Өмір бойы ай сайын 1 млн теңге төлем: Баян Алагөзова халық әртісі Меруерт Өтекешоваға алғысын білдірді
Қазақстандық продюсер Баян Алагөзова Меруерт Өтекешоваға өмір бойы ай сайын 1 миллион теңге көлемінде «зейнетақы» төлейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ait Media. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Продюсердің айтуынша, бұл шешім жұбайы Тұрсынғали Алагөзовпен бірге қабылданған және актрисаның қазақстандық өнерге қосқан үлесі мен Қыз Жібек фильміндегі аңызға айналған рөліне көрсетілген алғыс ретінде жасалған.
Камзол туралы
Алагөзова сондай-ақ культтік фильмдегі камзол туралы да айтып өтті. Оның сөзінше, бұл костюм қазіргі уақытта өзінің қолында сақтаулы.
«Қазір бұл камзол менде, жеті құлыптың астында тұр. Оны маған ұзақ жылдар бойы сақтаған әйел сыйға тартты. Камзолдың тағдырын халық пен уәкілетті органдар шешеді, әзірге ол менде. Әрине, бір күні оны музейге тапсырамын. Бірақ қазір киіп көріп, қайта шешіп, қайтадан құлыптап қоямын. Сол арқылы ұлы фильм мен ұлы әйел — Меруерт Өтекешоваға қатыстылығымды сезінемін», — деді ол.
Тон және өмірлік төлем
Продюсер актрисамен жеке кездесіп алғыс айтқысы келетінін, алайда арақашықтыққа байланысты әзірге мүмкін болмай отырғанын жеткізді.
«Мен Меруерт апайға үн қатқым келеді. Ол Астанада тұрады, мен Алматыдамын. Жеке барып алғыс айтуға мүмкіндік болмай жүр. Сіз — мәңгілік Қыз Жібек, қазақ қызының символысыз», — деді Алагөзова.
Сондай-ақ ол «Қазақ аруы» байқауын актрисаға арнауды жоспарлап отырғанын айтып, сыйлық ретінде шуба табыстағанын жеткізді.
«Өзімнің және жұбайымның атынан алғыс ретінде ай сайын 1 миллион теңге көлемінде өмірлік төлем тағайындағым келеді», — деп мәлімдеді продюсер.
Меценаттарға үндеу
Алагузова бұл мәлімдемені көпшілік алдында әдейі жасағанын айтып, аға буын өнер адамдарының жағдайына назар аударуға шақырды.
«Елімізде елеусіз қалып кеткен халық әртістері өте көп. Олар өмірін театр мен киноға, өнерге арнады. Меценаттарға үндеу жасағым келеді — тарихымызды жасаған адамдарды ұмытпаңыздар», — деді ол.
Бұған дейін Алагөзова Instagram-да Қыз Жібек фильміндегі басты кейіпкердің камзолымен түскен видео жариялаған. Оның айтуынша, бұл костюм басты рөлді сомдаған Меруерт Өтекешоваға тиесілі және оған 50 жылдан асқан.
Тақырыпқа қатысты