Тәуекел Мүсілім балалар үшін әке қолдауының қаншалықты маңызды екенін айтты
Тәуекел Мүсілім Zamandas подкастына қонақ болып, өзінің өмір жолы, балалық шағы және актерлік мансабы туралы кеңінен әңгімеледі. Бағдарлама барысында ол жеке өміріне қатысты сирек айтылатын естеліктерімен бөлісіп, әке мен бала арасындағы байланыстың маңызын ерекше атап өтті.
Актердің айтуынша, өмірінде әкелік қолдаудың жетіспеген сәттері оның көзқарасын қалыптастыруға әсер еткен.
Сұхбат кезінде ол былай деді:
«Әкемнің қасымда болып, қолдау көрсеткенін қалаған сәттер болды. Оны трагедия деп айтпаймын, бірақ бұл жағдай маған әкенің рөлінің қаншалықты маңызды екенін түсіндірді. Балалар үшін әке керек екенін ұқтым. Сондықтан әкесіз өсіп жатқан балаларды көргенде, жүрегіме тиеді. Неге деп жиі ойланамын. Жалпы, әкесі отбасынан кеткен балаларды көргенде өте қиын».
Тәуекел Мүсілімнің айтуынша, бұл тәжірибе оның отбасылық құндылықтарға деген көзқарасын тереңдеткен. Бүгінде ол үш баланың әкесі ретінде балаларға толыққанды қолдау көрсетуге ерекше мән береді.
Актердің шығармашылық жолы телекоммуникация саласындағы жұмыстан басталып, кейін әпкесі Бахыттың қолдауымен модельдік индустрияға ұласқан. Қазіргі таңда ол қазақстандық киноиндустриядағы танымал тұлғалардың бірі.