Семейде түнгі уақыттағы жастардың биі қызу талқыға түсті
Семей қаласында 2026 жылдың 5 сәуірге қараған түні шамамен сағат 02:00-де «Океан» аялдамасы маңында бір топ жас түнгі уақытта қатты ән айтып, билеп, тыныштықты бұзған, деп хабарлайды Ait Media. Бұл туралы жол қауіпсіздігі саласында азаматтардың құқықтарын қорғаумен айналысатын қоғамдық бірлестігі (Семей, ШҚО) парақшасында жарияланды.
Аталған орынның полиция модуліне жақын орналасуы тұрғындар арасында қоғамдық тәртіпті бақылау деңгейіне қатысты сұрақтар туғызған. Сондай-ақ, ел бойынша қауіпсіздік шаралары күшейтілген кезеңде бұл жағдай ерекше назар аудартқан.
Абай облыстық Полиция департаменті бұл дерекке қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, құқық бұзушы анықталған:
Ол — Toyota маркалы көліктің 21 жастағы жүргізушісі. Ол түнгі тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Аталған бапқа сәйкес, 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл қарастырылған.
Полиция өкілдері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстары бақылауда екенін мәлімдеді.
Желіде бұл жағдай қызу пікірталас тудырды. Бір қызығы, көптеген қолданушылар жастарды қолдап, «Жастар ғой, билеп, көңіл көтерсін», «Төбелескеннен гөрі билегені жақсы», «Біз де жас болғанбыз» деген пікірлер қалдырған. Кейбірі тіпті «Терезені жауып, құлаққап киюге болады» деп жазған.
Ал басқа бір топ қолданушы түнгі тыныштықтың сақталуы маңызды екенін атап өтті. Олардың айтуынша, «түнде адамдар демалады, таңертең жұмысқа баратындар бар», «бәрі өз уақытында болуы керек» деген пікірлер де кездеседі.
Осылайша, оқиға қоғамда екі түрлі көзқарас қалыптастырды: бірі — жастардың еркіндігі мен көңіл көтеруін қолдаса, екіншісі — қоғамдық тәртіп пен тыныштықтың сақталуын талап етеді.