. Қазақстан ШЫҰ Даму банкін құруды қолдап қана қойған жоқ, оның штаб-пәтерін елімізде орналастыруға дайын екенін мәлімдеді. Егер мұндай институт құрылып, Қазақстанда орналасса, бұл символдық шешім ғана болмайды. Инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және технологиялық жобаларды қаржыландыратын ірі қаржы институтының орталығы болу - елдің аймақтағы экономикалық салмағын арттырады.
Төртіншісі - жасанды интеллект. Қазақстан ШЫҰ аясында ЖИ орталықтарының тұтас желісін құруды ұсынып отыр. Бұл да кездейсоқ емес. Кеше мемлекеттер мұнайға, газға, порттар мен теміржолдарға таласса, ертең технологияға, дерекке, есептеу қуатына және мамандарға бәсекелеседі. Қазақстан сол жаңа экономиканың сыртқы тұтынушысы болып қалмай, оны жасайтын елдердің қатарында болуға ұмтылып отыр.
Бұған қауіпсіздік мәселесін қосыңыз. Президент әскери тәуекелдерді азайту, қарулану жарысын тежеу, терроризм, экстремизм, есірткі трафигі мен киберқауіптерге қарсы бірлесіп әрекет ету мәселесін көтерді. Ең маңыздысы - ШЫҰ-ны біреуге қарсы құрылған әскери блок емес, әртүрлі мемлекеттер сөйлесе алатын алаң ретінде сақтау туралы позиция айтылды.
Енді болашаққа қарап көрейік.
Егер осы бастамалардың кемінде бір бөлігі жүзеге асса, алдағы он жылда Қазақстанның рөлі өзгере бастайды. Біз Еуразия картасының ортасында жай орналасқан мемлекет емес, сауда өтетін, капитал тартылатын, өндіріс құрылатын, технология жасалатын және әртүрлі саяси орталықтар сөйлесетін елге айналуымыз мүмкін.
Сондықтан Бішкектегі жиынның біз үшін ең маңызды тұсы - қанша кездесу өткені емес, Қазақстанның өзгеріп жатқан әлемнен өз орнын іздеп қана қоймай, сол орынды өзі қалыптастыруға әрекет жасап отырғаны.
Географияны өзгерте алмаймыз. Бірақ географияны капиталға, транзитке, технологияға және саяси ықпалға айналдыруға болады.
Меніңше, Президент сөзінің негізгі мәні де осында
Автор: Азамат Битан