Батырхан Шүкенов бүгін 64 жасқа толар еді — әншінің жүректен шыққан 5 ойы
Батырхан Шүкенов 1962 жылы 18 мамырда Қызылорда қаласында дүниеге келген танымал әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері. Биыл аман болса, 64 жасқа толар еді.
Бүгін, 28 сәуірде оның 52 жасындағы мезгілсіз қазасына 11 жыл толды. Ол тек ерекше дауыс иесі ғана емес, терең ойлы, өмірді ерекше сезіне білетін адам еді. Оның сұхбаттарында айтылған сөздерінен біз оның ішкі әлемін, құндылықтарын және өмірлік философиясын анық көре аламыз. Осы материалда Ait Media әншінің әр жылдардағы сұхбаттарынан алынған ең әсерлі ойлары мен өмірлік ұстанымдарын жинақтады.
Махаббат пен бақыт туралы
Батырхан үшін махаббат — жай ғана сезім емес, адамның ішкі дүниесін өзгертетін күш. Ол бұл туралы әрдайым терең әрі шынайы ойларымен бөлісетін.
«Бақыт — бұл кейде келетін күй. Жаныңмен үндес адамдарды тапқанда, немесе әннің ішіне ең маңызды сырды сыйғыза алғанда, сол әнді бір жылдан, үш жылдан, он жылдан кейін тыңдап, өзің риза болсаң — міне, дәл сол кезде ішіңді қуаныш кернейді, сол кезде бұл — шынайы бақыт».
Оның айтуынша, бақыт үлкен жетістіктерде емес, дәл осындай қарапайым, бірақ маңызды сәттерде жасырынып жатыр.
Отбасы туралы
Әнші өмірінде отбасы ерекше орын алған. Әсіресе, әке рөлі ол үшін үлкен жауапкершілік пен мақтаныш болған.
«Мен үшін ең бастысы — ұлыма жақсы әке және сенімді дос болу, менің әкем маған қандай болса, мен де сондай болғым келеді».
Ол материалдық дүниеден гөрі, рухани жақындықты жоғары қойғанын да жиі айтатын.
«Мен сыйлық ретінде ең алдымен жақындарымның махаббаты мен қамқорлығын алуды жөн көремін».

Өмірлік қағидалар
Батырхан адамдарға деген қарым-қатынаста қарапайымдылық пен шынайылықты бағалаған. Оның өмірлік ұстанымдары көп адамға үлгі бола алады.
«Өзіңе жағымды, рухани әлеміңе жақын адамдармен араласу керек».
Сонымен қатар, ол өткен жолын, өзіне әсер еткен адамдарды ешқашан ұмытпау керектігін айтқан.
«Өмір жолында мен кездескен барлық адамдарды, олардың сөздерін, істерін және кеңестерін есте сақтауға тырысамын, өйткені олардың бәрі менің музыкант әрі адам болып қалыптасуыма әсер етті».
Ал кешірім туралы ойы — оның ішкі мәдениетінің көрінісі.
«Кешірім сұрай білудің де, кешіре білудің де маңызы зор. Сонда ғана адам жеңіл көңілмен алға жүре алады».
Музыка мен өнер туралы
Музыка оның өмірінің ажырамас бөлігі болды. Ол үшін ең маңыздысы — шынайылық.
«Егер ән жақсы болса, ол қай жерде болса да өз тыңдарманын табады. Мен үшін ең маңыздысы — әннің өзі, оның мазмұны».
Сахна мен көрермен туралы да ерекше айтқан.
«Мен сахнаға әр шыққан сайын, мен үшін ең бастысы — көрермен. Концерт — бұл ерекше атмосфера, ерекше күй».
Ал оның өнер мен өмірге қатысты ең терең ойларының бірі:
«Өнер — мақсат емес, жол», — деген бір дана адам. Мен үшін өмір де — дәл сондай жол. Мен өмірде жүріп, шығармашылықпен айналысатын жолаушымын. Ал бақыт, менің түсінігімде, — үлкен рухани еңбек».

Қазақстан және қоғам туралы
Әнші туған жерге деген махаббатты ерекше әрі терең сезінген.
«Отанға деген махаббат — өте жеке сезім. Мен оны кештеу түсіндім: бір жолы пойызбен келе жатып, кенеттен осы сезім мені қатты толқытты».
Батырхан Шүкенов тек өнер адамы ғана емес, елдегі мәдениет саласының дамуына алаңдаған тұлға болды. Ол сұхбаттарында бұл тақырыпты жиі көтеріп, нақты мәселелерді ашық айтқан.
«Мен Қазақстанның он шақты қаласын аралаған гастрольдік турда болдым. Бірақ толыққанды концерт өткізуге жағдай бар қала ретінде тек Алматы, Астана және Қарағандыны ғана атай аламын. Басқа жерлерде концерт залының өзінен бастап, әртістер үшін бәрі бір сынақ сияқты».
Оның айтуынша, мәдениет саласындағы мәселелерді талқылайтын орта да жеткіліксіз.
«Билікте мәдениет мәселелерін нақты әрі терең талқылай алатын адамдар жоқ. Қазақстандық әртістер шетелде елдің туын көтеріп өнер көрсетіп жатқанда, оларды шетелдік телеарналар көрсетіп жатады. Ал сол уақытта Қазақстанда бірінші арнадан басқа сериалдар көрсетіледі. Мұндай жағдайда патриоттық сезімді қалыптастыру қиын».
Әнші отандық музыкалық индустрияға қолдау жетіспейтінін де ашық айтқан.
«Мемлекет күнбағыс майын өндірушілерді қорғайды, ал фонограмма жасаушыларды неге қорғамайды? Неліктен танымал музыкаға мемлекеттік қолдау жоқ? Бұл да — өндірістің бір түрі емес пе?»
Өмірге көзқарас
Батырхан өмірге саналы әрі жеңіл көзқараспен қараған.
«Мен қазіргі өмірде болып жатқан жағымды нәрселерге көбірек назар аударуға тырысамын».
Ашықтық туралы ойы да ерекше:
«Ашық болу — бұл белгілі бір деңгейде осалдық. Сен соққы да алуың мүмкін. Бірақ бұл бәрібір өз-өзіңе тұйықталып, тек өзіңе ғана байланып қалғаннан әлдеқайда жақсы».
Батырхан Шүкенов — тек талантты әнші емес, терең ойлы тұлға болды. Оның сөздері мен әндері әлі күнге дейін адамдарға шабыт беріп келеді. Уақыт өтсе де, оның дауысы да, ойлары да халық жадында мәңгі сақталады.
Тақырыпқа қатысты:
Ресейлік әнші Леонид Агутин Батырхан Шүкеновтың зиратына барды