"600 дана көшірмесін тігемін": Баян Алагөзова желіде дау тудырған Қыз Жібек камзолына қатысты ойын айтты
Продюсер әрі актриса Баян Алагөзова әлеуметтік желіде қызу талқыланған Қыз Жібек камзолына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ait Media.
2026 жылғы 16 сәуірде Баян Алагөзова өзінің Instagram парақшасында «Қыз Жібек» фильміндегі басты кейіпкердің қызғылт камзолының иесі атанғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жарты ғасырдан астам тарихы бар бұл құнды жәдігер кезінде басты рөлді сомдаған Меруерт Утекешева тиесілі болған. Камзолды киіп көрген Баян Мақсатқызы бұл сәтті ерекше қуаныш деп атап, «Қыз Жібек» оның ең сүйікті фильмі екенін жеткізді.
Алайда бұл жаңалық әлеуметтік желілерде қызу талқылауға ұласты. Көпшілік жәдігердің жеке адамның қолында емес, музейде сақталуы керектігін айтып, «Бұл өте құнды ұлттық дүние, музейде тұру керек деп ойлаймын» және «Мұндай дүниелер халықтың игілігі болуы тиіс» деген пікірлер қалдырды. Сондай-ақ кейбір қолданушылар камзолды заманауи киіммен үйлестіріп киюін сынға алып, «Бұл камзолды шортымен киіп сәнін бұздың» деп жазды.
Ол сынға қатысты өз ойын Instagram парақшасында жариялаған.
«Шынымды айтсам, менің мәдени шокым да шокта. Неге екені белгісіз, 50 жылдан астам уақыт бойы бұл камзол ешкімге керек болмады. Ешкім оны еске алмады. Ал неге осы уақытқа дейін 30 жыл бойы ешкім сұрамады? Ұлы фильмдегі костюмдер қайда? Оларды кім сақтап жүр? Ешкім сақтамаған», – деді Алагөзова.
Продюсердің айтуынша, енді бұл камзол жұрттың «тамағына тығылғандай» әсер қалдырған.
«Бұл костюм ешкімге ешқалай міндетті емес. Ол ешбір құжатта тіркелмеген, ешбір баланста жоқ. Оны бір қасиетті әйел үйінде сақтап келген. Енді сол адам оны сенімді қолға тапсырғысы келді. Мұражайға емес, жылына 30 адам ғана келетін орынға емес… Маған берді», – деп түсіндірді ол.
Алагөзова камзол неге өзіне тигенін және онымен не істейтінін де айтты.
«Себебі мен оны қайта жаңғыртамын. 600 дана дәл көшірмесін тігемін. Әр адам бұл Қыз Жібектің камзолы екенін білетін болады. Сондықтан, келесі жылы 17 жыл бойы қатар өткізіліп келіп жатқан “Қазақ аруы” байқауы аясында осы жоспарымды жүзеге асырамын», – деді ол.
Сонымен қатар, ол актриса Меруерт Утекешева тірі кезінде құрметке лайық екенін атап өтті.
«Мен оның киімінің көшірмесін жасап, фильммен коллаборация жасаймын. Немесе музейге тапсырамын. Қаласаңыздар, сонда ілулі тұрсын. Бірақ мен бұл камзолды халыққа кеңінен танытамын, оны идеалға айналдырамын. Бұл – Гульфайрус Исмаилова жасаған сұлулық», – деді продюсер.
Еске сала кетейік, «Қыз Жібек» – 1970 жылы Қазақфильм студиясында түсірілген, қазақ киносының ең танымал туындыларының бірі. Фильм қазақ эпосының желісі бойынша түсіріліп, Жібек пен Төлегеннің махаббат хикаясын баяндайды. Картина ұлттық кино тарихындағы ең маңызды шығармалардың қатарында саналады.