Ақтөбелік оқушылар LEGO-дан Димаш Құдайбергеннің портретін құрастырды
Ақтөбеде оқушылар танымал әнші Димаш Құдайбергеннің портретін LEGO бөлшектерінен құрастырып, көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды Ait Media. Ерекше туындыны №82 жалпы білім беретін орта мектебінің оқушылары Бейбарыс Амангелдіұлы мен Жасмин Жұмагелдіқызы жасаған.
Ақтөбе облысының әкімдігінің ақпаратына сәйкес, жас өнертапқыштар шығармашылық жобаға бір апта уақыт жұмсап, шамамен 3000 LEGO бөлшегін пайдаланған. «Димаш Құдайберген» атты жұмыс Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ақтөбедегі Өнер орталығында өткен «Балалық шақ – бақыт мекені» мерекелік іс-шарасында таныстырылды.
Көрме барысында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров оқушылардың туындысымен танысып, олардың шығармашылығы мен табандылығына жоғары баға берді.



Жасөспірімдердің еңбегі көрермендер тарапынан да ерекше қызығушылық тудырды.
Айта кетейік, Димаш Құдайберген өзінің жаңа ауқымды концерттік турының басталатынын мәлімдеген еді. Әлемдік тур 2026 жылдың қазан айында Еуропада басталып, кейін Латын Америкасы елдерінде жалғасады.