Сирек кадр: Меркі паркінде тауешкілер көзге түсті
Меркі мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде жабайы тауешкілердің ерекше сәті камераға түсіп қалды, деп хабарлайды Ait Media. Видеоны саяхатшы, әрі видеограф Нұртілеу Нысанбай түсірген.
Кадрларда төрт тауешкі тау бөктерінде емін-еркін жайылып жүргені көрінеді. Жануарлар табиғи ортада тобымен қозғалып жүр. Оператор жануарларды үркітіп алмау мақсатында жасырынып, арнайы киіммен бүркелену арқылы бақылау жүргізген. Соның арқасында жабайы жануарлардың табиғи мінез-құлқы бұзылмай, шынайы кадр алынған.
Автор «Тауда тірі қалудың заңы қатал. Бірі қоректенеді, ал бірі көкжиекті күзетеді. Себебі бір сәттік қателік — бүкіл үйір үшін қауіп», — деген жазба қалдырған. Бұл сөздер тауешкілердің табиғаттағы өмір сүру ерекшелігін сипаттайды. Яғни бір бөлігі қорек іздесе, екіншісі айналаны бақылап, қауіп-қатерден сақтануға жауап береді.
Видео әлеуметтік желіде таралып, қолданушылардың жылы пікіріне ие болды. Көпшілік мұндай кадрларды Қазақстан табиғатының ерекше сәті деп бағалап «Қандай ғанибет», «Тамаша көрініс», «Керемет» деген пікірлер қалдырған.
Қазақстанда тауешкілердің (негізінен сібір таутекесі — Capra sibirica) бірнеше популяциясы кездеседі. Олар Тянь-Шань, Жетісу Алатауы, Сауыр және Алтай сияқты ірі тау жүйелерін мекендейтін жабайы жұптұяқты жануарлар. Әдетте 600–4000 метр биіктіктегі тасты, қиын жететін тау беткейлерінде тіршілік етеді.
Қазақстандағы сібір таутекесінің саны шамамен 12–20 мың дарақ деп бағаланады. Олар маусымға қарай биіктік бойынша қоныс аударып, жазда жоғары тауларға көтеріліп, қыста төменірек түседі. Көбею кезеңі көктемде өтеді, көбіне бір, кейде екі лақ туады.