Ресейлік әнші Леонид Агутин Батырхан Шүкеновтың зиратына барды
Ресейлік танымал әнші, композитор Леонид Агутин Астанаға жасаған сапары барысында қазақтың біртуар өнер иесі Батырхан Шүкеновтің зиратына барып, оның рухына тағзым етті, деп хабарлайды Ait Media.
Астанада ән кешін өткізген өнер иесі бұл сәттен суреттер жариялап, Instagram парақшасында жазба қалдырды.
«Сәлем, менің қымбат досым! Қазір сен қатты жетпей тұрсың… Сенің даналығың, мейірімділігің және ерекше музыкалығың жетіспейді! Бұл гүлдердің барлығы – кеше Астанада өткен концерттен кейін көрермендерден және бізден саған! Рақмет саған! Сені жақсы көреміз және әрдайым естен шығармаймыз!» – деп жазды ол.
Желі қолданушылары да бұл жазбаға бейжай қарамай, жылы пікірлерін білдірді. Көпшілік Агутиның Батырхан Шүкеновке деген адалдығы мен достығын ерекше атап өтті.
Пікірлердің бірінде: «Леонид жыл сайын Батырханға арнайы келіп тұрады. Мың сөздің орнына осының өзі жеткілікті», – делінген. Тағы бір қолданушы: «Күні бойы жаңбыр жауып тұр…», – деп әсерін жеткізсе, енді бірі: «Батырхан әрдайым біздің жүрегімізде, оның әндері бізбен бірге», – деп жазған.