USD 0.67
447.94
EUR 1.51
502.32
RUB 0.04
5.52
CNY 0.08
67.12
Калькулятор оценки благосостояния / Әл-ауқат деңгейін есептейтін калькулятор

«Сөмке жыртылған, ішінде құжаттар мен әшекейлер болған»: жолаушы FlyArystan рейсінде заттарының жоғалғанын айтты

«Сөмке жыртылған, ішінде құжаттар мен әшекейлер болған»: жолаушы FlyArystan рейсінде заттарының жоғалғанын айтты
Фото: probilet.kz

Әлеуметтік желіде FlyArystan әуе компаниясының FS-7307 рейсінде жолаушының жеке заттары жоғалғаны туралы жазба жарияланды, деп хабарлайды Ait Media.

Жолаушының айтуынша, оқиға 2026 жылғы 7 мамырда болған. Рейс таңғы 04:45-те ұшып шыққан. Оның сөзінше, ұшақ салонында қолжүгін қоятын орын болмағандықтан, бортсерік пакетін артқы жаққа — 5B орны маңындағы еденге қойған. Ал жолаушының өзі 4C орнында отырған.

«Қонғаннан кейін пакет жыртылғанын байқадым. Үйге келген соң ішінде құжаттар мен алтын әшекейлер салынған кішкентай қызғылт сөмкенің жоқ екенін анықтадым», — деп жазды жолаушы.

View on Threads

Ол әуе компаниясынан оқиға бойынша тексеру жүргізуді, 5A және 5C орындарында отырған жолаушыларды анықтауды, ұшақ, әуежай, отырғызу аймағы мен келу залындағы бейнежазбаларды тексеруді, сондай-ақ жоғалған заттарды табу бойынша қажетті шаралар қабылдауды сұраған.

FlyArystan компаниясы жолаушының өтініші тіркелгенін хабарлаған.

«Сіздің өтінішіңіз 735132 нөмірімен тіркелді. Жолаушылармен жұмыс бөлімі жауабын электронды поштаңызға жібереді. Кері байланысты күтуіңізді сұраймыз», — деп жауап берген компания өкілі.

Желі қолданушылары бұл жағдайға байланысты түрлі пікірлер білдірді. Бірі «Мұндай бағалы заттарды үнемі өзіңізбен бірге ұстау керек», — деп жазса, тағы бір пікірде «Ұшақ салонында бейнебақылау жоқ. Сондықтан мұндай заттарды табу қиын болады», — делінген. 

Кейбір қолданушылар жолаушыға қолжүгін орындықтың астына қоюға кеңес берген. «Осындай жағдайлардан қорқамын. Сондықтан сөмкемді әрдайым алдыма қоямын», — деп жазды желі қолданушысы. Сондай-ақ пікір қалдырушылардың бірі жоғалған сөмке әуежайдан үйге дейінгі жолда да жоғалып кетуі мүмкін екенін айтқан.

Поделиться