Ресей Үкіметінің төрағасы көрсетілген құрмет үшін Тоқаевқа алғыс айтты
Ақордада өткен кездесу барысында Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Ait Media.
Кездесу барысында ол Қазақстан Президентін жалпыұлттық референдумның табысты өтуімен және жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады. Мишустиннің айтуынша, референдум нәтижелері Тоқаевтың мемлекет іргесін нығайтуға, экономиканы дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатын ел азаматтарының қолдайтынын көрсетті.
Сонымен қатар Ресей тарапы Владимир Путиннің ыстық ықыласын жеткізді.
– Орайлы сәтті пайдаланып, Сізге Владимир Владимирович Путиннің ыстық ықыласын жеткізгім келеді. Бірер күн бұрын Президентпен екіжақты қарым-қатынастың күн тәртібін, сондай-ақ биыл мамыр айына жоспарланған сапарына әзірлік жұмыстарын егжей-тегжейлі талқыладық.
Михаил Мишустиннің сөзінше, жақында екі ел басшылары екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібін, сондай-ақ биыл мамыр айына жоспарланған сапарға дайындық мәселелерін жан-жақты талқылаған.
– Үкімет бұл сапардың табысты өтуіне барынша күш салады. Былтыр қараша айында Ресей Федерациясына жасалған сапар барысында қойылған міндеттердің барлығы екі ел үкіметтері тарапынан жүзеге асырылып жатыр, – деді ол.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда жалпы құны шамамен 25 миллиард долларды құрайтын 122 ірі жоба жүзеге асырылған. Ал екіжақты сауда көлемі 30 миллиард долларға жуықтаған.
– Ресей біздің негізгі сауда-экономикалық әрі инвестициялық серіктесіміз саналады. Бұл – жақсы нәтиже, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.