Үндістандық модель Ааюши Дхолакия Маңғыстау табиғатына тәнті болды
Үндістандық модель, блогер әрі Miss Teen International 2019 жеңімпазы Ааюши Дхолакия Маңғыстау облысының бірқатар көрікті жерлерін аралап, табиғаттан алған әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Ait Media.
Атап айтқанда, Қарақия ойысы, Қызылкүп шатқалы (Тирамису), Бозжыра шатқалы және мұнай өндіру аймақтарында болды. Сонымен қатар, ол Шерқала тауына көтеріліп, өңірдің туристік әлеуетін насихаттауға арналған бейнеролик түсіріліміне қатысты.
Түсірілімнің басты мақсаты – Маңғыстаудың бірегей табиғи нысандарын халықаралық аудиторияға таныстыру. Жоба аясында түсірілген бейнематериалдар алдағы уақытта Air Astana әуе компаниясының Үндістан мен Қазақстан арасындағы рейстерінде көрсетіледі.
Экспедицияны жергілікті Caspian Holiday джип-тур компаниясы ұйымдастырған.
Сапардан алған әсерімен бөліскен Ааюши Дхолакия Маңғыстаудың табиғаты ерекше әсер қалдырғанын атап өтті:
— Біз джип-турмен саяхаттадық. Маған барлық жерлерді көрсетіп, толық ақпарат берді. Қарақия ойысынан бастап Бозжыраға дейін бардық. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қазақстан маған қатты ұнады, – деді ол.
Ал джип-тур компаниясының директоры Ерболат Мұқашев блогердің өңір табиғатына таң қалғанын айтты:
— Ол өзін басқа әлемде жүргендей сезінгенін жеткізді. Сондай-ақ Айрақты мен Сенек туралы да айтып бердік. Қонағымыз бұл жақтағы теңізді де ерекше әлемге теңеді және қайта келгісі келетінін айтты, – деді ол.
Сонымен қатар, Ааюши Дхолакия өз Instagram парақшасында қазақтың ұлттық бұйымы — шекелікпен көшеде кофе ішіп, қыдырып жүрген бейнемен бөлісті.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы шетелдік туристер үшін тартымды бағыттардың біріне айналып келеді. Өңірдің ерекше ландшафттары, киелі орындары мен мәдениеті әлемнің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшылардың қызығушылығын арттыруда.