Әлем чемпионаттарынан WADA отырыстарына дейін: Қазақстан күзде ірі халықаралық іс-шараларды қабылдайды
Астана мен Алматы қалалары биыл күзде бірқатар ірі халықаралық спорттық және салалық іс-шараларды қабылдайды, деп хабарлайды Ait Media.
Елімізде үстел теннисінен Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы, әлем чемпионаттары, беделді халықаралық сериялардың кезеңдері, олимпиадалық және паралимпиадалық спорт түрлерінен жарыстар өтеді.
Сонымен қатар елордада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) басқарушы органдарының отырыстары ұйымдастырылады.
«Күзде Қазақстан Президенті кубогы, әлем чемпионаттарынан бастап, ірі халықаралық сериялардың финалдарына дейінгі түрлі спорт түрлерінен жарыстарды қабылдайды. WADA басқарушы органдарының отырыстары мен күрес түрлерінен әлем чемпионаты да маңызды оқиғалардың қатарында. Бұл халықаралық спорт ұйымдарының елімізге деген жоғары сенімін көрсетеді. Біз үшін мұндай іс-шараның нақты нәтижесі болғаны маңызды. Яғни ел спортшыларының мықты қарсыластармен өз елінде жарысуына мүмкіндік беріп, мамандардың біліктілігін арттырып, инфрақұрылым мен оқиғалық туризмнің дамуына ықпал етуі қажет», – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Жалпы, 2026 жылы Қазақстанда әлемдік және құрлықтық деңгейдегі 20-ға жуық ірі халықаралық жарыс өткізу жоспарланған. Мұндай іс-шаралар отандық спорттың дамуына, жанкүйерлер мен туристерді тартуға, қонақүйлер мен қызмет көрсету инфрақұрылымының жүктемесін арттыруға, сондай-ақ елдің халықаралық беделін нығайтуға ықпал етеді.
Қазақстанның халықаралық спорттық іс-шараларды қабылдауы 2027 жылы да жалғасады. Келер жылы Астанада бокс, дзюдо, таеквондо, үстел теннисі, киберспорт және жасөспірімдер арасындағы шорт-тректен алты әлем чемпионаты, сондай-ақ УЕФА-ның 51-конгресі өтеді.