USD 5.43
490.21
EUR 8.27
566.93
RUB 0.21
6.81
CNY 0.93
72.39

Оңтүстік Кореяда тұратын украиналық азамат қазақ тілін үйреніп, желіде танымал болып жатыр

Дизайн без названия (18)
Фото: threads.com/@ansemkazakh

Әлеуметтік желілерде Оңтүстік Кореяда 17 жылдан бері тұратын украин азаматтың қазақ тілін үйреніп жүрген видеосы кең таралып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды, деп хабарлайды Ait Media. Көпшілік оның қазақ тілінде еркін әрі сауатты сөйлейтінін ерекше атап өтуде.

Өзін Андрей деп таныстырған ол:

«Менің атым Андрей. Мен қырық бір жастамын. Мен Кореяда он жеті жылдан бері тұрамын. Әйелім мен бес балам бар. Мен Украинаданмын. Қазір қазақ тілі мен жапон тілін үйреніп жүрмін», – деп өзін таныстырды.

Желі қолданушыларының айтуынша, ерекше танымалдыққа ие болған видео – оның автовокзалға бара жатып, жол бойы қазақ тілінде сөйлеп, тілді тәжірибеде қолданған сәті. Бұл ролик көп қаралым жинап, кең таралған.

View on Threads

Пікір қалдырушылар оның талпынысына тәнті болып, қолдау білдіруде: кейбірі оның қазақ тілін жоғары деңгейде меңгеріп келе жатқанын атап өтсе, енді бірі мұндай үлгіні көпшілікке көрсету керек екенін жазған.

Андрейдің айтуынша, ол тіл үйренуді жақсы көреді. Бұған дейін ол Түркияда түсірілім кезінде бір апта ішінде түрік тілінде сөйлеп кеткенін де айтқан. Кейін Кореяға оралған соң TikTok-та қазақ тіліндегі әуезді әнді естіп, қазақ тіліне қызығушылығы артқан.

Сондай-ақ ол қазақ тілі маманы Владимир Тенмен танысып, қазақ тілінде күнделік жүргізе бастаған. Андрей корей тілінің оқытушысы екенін айтып, тіл үйрену үздіксіз процесс болуы керек деген ұстанымда екенін жеткізеді.

Пікір қалдырушылар да бұл видеоға ерекше ықылас білдіріп, оның қазақ тілін үйренуге деген талпынысын жоғары бағалауда. Желіде көпшілік «жарайсың», «керемет», «тілге деген құрметіңіз үшін рақмет» деп жазып, оның қазақша сөйлеу деңгейіне таңданыс білдірген. Кейбір қолданушылар оның сөз саптауын тіпті ана тілі ретінде сөйлейтін адамдармен салыстырып, мотивация алатынын айтса, енді бірі осындай үлгіні кеңінен көрсетіп, насихаттау керек екенін жеткізген.

Поделиться