Мөлдір Әуелбекова қазақстандықтарға қолдауы үшін алғысын білдірді
Әнші Мөлдір Әуелбекова KeshYOU тобының мерейтойлық концертіне қатысудан бас тартуына байланысты туындаған талқылаулардан кейін қазақстандықтарға үндеу жолдады, деп хабарлайды Ait Media.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында өз концертінен "Шіркін-ай" әнін орындауынан видео жариялап, оқырмандарына эмоционалды жазба арнады. Әншінің айтуынша, қазақ халқы өнер мен өнер адамын әрдайым жоғары бағалап келеді.
«Бар жақсылығын үнсіз жасайтын халқымның алдында басымды иемін.
Сіздерге ән арнаудан ешқашан жалықпаймын,
Шіркін-ай, шіркін-ай, кең пейіл жұртым ай!
Рақмет саған, ХАЛҚЫМ», – деп жазды Мөлдір Әуелбекова.
Желі қолданушылары әншіге қолдау білдіріп, түрлі жылы пікірлер қалдырған. Көпшілік оны сынға назар аудармай, шығармашылығын жалғастыруға шақырды.
Еске салайық, бұған дейін Мөлдір Әуелбекова KeshYOU тобының мерейтойлық концертіне қатыспайтынын мәлімдеген еді. Әнші бұл шешімін шығармашылық жолындағы маңызды кезеңнің аяқталуымен байланыстырған. Осыдан кейін топ продюсері Баян Алагөзова әншінің шешімін сынап, топтың 20 жылдығына арналған деректі фильмде де бұл мәселені қозғаған еді.
Кейін әлеуметтік желіде концерттен кейінгі кештен видео тарады. Онда Баян Алагөзоваға «Моля, не нервируй меня!» деген жазуы бар көйлек сыйланғаны көрінеді. Бұл видео желіде қызу талқыланып, кейбір қолданушылар оны әншіге қатысты буллинг деп бағалады.