Shakarim University оқытушысы 5 сағат ішінде 102 ән орындап, дүниежүзілік рекордтар кітабына енді
Абай облысында қазақтың дәстүрлі ән өнерін халықаралық деңгейде насихаттауға арналған мәдени шара өтті. Шара барысында Shakarim University «Өнер» кафедрасының оқытушысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, университеттің Құрметті профессоры Қайрат Қабышев Азия мен Африка бойынша дүниежүзілік рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды Ait Media.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі өнер иесі 5 сағат 29 минут бойы 102 дәстүрлі қазақ әнін үздіксіз орындап, ерекше нәтижеге қол жеткізгенін жазды. Ережеге сәйкес әр 25 әннен кейін үзіліс жасау мүмкіндігі қарастырылғанымен, ол бұл мүмкіндікті пайдаланбады. Барлық шығармалар нотасыз, мәтінсіз, фонограммасыз және домбыра сүйемелдеуімен орындалды.
Рекордты халықаралық Global Best of Records (GBR) ұйымы ресми түрде тіркеп, 2026 жылғы басылымға енгізетінін мәлімдеді. Шараға қатысқан мамандар бұл жетістіктің қазақтың дәстүрлі ән өнерін әлемге танытудағы маңызын ерекше атап өтті.



Өз кезегінде Қайрат Қабышев бұл нәтижеге ұлттық әншілік мектеп пен ұстаздар дәстүрі негіз болғанын айтып, мұндай бастамалар жастарды ұлттық өнерге баулуға серпін беретінін жеткізді.
Бұл жетістік қазақтың дәстүрлі музыкасының халықаралық деңгейде мойындалып, ұлттық мәдениеттің беделі артып келе жатқанын көрсетеді.